Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Бізге жұмыла жұмыс істеу парыз

Маусым 12 / 2018

 

Әулиелер мекені аталған Оңтүстік Қазақстан облысы – кешегісі тылсым тарихтан сыр шертетін, бүгінгісі сұлулық пен ерен еңбектің үлгісіндей болған ғажап мекен! Ауа райы да, адамдары да жылы шырай сыйлап тұратын айшықты аймақтың халқын, әсіресе, соңғы күндердегі жаңалықтар шат-шадыман етті.

 

1932 жылы 10 наурызда құрылған Оңтүстік Қазақстан облысы талай өзгерісті бастан кешті. Өзінің 86 жылдық тарихында құрамындағы аудандары бірнеше рет қосылып, бөлінді. Ал, күні кеше күнгей халқы сұлулығына жылылығы шырай қосқан Шымкент қаласының республикалық деңгейдегі ерекше мәртебеге ие болғанына, үшінші мегаполис қала атанғанына куә болды. Бұл – болашақ үшін, жастардың кемелді келешегі үшін жасалған игі қадам.

Өңіріміз үшін тағы бір жаңалық, облыстың Өзбекстанмен шекаралас екі ауданы төрт аудан болып қайта құрылды. Шалғайда орналасқан, халқы еңбекқор мақтааралдықтардың керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеді. Аудандағы үш жүз мыңнан аса халық бұл шешімге дән риза! Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІІ шақырылымының, облыстық мәслихаттың 5 және 6 шақырылымының депутаты етіп сайлаған өңірдің сенімді өкілі ретінде Елбасыға жұртшылықтың ыстық ықыласы мен ризашылығын жеткізгім келеді. «Ақ алтын» мақтасымен, дәмі тіл үйірер қауын-қарбызымен мақтанар Мырзашөлдің мырза жүректі, кең пейілді жомарт халқы қашанда Елбасымен бірге.

Демографиялық өсімі жоғары, халқы тығыз орналасқан бұл аудандардың түрлі саладағы мәселелері енді оң шешімін табады деп сенемін. Шағын кәсіпкерлікті, мал және егін шаруашылығын дамытып, жұмысты өз деңгейінде жүргізуде ел азаматтары белсенділік танытары сөзсіз.

Елбасының бұл шешімі рухани жаңғыру мен жаңару жолындағы оңтүстік халқына үлкен сенім, жауапкершілік жүктеп отыр. Мақсат – нақты, меже – айқын. Жұмыла жұмыс істеу – бізге парыз.

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ОҚО мәслихатының депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ