Әлем назары – Ресейде!

Маусым 12 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Футболсүйер қауымның түн ұйқыдан қағылатын сәттері де таяу қалды. Осыған дейін біз саралаған 6 топта төрттіктің фавориттері мен аутсайдерлері анық болса, соңғы «G», «H» топтарындағы құрамалардың арасынан кімнің мықты шығатынын дәл айту былай тұрсын, тұспалдаудың өзі қиынға соқпақ. Ендеше...

 

«G» тобы. Бельгия бір сөзін айтуы тиіс!

Футбол мамандары мен жанкүйерлер мундиаль фавориттері ретінде Бразилия, Германия, Испания, Аргентина, Франция секілді құрамаларды қарастырады. Алайда, фаворит деп танылғандардың әрдайым жеңіске жете бермейтінін бізге «ЕУРО-2016» көрсетіп берді. 2016 жылғы Португалия құрамасы сұмдық мықты еді деп ешкім де айта алмайды. Роналдуды айтпасаңыз, ортаңқол, бәлкім ортаңқолдан сәл жоғарылау команда. Бірақ, «қарт құрлық» біріншілігінде солар топ жарды. Бұл төрттікте дәл сондай еленбеген 2 фаворит бар. Оның бірі саксофонның отанынан келген Бельгия құрамасы болса, екіншісі – футболдың шыққан жері саналатын Англия елінің аяқдопшылары.

Бельгияның бапкері Роберто Мартинестің мундиальге апаратын футболшы іздеп бас қатырмағаны ақиқат. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бельгия билігі арнайы шешім қабылдап, елдегі футболды дамытуға миллиардтаған қаржы бөлді. Соның арқасында Бельгия футболында әлем танитын бірнеше жұлдыз ойыншы пайда болды. Сол ойыншылардың шоғыры бүгінде Бельгия намысын қорғап жүр. Бапкер қақпа кілтін «Челсидің» голкипері Куртуаға сеніп тапсырған. Сондай-ақ, Мартинес тізімнен мансабын «көк қағазға» алмастырып, Қытай чемпионатына қоныс аударған Карраскоға орын тауып беріпті. Есесіне «Романың» жартылай қорғаушысы Наингголлан бұл ӘЧ-ны үйінде жатып тамашалайтын болыпты. Азар, Де Брюйне, Витцель үштігі шабуыл шебіндегі Лукакуді осы чемпионатта жарқыратып көрсетсек дейді. 2014 жылы бельгиялық ұжым ширек финалға жетіп сүрінген. Биыл одан да жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар. Ол үшін топтық турнирде ұпайдан шашау шығармай, бірінші орын алу керек.

Англия құрамасы Бельгия сияқты жұлдызды ойыншылардың көптігімен мақтана алмайды. Алайда, бірқатар тәжірибелі футболшылардан құралған құрама ағылшын жанкүйерлерінің Ресей жерінде ұзақ жүруі үшін барын салмақ. Британдық команданың ең әлсіз тұсы – қақпашылары. Англиялық қақпашылар, әсіресе, ӘЧ кезінде «баланың қателіктерін» көп жасайды. Бапкер бұл жолы қақпа күзетуді 19 жасар Джордан Пикфордқа тапсыратын сыңайлы. Сірә, «баланың қателігін жасаса, үлкендер емес, баланың өзі жасасын» деген болуы керек. Қорғаныс шебіндегілер – өз клубтарында жетекші рөлге ие футболшылар. Ал, жартылай қорғаныс шебі өзге мықты құрамалармен иық тірестіре алмас. Дегенмен, шабуылды түйіндейтін англиялық сұрмергендер – осы чемпионаттағы үздік шабуылшы болуға үміткерлер. Рахим Стерлинг пен Харри Кейн қарсыластардың қақпашысына тыным бермейтін шабуылшылардың қатарында. Соңғысы тіпті осы чемпионаттағы ең жас команда капитаны болмақ.

Бұл топта турнирдің ең басты аутсайдерлері – Панама мен Тунис. Тунис құрамасының ойыншылары негізінен Сауд Арабиясы чемпионатында доп тебеді. Францияның ортаңқол командаларында өнер көрсететін аяқдопшылары да бар. Сол секілді Панама футболшыларының сапынан да аты белгілі футболшыны кезіктіру қиынның қиыны. Мұндай құраммен бұл құрамалар Ресей алаңдарында 270 минуттан артық уақыт өткізеді деу қиын…

 

«H» тобы. Кіші «өлім» тобы

Соңғы квартетте Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония елінің құрамалары топтасқан. Бұл төрт құраманың да деңгейлері бір-бірімен қарайлас. Футболшыларының барлығы дерлік Еуропада ойнайтын Польша құрамасын жеке-дара бөліп, топтың фавориті ретінде қарастыруға болады. Алайда, сол колумбиялықтар да, сенегалдықтар да, жапондар да сенсация жасауға шамалары жететін ұжым болып саналады.

2012 жылы Еуропа чемпионатын өз жерінде қабылдаған Польша футболшыларының жарқырай көрінуіне жағдай жасап алды. Сол біріншілік бағын жаққан аяқдопшылардың бірі Роберт Левандовски – бүкіл поляк халқының осы чемпионаттағы үміт артар ұланы. Айта кетерлік бір жайт, ӘЧ-ға іріктеу кезеңінде Польша біздің ұлттық құрамамен бір топта өнер көрсетті. Астанадағы кездесу көпшілік күтпеген 2:2 есебімен тең аяқталса, Варшавадағы кездесу поляктардың пайдасына шешілді.

Бұл топта бірінші орын үшін талас Польша мен Колумбия арасында өтуі мүмкін. 2014 жылы Бразилиядағы ӘЧ-да жасындай жарқылдаған Хамес Родригес бұл жолы да өз елінің құрамасын алға сүйреуге тас түйін дайын. Сондай-ақ, көпшілік «колумбиялық жолбарыс» деп атайтын Фалькао үшін де бұл мундиаль – жанкүйерлеріне қуаныш сыйлайтын соңғы мүмкіндігі. Себебі, жасы 32-ге келген ардагер футболшыға енді шегінерге жол жоқ. Не бел кетеді, не белбеу кетеді! Екінің бірі.

Африка құрамаларының ішінде ӘЧ-ның жартылай финалына шыққан бірде-бір құрама жоқ. Тек Гана, Камерун, Сенегал құрамалары ширек финалға жетіп жығылған. Осы үштіктің ішінде биылғы доп додасында Сенегал құрамасы ғана бақ сынайды. 2002 жылғы ӘЧ-да сенегалдықтар топтық турнирде Уругвай мен Францияны артқа тастап, 1/8 финалда атақты Ларссон бастаған шведтерді қапы қалдырған. Тек ширек финалдық ойында түріктерге қосымша уақытта ұтылып, сан соғып қалған еді. Садио Манеге сенім артатын құрама кешегі ағалары жасаған ерлікті қайталай ала ма? Өздері «адамның істегенін адам істейді» деп отыр. Бұл ұжымнан Манеден бөлек «Наполидің» тас қамал қорғаушысы Кулибали мен «Вест Хэмде» ойнайтын Куятені ерекше атап өтуге болады.

 

Мұны айтпаса болмайды!

Сонымен, 32 мемлекеттің құрамасы сайдың тасындай іріктелген 736 футболшысын Ресейге алып келді. Олардың 544-і Еуропа клубтарында доп тебеді. Соның ішінде 132-сі – Англия чемпионатында өнер көрсететін аяқдопшылар. Испания чемпионатында доп тебетіндер сан жағынан екінші орында. Ал, жеке клубтардың арасынан «Манчестер Ситиге» жететін команда болмай тұр. Бұл клубтың

14 ойыншысы мундиальға қатыспақ.

Айта кетерлік тағы бір қызықты факті, Швеция құрамасындағы 23 футболшының ешбірі өз елінің чемпионатында ойнамайды. Швеция – мұндай көрсеткішке ие жалғыз құрама.

Бұған дейінгі 20 әлем чемпионатында 2379 гол соғылған екен. Ресейде 2400 голды соққан футболшыны анықтап қалармыз. Мундиальда гол соққан сұрмергендердің арасында неміс Мирослав Клозе көш бастап тұр. Оның еншісінде 16 гол болса, екінші орындағы бразилиялық Роналдо 15 рет қақпаны дәл көздеген. Бір қызығы, Роналдо Германия жерінде өткен 2006 жылғы ӘЧ-да өзінің он бесінші голын соғып, мергендер көшін бастаған болса, Клозе керісінше

2014 жылы Бразилияда өткен ӘЧ-да өзінің он алтыншы голын соққан. Бұл екеуін қуып жетуге мүмкіндігі мол футболшы ретінде еншісінде 10 голы бар тағы бір неміс футболшысы Томас Мюллерді айтуға болады. Келесі 2022 жылы өтетін мундиаль кезінде жасы

33-ке келетін шабуылшының әлі өз көрсеткішін жақсартуға мүмкіндігі мол. Ал, мундиаль тарихында ең жылдам соғылған голдың авторы түрік Хакан Шүкір болып тұр. Ол 2002 жылы Түркия – Оңтүстік Корея ойынының небәрі 11-секундында есеп ашқан екен.

Жоғарыда айтқан 736 футболшының 14-і бұған дейін ӘЧ-ның финалында жеңіске жетіп көрген. Олар 2010, 2014 жылғы мундиальда чемпион болған Испания мен Германия құрамаларының сапында ойнайды. Бұл көрсеткіш бұдан да көп болар еді, егер де 2006 жылғы әлем триумфаторлары Италия Ресейге келгенде... Осыған дейін әлем кубогы жарысына 80 мемлекет қатысып, 8-ақ ел жеңіс тойын тойлаған екен. Сол 8 елдің ішінен жалғыз Италия ғана осы ӘЧ-ға қатыса алмайды. Бұл әлем чемпионаты кезінде төрешілер тұңғыш рет бейнеқайталау жүйесінің қызметіне жүгіне алады. Әлемнің түкпір-түкпірінен үздік деп таңдалып алынған 36 төреші мундиальда төрелік етеді. Назар аударарлық жайт, бұл әлем біріншілігіне мақтаулы британдық төрешілердің бірде-біреуі шақырту алмаған. Мұндай жағдай 1938 жылдан бері болмаған.

Алты құрлықтан үздік шыққан 32 құрама футбол жанкүйерлерінің көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсетіп, чемпионат көрігін қыздырады деп сенеміз. Қазақстандық жанкүйерлер мундиаль ойындарын «QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» арналарынан тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алып отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ