Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлайды

Маусым 14 / 2018

 

Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларында еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытындағы міндеттерді орындау ғылым мен білім беру және білікті кадр даярлаумен тығыз байланысты екендігін баса көрсетіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «ХХІ ғасырда Қазақстанның дамуы халыққа білім беру ісіне тікелей байланысты болады. Бүкіл дүниежүзінде солай» деуі білім саласына көңіл бөлудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

 

Бүгінгі таңда тарихы тереңге тартқан оқу ордасы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті осы талап биігінен көрінуде. Ең бастысы, 2017-2018 оқу жылы білім ордасы институт дәрежесінен әлемдік деңгейдегі университет дәрежесіне көтерілді. Сонымен қатар, бұл білім ошағында магистратура мен докторантура ашылып, талапкерлер қабылдауға мүмкіндік туды.

Хакім Абай қырық бірінші қара сөзінде «... дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар...» дейді. Сол сөздің дәлеліндей, заманауи білім ұясы, жоғары оқу ордасы – ОҚМПУ қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ даярлап, тәрбиелеуді басты мақсаты ретінде ұстанып отыр. Осы орайда Ахмет Иүгінекидің «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» деген сөзін тілге тиек етсек те жеткілікті.

Иә, бүгінде білімге құштар жастардың саны күн санап артып келеді. Талантты жастардың бұл талабын болашаққа жалғастыруда білікті педагогтар білім беру жүйесін жыл сайын жандандыра түсуде. Білім беру жүйесінің мүмкіндігінше өркендеп, өсуін қамтамасыз етуде. Университеттің білім беру базасы күн санап соңғы технологиялармен жаңартылуда. Оған заманауи үлгідегі білім корпустарын, инновациялық техникалармен жабдықталған кабинеттерді, оқу залдары мен кітапханаларды, спорттық кешендерді қосып айтуға болады. Тіпті, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруына арналған іс-шаралар, үйірме жұмыстары, тәжірибелік орталықтар қаншама?! Мұнда өзіміздің Оңтүстік өңірінің әр түкпірінен келіп жатқан студенттерге де, басқа облыстардан келген білім алушы жастарға да заман талабына сай жатақханадан орын беріледі.

Оқу ордасында студенттердің ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерін жетілдіруі үшін қаншама маңызды іс-шаралар жүзеге асырылады. Осы тұрғыда әлемдегі озық үлгідегі оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыстар орнатылып, тәжірибе алмасу мәселелері дұрыс жолға қойылған.

Профессор-оқытушылар құрамына және студенттерге өз білімдерін ұштау мақсатында шетелдерге (Азия, Еуропа мемлекеттеріне) жүйелі түрде жолдамалар беріліп тұрады. Сондай-ақ, шетелдік профессор-оқытушылардың біздің университетке келіп дәріс оқып, тәжірибе алмасуына да үлкен мүмкіндіктер жасалған.

ОҚМПУ-да заман талабына сай жабдықталған ғылыми-зерттеу орталығындағы зертханалар студенттердің жұмыс жүргізуіне қашан да дайын.

Айталық, бұл зертханаларда жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, география мамандықтарының студенттері үшін ғылыми тәжірибе жасау мүмкіндігі мол.

Ш.Уәлихановтың «Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді» деген қағидасын еске алсақ, ОҚМПУ ұжымы елдің ертеңі, білімді жас педагог мамандар тәрбиелеуде.

Университет басшысы О.Аяшевтың жаңалыққа құштарлығы көптеген табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ол сонау 1937 жылы ашылған оқу орнының уақыт ағымына қарай айырылған төл атауын, жылдардың қатпарында қалып бара жатқан педагогикалық бағытын қайта жаңғыртты. Бүгінде университет дәрежесіне көтерілуіне күш салды. Көптеген ізденістер мен жүйелі басшылықтың арқасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті тәуелсіз елдің педагог кадрларын даярлайтын ірі білім ордаларының біріне айналды.

Осы орайда, жас талаптарға Махмут Қашқари бабамыздың:

«Білім үйрен данадан, жалтаңдама басқаға,

Қызмет қыл басқаға, өрлігіңді таста да» деген аталы сөзін арнағымыз келеді. Оларға осы оқу орнын бітірген түлектердің – білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың республиканың басқару жүйесінде, байтақ еліміздің барлық түкпірінде жеңісті де жемісті қызметтер атқарып келе жатқанын мақтанышпен айтқымыз келеді. Оңтүстік өңірінің танымал университеті халық шаруашылығының барлық салалары бойынша да бәсекеге қабілетті, білікті де білімді мамандар даярлауда.

Жүсіп Баласағұни «Білім – теңіз, түбі де, шегі де жоқ» дейді. Ендеше, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылым мен білім берудің инновациялық орталығы ретінде танылуы – осының дәлелі. Университет жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді жоғары деңгейде енгізуде.

Ал, университет түлектері, жоғарыда айтып өткендей, Қазақстан атты ортақ шаңырағымыздың күн сайын гүлденіп, көркеюіне, одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Клара КАРАЖІГІТОВА,  Гүлнұр ЕЛХАНОВА, ОҚМПУ ұстаздары.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ