Руханият 0 пікір 1540 лайк

Жаны таза, ары таза адамның өмірі де көркем

Маусым 12 / 2018

 

Ой-хой, шіркін, өмір-ай!

 

Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,

Кешегі жайсаңдардың өзі жоқ, сөзі қалды.

Ой-хой, шіркін, өмір-ай, тәттісің десек-дағы,

Қолдан күш, аяқтан әл кеткеннен соң,

Бұл өмірдің мен қимайтын несі қалды?..

Әйткенмен бала-шағаң, немере, шөберелер,

Алдыңнан «аталап» атой салып жүгіргенде,

Тәттілігі соншалық кең дүниенің,

Рахатқа бөленіп, сүйсінесің,

Ұрпағыңның өскенін көзіңмен көргеніңе.

 

«Сен алған екенсің ғой»

Ақын Омарбай Малқаров, жазушы Нәсіреддин Сералиев, журналист Өскенбай Әмзеев, басқа да бірнеше қаламгер серуендеп қала сыртына шығады. Машинадан түсіп, бой жазып, оны-мұныларын дастарқанға қоя бастайды.

Омекең көліктен түсе салысымен олай-бұлай адымдай жүріп, шаң жұқпаса да жалтыраған әп-әдемі туфлиін қайта-қайта сүрте береді.

− Омеке, туфлиіңіз тамаша қайықтай екен. Құтты болсын! − дейді Өсекең ақынның жанына жақындай түсіп.

− Күні кеше ғана баздан алдым. Өзі жалғыз екен. Маған сақтап қойыпты. Шетелдікі, – деп Омекең туфлиіне көңіл аударғанына масаттана желпінеді.

Осы кезде Нәсіреддин інісі:

− Менің де аяғымдағы туфли дәл сіздікіндей, − дейді айна-қатесі жоқ егіз қозыдай ұқсас жалтыраған туфлиін көрсетіп.

− Ой, пәтшағар, «екі-ақ туфли» – деп еді. Соның біреуін сен алған екенсің ғой, − дейді ғой Омекең жайбарақат.

***

Жаны таза, ары таза адамның өмірі де көркем.

***

Жастық кезеңің ─ нағыз бақытты кезеңің. Орнымен пайдаланып, қадірлей біл. Қартайған шағыңда өкінбейтін боласың.

***

Басшы әділ болса, қарамағындағылар ұзағырақ жасайды.

***

Қай үйде ынтымақ пен бірлік мықты болса, сол үйде байлық та, несібе де молынан болады.

***

Ақыл айтар ақсақалың болса,

Сөзді бастар шешенің болса,

Қолды бастар батырың болса,

Көшті бастар көсемің болса,

Ол ел ─ бақытты ел, көсегесі көгеріп,

ынтымақ пен бірлікте өмір сүретін ел.

 

Ата дәстүрдің құдіреті

1993 жыл. Күз айы. Өзбекстан жеріндегі қазақтың «Шымған» санаторийінде (Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Бостандық ауданы) демалыстамын. Санаторийдің бас дәрігері Шалқар:

− Байеке, бүгін бізге Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Нәжімеддин Есқалиев деген ағамыз келмекші. «Шымғанды» аралап, таныспақшы. Үлкен кісінің қасында болсаңыз, әңгімелеріңіздің жарасатынына еш күмәнім жоқ. Мені баласынатын шығар, – деп өтінді.

Нәжімеддин Есқалиев бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болған. Сырттай естіп білгенім болмаса, жүзбе-жүз кездескен емеспін.

Ортадан жоғары бойы бар, ақсары, шашы кейінге қайырылған, мейлінше таза әрі ұқыпты киінетін азамат екен. Амандастық. Алақаны жұмсақ, саусақтары қарулы. Жүзі жарқын. Даусы ашық. Маған жүріс-тұрысы, әңгімелесуі, ашықтығы бірден ұнады. Елші, дипломат деген лауазымдағы адамдар шамалағанда осылай болуы керек шығар деген ой түйдім.

Туберкулез ауруын бұрындары емдейтін, қазір бос жатқан санаторийді араладық. Ондағы бауды, түрлі ағаштарды, аурулар демалатын сән-салтанаты жарасқан аулаларды көріп, көңілі толды.

Қазір неге пайдаланусыз жатқанын сұрады. Дәрігер оның себептерін медицина тілімен түсіндіріп береді.

Табиғаттың әсемдігіне, ауаның мейлінше тазалығына, ағын сулардың мөлдірлігіне разы болды.

– Нәке, келгеніме бір аптадан асты. Мына үстімдегі ақ көйлектің жағасын кір шалатын емес. Әлі сол қалпында. Қымызы да керемет. Тамағы да тамаша. Кең тыныстап, терең демаласың, − дедім елшінің таңданысына одан әрі жел бере түсіп.

− Осындай жердегі жәннатты, алтыннан да қымбат асылымызды көзіміз қиып, өзбектерге қалай бергенбіз? – деген сөз елшінің аузынан шыққанда, оның жаны ауырып, көңілі құлазығанын бірден байқадым.

Шалқар қонаққа арнайы ас дайындаған екен. Түскі әлетте дастарқан басына жиналдық. Әңгіме-дүкенді қыздырып отырған шақта буы бұрқырап қазақтың мол асылған еті де келді. Қойдың басын елшінің алдына қойды. Сол сәтте Омекең мен Әдекеңнің сонау Созақтағы оқиғасы еске түсе қалғаны. Нәжімеддин басқа икемделе бастаған кезде:

− Нәке, бұл жерге Сіз де, мен де қонақпын. Әсте қойдың басын дәстүр бойынша жасы үлкеннің алдына қояды, − дедім жай ғана. Ол тосылып қалды. Мен:

− Қай жылғысыз? − деп сұрадым.

− 1941 жылғымын.

− Мен де осы жылы дүниеге келгенмін.

– Айыңыз ше?

− Қыркүйек.

− Мен де – кыркүйек. Күніңіз?

− 6 қыркүйек.

− Мен 1 қыркүйек. Басты менің алдыма қоятын болдыңыз.

− Бұл мүмкін емес. Сіз әдейі айтып отырсыз, – деп ол орнынан тұрды.

Мен оған ақырын ғана куәлігімді ұсындым. Ол әр әрпін мұқият қарады да:

− Иә, солай екен. Сіз жеңдіңіз, − деп отыра кетті.

Бұдан жарты ғасыр бұрын ақын Омарбай Малқаровтың басшысының алдына жасаған айласын осылай қолданып, елшіні де ата дәстүрдің ырқына бағындырған едік.

***

Жақсы болу да, жаман болу да бірінші өзіңе, екінші ортаңа байланысты.

***

Жаныңды алып, қаныңды ішетін, өтірікті судай сапырып, қалтаңды қағып, қаңғыртып жіберетін журналистер де бар. Өмірде не жоқ дейсің, бәрі бар.

***

Жаныңа шәрбат, жүрегіңе махаббат, көңіліңе қуат, өміріңе бақыт сыйлайтын, тәтті сөзімен, көрікті де көркем, әдепті де әдемі мінезімен рахат сезімге бөлейтін журналистер де бар. Осындай ізгі ниетті адамдар көбейе түссе, өмірге құштарлығың арта түседі.

 

Арының тазалығы ажарынан байқалатын

Облыс әкімі Марс Фазылұлы Үркімбаев кенеттен өзіне шақырды.

− Саған үш күн мерзім. Жаңа телеаппаратуралар алатын жеріңді анықта, не алатыныңды орыс тілінде, ағылшын тілінде тізбесін жасап әкел. Жалпы құны 150 мың доллар болсын. Бір цент те аспасын, – деді.

Тосыннан келген байлықтан көз алдым тұманданып:

− Рахмет, Марс Фазылұлы! Телевизияға көрсетіп отырған бұл жақсылығыңызды халқыңыз да, біз де ұмытпаймыз, − дедім де рұқсат сұрап, мекемеге қарай құстай ұштым.

Орынбасарларым Болат Бәйменовті, Жеңіс Баһадүрді, бас инженер Айжігіт Асановты шақырып, болған оқиғаны айттым. Алматыға, Астанаға телефон шалып, телеаппаратуралар сататын фирмаларды іздей бастадық. Сонымен «Панасоник» фирмасымен келісімшартқа тұратын болып, алатын заттарымыздың тізбесін, олардың бағасын алып, күндіз-түні жұмысқа кірістік. Әупірімдеп екі күннен асқанда тізбе де екі тілде, бағаларымен дайын болды. Марcқа тізімді Болат екеуміз алып бардық. Ол ағылшын тіліндегісін мұқият оқып, бас бухгалтерді шақырып, жедел түрде қаржыны аударуды тапсырды. Үшінші күні Мәскеуден қаржыны да, тізбені де алғаны туралы хабар келді.

Ал, төртінші күні облыс активінің жиналысы болып, Марс Үркімбаев Экономика министрі болып ауысты да, Зауытбек Тұрысбеков облыс әкімі болып тағайындалды.

Осылайша Марс Фазылұлы облыс теледидарының өркендеуіне елеулі үлес қосып, тамаша игілікті істің көш бастаушыларының алғашқыларының бірі болған еді. Елін сүйген, жерін сүйген азаматтың осы ерлігі оның арының, жанының тазалығын, өскен жерінің алдында перзенттік парызына адалдығының бір дәлелі болып қалды.

Байдулла Қонысбек, журналист.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ