Білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі жасалады

Маусым 12 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Жиын барысында білім, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, экономика салаларындағы мәселелер және оны шешу жолдары талқыланды.

 

«Білім саласындағы өзекті мәселелер және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыбында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков білім саласында орын алған бірқатар сыбайлас жемқорлық деректерін келтіріп, оның алдын алу жолдарын ұсынды.

«Бүгінгі мәжілісте – кемшіліктерді түзеу, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты тоқтату мақсатында саланы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог кадрларын және жұмысшы қызметкерлерін жұмысқа қабылдауда ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ете отырып, онлайн режимінде автоматтандыру конкурсы арқылы тағайындаудың пилоттық жобасын облыста іске асыруды ұсынып отырмыз. Бұл жұмыстар қоғамда орын алатын сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға септігін тигізеді деп санаймыз. Мәселен, ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының мәліметіне сәйкес, 2015–2017 жылдар аралығында және 2018 жылдың қазірге дейінгі кезеңінде сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылық фактілеріне жол бергені үшін 55 білім саласының және сала бойынша мемлекеттік қызметке қатысы бар қызметкерлер тәртіптік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған» деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Білім саласындағы қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз етудегі тағы бір қадам – педагогикалық құрамды іріктеу үрдісін және орта білім беру ұйымдарына директорды тағайындау конкурсын автоматтандыру болып табылады. Аталған жүйені іске қосу арқылы конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді веб-сайт арқылы жолдап қана қоймай, ашық конкурстық іріктеу мүмкіндігіне қол жеткізіледі деп күтілуде.

Осыған дейін педагогикалық қызметке кандидаттар, жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарын аралауға мәжбүр болып келген. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін веб-портал арқылы онлайн-өтінішті жолдап, конкурстық негізде іріктеуден өтіп жұмысқа қабылдауға комиссияға ұсынылады.

Ұ.Сәдібековтің айтуынша, мұндай жүйе Шымкент қаласындағы барлық 129 мектепте орнатылған. Нәтижесінде жаңаша жүйенің арқасында бүгінде Шымкент қаласында 12 бос жұмыс орны анықталған. Қазіргі таңда осыған ұқсас «ЖҰМЫС.СИТСЕН.КЗ» жүйесі облыстың барлық аудан, қалаларының 1029 мектебіне енгізілген.

Аталған 1029 мектептің директорлары мен кадрға жауапты мамандарына логиндер мен парольдер таратылып, осы жүйеге бос жұмыс орындарын жариялауды үйрету мақсатында 20-дан аса семинар-тренинг өткізіліп, оған 1874 жауапты маман қатысқан.

Бүгінгі таңда оны 1880 қолданушы пайдаланып, облыс бойынша 9 ауданның 101 мектебінен 205 бос жұмыс орынға конкурс жарияланған. Ал, Арыс қаласы мен Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Төлеби аудандарының мектептері осы күнге дейін бос орындар туралы мәліметті сайтқа ендіру жұмыстарын жүргізбей келген.

Облыстың барлық аудандарында аталған жүйенің мақсатты жұмыс жасауы үшін қажетті кабинеттер жабдықталмай отыр, сонымен қатар, бұл жүйенің және кабинеттің жұмысын үйлестіру үшін ІТ-мамандар бірліктері бөлінбеген.

Бұл мәселелер бойынша аудан, қала әкімдіктеріне бірнеше рет тапсырмалар берілгеніне қарамастан, ол толық орындалмай отыр.

Ақпараттық жүйелермен толыққанды жұмыс жасау үшін 4 МБ/с төмен емес интернет желісінің жылдамдығы керек.

Облысымызда 1029 мектептің кең жолақты интернет желісіне 727-сі ғана қосылған. Бұл жүйе Шымкент қаласындағы барлық мектепке орнатылған. Нәтижесінде қаладағы білім ұяларында 12, ал, облыс бойынша 205 бос жұмыс орны бар екені анықталған.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары білім саласындағы сыбайластықты тоқтату мақсатында бірқатар ойларын айтты. Мәселен, педагог кадрларды орталықтан тағайындау мәселесін ұсынды. Яғни аудан, қалалардың білім бөлімдері педагог кадрларды тағайындау және іріктеу үшін жергілікті жерлердегі БАҚ, қоғамдық кеңес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен жаңа формада жасақталған тәуелсіз комиссия құрып, оның шешімі мен ұсынысын БАҚ-та ашық жариялау арқылы қоғамдық кеңестің белсенділігін арттыруға болатынын жеткізді.

Одан бөлек, жиында соңғы кездері білім беру ұйымдары басшыларының ісін қарау кезінде жекеменшік медициналық клиникалар арқылы ұзақ мерзімге еңбекке жарамсыз парағына шығу орын алып жататыны да айтылды. Осы ретте жекеменшік медициналық клиникалардың мәселесін ретке келтіру қажеттігі сөз болды.

Сонымен қатар, мектеп директорларының оқу-тәрбие және педагогикалық инновация жұмыстарымен айналысуына толық мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын реттеуді және мектеп ғимараттарын ұстау қызметтерін жаңа формада ұйымдастыру үшін жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық қызметіне беру механизмін қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды.

Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

«Біз білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы дәстүрлі жүйені түбегейлі өзгертіп, жаңашылдыққа бет бұруды бастадық. Ол – заман талабы. Қазіргі таңда, облыс бойынша 7 ауданда 25 мектеп директоры лауазымы қызметіне бос орын болғанымен сайтқа жарияланбай отыр. Олар – Арыс, Қазығұрт, Мақтаарал, Отырар, Сайрам, Төлеби, Түлкібас. Сонымен қатар, 2018 жылдың І тоқсанында облыстық білім басқармасына жеке тұлғалардан 104 арыз-шағым келіп түссе, оның 68-і мектеп басшылығына, 9-ы сыбайластық фактілеріне, 12-сі еңбек қатынасына қатысты болса, қалған 15-і өзгеде мәселелерді құраған. Міне, осы проблемаларды болдырмау – тікелей жергілікті әкімдіктің жұмысы. Білім саласына сандық технологияның жетістіктерін және өзге де жаңа заманғы жүйелерді енгізіп, туындаған мәселелерді түбегейлі шешудің жолын табу керек» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Тақырыпты түйіндеген облыс әкімі Ж.Түймейбаев Ұ.Сәдібековке талдау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге мектеп директорларын ротациялау бойынша ұтымды ұсыныс жасауды және кемшілікке жол берген мамандарға тиісті шаралар көруді жүктеді.

Сонымен қатар, жиында облыс халқын таза ауызсумен қамту мәселесі де талқыланды.

2020 жылға дейін орталықтандырылған ауызсумен қала тұрғындары – 97 пайызға, ауылдық елді мекендер – 62 пайызға қамтылуы керек. Сонда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасында елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу және су бұру жүйелерімен қамтудың нақты көрсеткіштерін толығымен орындаған боламыз. Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев селекторлық жиында мәлімдеді.

Облыс басшысы жалпы өңірде орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екенін айта келе, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Бүгінде облыс халқының 12 пайызы, яғни шамамен 200 мыңға тарта тұрғын орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруміз керек. Бағдарлама талаптарына сәйкес, елді мекендерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, бірінші кезекте жер асты су қорларына геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу керек» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Басқарма басшысы өз сөзінде осы бағытта 2016–2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленетінін жеткізді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы 3 жылда 84 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауызсу саласына 11,0 млрд. теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 20 нысан биыл пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі. Сонымен қатар басқарма басшысы жыл соңына дейін 13 елді мекен ауызсу жүйелерімен қамтылса, 2 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, 2 шағынауданда суағарлар құрылысы аяқталатынын айтты.

Жиында облыс әкімі басқарма басшысына өзге аймақтармен салыстырғанда халықты ауызсумен қамту деңгейі қандай екенін анықтауды және аталған салаға автоматтандыру жүйесін енгізуді тапсырды.

Жиында қаралған соңғы мәселе облыстың 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы болды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитовтің айтуынша, өңірімізде өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 104,3 пайызға артса, облысқа бағытталған инвестиция көлемі 2,1 есеге көбейген. Құрылыс жұмыстарының көлемі 100,3 пайызды еңсерген. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 143,8 пайызға орындалған. Ал, бөлшек сауда көлемі 110,9 пайызға жеткен. Жолаушылар айналымы 109,9 пайызды құрап, байланыс қызметінің көлемі 108,1 пайызға орындалған.

2018 жылдың І тоқсанында жұмыссыздық деңгейі – 5,2 пайызды құраған.

Селекторлық мәжілісті қорытқан облыс әкімі Ж.Түймебаев талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, сала басшыларына одан тиісті нәтиже шығаруды міндеттеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ