Руханият 0 пікір 1538 лайк

Үш жолдама – үш үміт

Маусым 12 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда дәстүрлі әншілер, күйшілер мен термешілердің «MEN QAZAQPYN» мегажобасының облыстық кезеңі өтті. «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының ұйымдастыруымен қолға алынған телевизиялық жобаға биыл аудан, қалалардан 200-ден аса өнерпаз қатысуға ниет білдіріп, оның 73-і іріктеуден өткен.

 

– Бір кездері дәстүрлі ән мен күй, терме жетімсіреп, шетке ысырылып қалған еді. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласының алтын өзегі – қазақтың төл өнері. Сондықтан кенжелеп қалған төл өнерімізді өрістетуге арналған мегажобаның мән-маңызы зор. Шәкәрім бабамыздың «Сөз – жан, ән – тән» деген тәмсілі бар. Өкінішке қарай, байқау барысында сөзді жұтып қою, қатқыл айту, көмейді қырнап айту, сөзді бұзып айту секілді сөкеттіктер де кездесіп қалып жатты. Сол себепті алдымен сөзді жеткізудің үлгісін үйренуіміз керек. Бүгінгі байқауда оқ бойы оза шыққандардың өздеріне де әлі біраз ізденбесе болмайды, – деді жазушы, қазылар алқасының төрағасы Мархабат Байғұт. Сонымен қатар, күйшілердің ішінде домбыраның құлақ күйін келтірмегендер, термешілердің арасынан мақамнан ауытқығандар, төтеннен қойылған сұрақтардан тосылғандар да болды.

Дүбірлі додада «Нартайдың соңғы термесін» айтқан Руслан Ахымбеков пен Құрманғазының «Байжұмасын» шебер орындаған Шыңғыс Исаев ақтық кезеңге жолдама алды. Ал, дәстүрлі әншілер арасынан Әсеттің «Қысметін» көрермендерге нақышына келтіре отырып жеткізген Оразалы Жаңабаевтың бәсі басқалардан басым түсті. Жеңімпаз жерлестеріміз тамыз айында Астана қаласында өтетін ақтық кезеңде бақ сынайды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ