Аймақ дамуына жол ашатын қарышты қадам

Маусым 12 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Газетімізде бұған дейін де хабарлағанымыздай, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш және Мақтаарал өңірлерінде жаңа аудандардың құрылуына байланысты аталған аймақтарға арнайы барып, халықты қуанышымен құттықтады. Алдымен Абай ауылында өткен жиында сөз сөйлеген өңір басшысы қазақ халқының талай біртуар перзенттері Келес аймағынан түлеп ұшқанын, Елбасының ауданды қалпына келтіріп, аймақ экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуындағы түпкі мақсаты – осы өңір жастарының елге еңбек сіңірер осындай тұлғалар болып өсуіне жағдай жасау екенін атап өтті.

 

Айта кетейік, ендігі жерде Сарыағаш ауданының құрамында 14 ауылдық округке бөлінген 71 елді мекен болмақ. Ондағы халық саны 191 мың адамды құрайды. Ал, Өзбек-станның 5 ауданымен шекараласатын Келес ауданында 12 ауылдық округте 83 ауыл болады. 135 мың халқы бар ауданның орталығы – Абай ауылы болмақ.

Мұнан кейін облыс әкімінің сапары Мақтаарал ауданы Атакент кентінде жалғасты. «Елбасының Жарлығы – өңірдің өркендеуі» атты салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Президенттің Мақтаарал және Жетісай аудандарын қайта құру жөніндегі Жарлығы – стратегиялық маңызға ие тарихи шешім екеніне тоқталды.

– Көп жылдардан бері іріленген Мақтаарал ауданын қайта бөлу жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылып жүргені жасырын емес еді. Енді, міне, Сіздердің өтініштеріңіз орындалып, асыға күткен күн де келді. Бұл – еліміздегі мақта шаруашылығының орталығы саналатын аймақтың қарыштап дамуына жол ашатын маңызды қадам. Егемендіктің әр жылы елімізбен бірге Мақтааралға да жаңа жеңістер әкелуде. Жаңа құрылымдар, жаңа қатынастар орнауда. Міне, осылай өркендеп келе жатқан үлкен ауданның орнына жаңадан 2 аудан құрылып, Мырзашөл өңірінің дамуы – жаңа деңгейге көтерілмек, – деген өңір басшысы Елбасының айтулы Жарлығын халыққа оқып берді.

– Мырзашөл жері қашан да құтты, қымбат мекендердің бірі. Соңғы кезде қызмет бабымен Мақтааралға жолым жиірек түсіп жүр. Әр келген сайын жаңа істерді, жақсылықтарды көремін, тұрғындарының келешекке ұмтылысын, іскерлігін, еңбекқорлығын көріп іштей сүйсініп, риза болып қайтамын. Мақтаарал ауданы Елбасы назарынан ешқашан тыс қалған емес. Ұлт Көшбасшысы соңғы 21 жыл ішінде мұнда 4 рет келіп, аудан халқымен жүздесті. Сырдария өзеніне салынған үлкен көпір, мемлекеттік мақта зауыты, су тапшылығына байланысты салынған насосты станса мен канал – Елбасының қамқорлығымен салынып, бүгінде халық игілігіне қызмет етіп тұрған нысандар.

Мырзашөл – басынан талай тағдырлы кезеңдерді өткізген өңір екенін айтқан облыс әкімі аудан тарихына тоқталып, бір кездері КСРО Жоғарғы Кеңесінің әділетсіз шешімімен бұл аудандардың Өзбекстан құрамына өтіп кетіп, арада он жыл өткен соң ғана Қазақстанның құрамына қайта қосылғанын еске алды.

– Ғасырлар бойы мүлгіген шөлейтті дала өткен ғасырда осындағы халықтың қажыр-қайраты мен еңбекқорлығының арқасында егін шаруашылығы өрістеген өлкеге айналды. Әр жылдары осы аудандарда 35 адамның Социалистік Еңбек Ері атағын алуы мұндағы халықтың еңбекқорлығының дәлелі болса керек. Алдағы уақытта да сол ізгі дәстүрді жалғастырып, қайта құрылған аудандардың гүлденуі жолында аянбай тер төге беріңіздер, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, жаңадан құрылған Жетісай ауданының жалпы аумағы 104 428 гектар жерді құраса, халқының саны 172 903 адам. Аудандағы 113 елді мекен 13 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы – Жетісай қаласы. Ал, жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының жалпы аумағы 80 970 гектарды құраса, халқының саны 131 781 адам. Аудандағы 69 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілді. Орталығы – Мырзакент кенті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ