Экономика 0 пікір 1539 лайк

Тоқсандағы ғалымның айтары бар

Маусым 12 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бізге телефон шалған Қуаныш Керімбеков өзінің тоқсанға тақағанын, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты екенін айта отырып, радиода ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізілетін хабарларға көңілі тола бермейтінін де жасырмады. 50 жылға жуық осы саланың қазанында қайнаған ақсақал ауыл шаруашылығына қатысты айтар ұсыныс-пікірлерім бар еді дейді.

 

1954 жылы Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған Қуаныш ата еңбек жолын Арыстағы Қараспан МТС-інде аға агроном болып бастапты. Одан соң Красноводопад мемлекеттік стансасы «Қараспан» бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері, директоры болған. 1995 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Қ.Керімбеков ауыл шаруашылығы ғылымдары саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Теледидар көріп, газет оқуға көзі жетпейтін қария негізінен радио тыңдайды екен. «Ауыл шаруашылығы саласында экспорттық комиссияда жұмыс істейтін лауазымды тұлғамен болған сұхбатты радиодан тыңдап отырып, көңілім құлазыды. Білмейтін болса жауап бермей-ақ қоймады ма екен дедім, іштей. Қанша тыңдарманды шатастырып отырған соң шыдай алмай өздеріңе хабарласқаным ғой» дейді ақсақал ағынан жарылып.

«Облысымыз мал шаруашылығына бейім өңір. Естуімше, шетелден ет экспортына сұраныс көп. Бірақ, біздегілер асыл тұқымды малды шетелден ұшақпен әкеліп жатады. Оған біраз шығын кететіні айтпаса да белгілі. Шындап кіріссе, өзіміздің жергілікті сиырларды да жақсы семіртуге болады. Елбасымыз мал шаруашылығына, жалпы кәсіпкерлікке даңғыл жол ашып берді. Мүмкіндік көп. Айтайын дегенім, мал шаруашылығымен айналысқысы келген адам алдымен жемшөбін сайлап алуы керек. Яғни, жемшөп өзіңнен шықпай, малмен айналысқанның пайдасы жоқ. Сырттан сатып алған жемшөп қымбатқа түседі де, бұл кәсіп ұзаққа бармайды. Кезінде біз тәлімі жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын еккенбіз. Өнімді жинап алған соң масақ қалатын. Сосын мен жұмысшыларыма мал алып, бағуға кеңес бердім. Жиналған өнімнің орнында қалған шөп-шалам-ақ жұмысшылардың малына азық болды. Отбасыларынан артылған етті өкіметке өткізіп жатты. Бұдан бөлек, жоспардан тыс айдалаға сусыз жерге қарбыз ектірдім. 3 машина сабанға 1 машина қарбызды артып жіберемін. Көлікте қарбыз өзі езіліп сабанмен араласап малға керемет азық болады. Мал сабанның бірін де қалдырмай жейтін. Бұдан бөлек те тәсілдерді енгізіп, малдың салмағын күніне 1,5-2 келіге дейін арттырып отырдық. Қазір кейбір шаруалармен әңгімелесе қалсаң жемшөптің жоқтығын, қымбаттығын айтып жылайды. Сонда ғылым қайда? Осындай тәсілдерді неге енгізбейді? Кәсіпкерлерді қолдау қорлары тек несие алуды ғана айтады. Ал, оны дамыту жолдары, осындай тәсілдерді енгізуді әлдеқашан естен шығарған. Билік пен шаруаның арасында байланыс жоқ» дейді ақсақал. «Оңтүстікте анау айтқан суық жоқ. Мал шаруашылығымен айналыспастан бұрын жем базасын дайындап алу керек. Сосын сауын сиырды 12 ай, бордақы малды

6 ай бағуың керек. Жоспарды осылай есеппен жүргізіп отырғанда ғана шаруа жұмысы дөңгелеп жүре береді» деп әңгімесін жалғай түсті кейіпкеріміз.

Ғалым ауыл шаруашылығы саласында 3 негізгі мәселеден жаңылыспау қажеттігін айтады. Оның бірі жер болса, екіншісі – егіннің түрі, одан соң – түсетін табысың. «Бізде қазір, керісінше, әуелі табысты есептейді. Базарда не өтімді, соған қарай егін егеді. Қазір нарықтық экономика. Өнім бере ме, бермей ме, шаруасы жоқ ешкімнің. Бірде бір ғалымның шаруаларға бағыт-бағдар беріп жатқанын көрмеймін. Бірінші мәселе өнім емес, жер болуы керек. «Жердің құнарлылығын арттыратын мүмкіндік жоқ, минералды тыңайтқыштар берілмейді, жекеден сатып алсақ қымбат» деп шағымданады шаруалардың көпшілігі. Минералды тыңайтқыштар, яғни азот, калий, фосфор жердің құнарлылығын арттырмайды. Жерді құнарлы ететін – ауыспалы танап. Осы жүйеге көшкенде ғана біздің өніміміз мол болады» деп ойын қорытты қария.

Қуаныш ата зейнеткерлікке шыққан соң Германияның ауыл шаруашылығы мамандарымен бірлесіп кәсіпорын ашқан. Жергілікті фермерлерге талай рет ақысыз кеңес берді. Ол кісі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды, мүмкіндікті шаруалардың дұрыс пайдалана алмай отырғанына ренжиді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ