Мемқызметшілер күміс жүлдемен оралды

Маусым 14 / 2018

 

Павлодар қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан республикалық турнир мәреге жетті. ОҚО ерлер құрамасы осы сайыста жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

 

Аталмыш жарыс мемлекеттік органдардың құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өткізілген турнирге еліміздің барлық өңірлерінен командалар қатысқан.

– Алғашқы 3 ойында жеңіске жеттік. Жарыстың екінші кезеңінде Ақмола облысының командасын тізе бүктірдік. Ал, жартылай финалда еліміздегі волейбол спорты өте жақсы дамыған Шығыс Қазақстан облысының командасын жеңдік. Бұл финалға тұрарлық ойын болды. Өкінішке қарай, ақтық сында қарсыластарымызға жол бердік, – дейді команда мүшесі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО департаментінің маманы Нартай Шынтаев.

Жүлдегер жерлестерімізді мемлекеттік қызмет органдарының бір топ өкілі теміржол вокзалынан күтіп алды.

– Спортшы қызметкерлеріміз Оңтүстіктің

абыройын аспандатып келді. Команда құрамы өңіріміздегі барлық мемлекеттік органдардың өкілдерінен жасақталды. Осындай үлкен жеңіспен облыс халқын құттықтаймын, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов.

Айта кетейік, ОҚО командасы құрамындағы облыстық көлік инспекциясының басшысы Ербол Сырғабеков, түлкібастық Қайсар Ошай, бәйдібектік Біржан Сапарбеков турнирдің «Үздік ойыншысы» атағымен марапатталды.

Диана АЛТЫНБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ