Ұстаз. Шәкірт. Ізбасар

Маусым 12 / 2018

 

Дәрігер – қастерлі мамандық. Кез келген ауру түрімен күресу одан біліктілікті, асқан жауаптылықты талап етеді. Ажалға араша түсетін ақ желеңді абзал жандардың көбінде уақытпен санаспай, көп түндерін ұйқысыз өткізетіндерін бәріміз де білетіндейміз. Бірақ, «мен сендер үшін шаршап жүрмін» деп міндетсінген дәрігерді ешқайсысымыз білмейміз.

 

Кез келген саланың өз ұстазы болады. Медицинада да солай. Ол студенттерге дәріс береді, біліктілігін жетілдіреді, ғылымға баулиды. Жас буынға қанат бітіріп, тәрбиелейді, тиісті бағдар береді. Қазақстан травматологтары мен ортопедтер қауымдастығының президенті, Қазақ медицина университетінің травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Оразбай Әбдіразақовты дәрігерлердің ұстазы деп айтуға әбден болады.

2015 жылдың көктемінде Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен халықаралық конгресс өтіп, оған профессор Оразбай Әбдіразақов та қатысқан еді. Конгресте бірқатар ғалым-дәрігерлердің жасаған еңбектері талқыланып, ең белсенділері марапатқа ие болды. Олардың қатарында медицина ғылымдарының кандидаты, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» мен «Алтын дәрігер» төсбелгі иегері, хирург-травматолог Тілеулес Тіленұлы Батырхановтың да есімі аталды. Өзі өмірден өтсе де, білікті маман ретінде марқұмның есімі ұлықталды. Ал, «AVE VІTAE» ордені артында қалған ұлы Асқарға салтанатты түрде табыс етілді.

Әрине, әке еңбегінің орынды бағаланып жатқанын есіту Асқар Тілеулесұлына қатты әсер етті. Толқытты. Марапатты алар сәтте Асқардың бойын ерекше қуаныш кернеп, көңілі марқайды. Көзіне кеп қалған жасты сүртіп тұрып «әттең, осы қуанышты әкем көре алмай кетті-ау» деген өкініші санасында қылаң берді. Көңілі алай-дүлей болып тұрған мұның қасына әкесін жақсы танитын дәрігер Икрам Төлеұлы жақын келді:

– Жүрші, мен сені әкеңнің ұстазымен таныстырайын, – деп қолынан жетектеп, ұзын бойлы, жылы жүзді ақсақалға ертіп апарды. Танысқан соң мұны кең құшағына алған медицина саласының «маршалы» атанған Оразбай Әбдіразақов: «Ой айналайын, сенімен жүздесіп, Тілеулесті көргендей болдым ғой» деп риза болғаны әлі жадында. Тағдырының әкесінің ұстазына, сырлас ағасына, қызметтес-замандасына кезіктіргеніне қуанды. Профессор Асқарға Тілеулес Тіленұлының ғылыми еңбектерінен мағлұматтар айтып берді. Өкінішке қарай, ол ғалым ағасымен көп әңгімелесе алмады. Ауыр науқасқа ота жасауға шұғыл шақырту алып, асығыс шығып кетті. Бір минуттық қана кездейсоқ кездесу тым қысқа болса да оның есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Тау мен тау кездеспейді. Ал, адамдар бір-бірімен ұшырасады. Тәңір қолдап, 2018 жылдың 6 сәуірінде белгілі дәрігер Тілеулес Тілен- ұлының туғанына 70 жыл толуына орай Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханасының үлкен конференц-залында жас буын ортопедтерге арналған ғылыми- практикалық конференция ұйымдастырылды. Академик Оразбай Әбдіразақұлының бастамасымен оған өңірдегі барша хирург-травматологтар, Тілеулес Тіленұлының барша қызметтес-замандастары, ағайын-туыстары мен шәкірттері жиналды. Ұлағатты ұстаз конференцияны өзі жүргізіп, хирургия, ортопедия және травматология саласындағы күрделі мәселелерге тоқталып, шәкірті Тілеулес Батырхановтың өмірбаяны мен монографияларын қалың көпшілікке таныстырды. Білікті дәрігер жайлы деректі фильм қойылып, ақындар жырдан шашу шашты.

– Тағдырдың жазуымен Тілеулес маған әріптес, қызметтес, жолдас әрі шәкіртім де болды. Оған екеуміздің құлай сүйген мамандығымыз – травматология және ортопедия себепші еді. Ол ұсынған ғылыми жұмыстар бойынша жарақаттың оперативтік емдеуінде жаңашылдық енгізіліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Оның монографиясы бүгінде де маңызын жойған жоқ, – деп есіне алды ұлағатты ұстаз.

Ең бастысы, осы салада профессор сан мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың қатарында ақ халатты абзал жан, білікті дәрігер-ғалым Тілеулес Батырханов та бар. Үлкен ұстаздың «Тілеулестей шәкіртті, ғалымды, ұлтжанды батырды елге біз насихаттамағанда, кім насихаттайды?!» деп айтқан сөзі ұрпағына қанат бітірді. Әкеден қалған жалғыз тұяғы Асқар Тілеулесұлы «әке» деген ардақты есімге дақ түсірмей, оның жолын лайықты түрде жалғастырып келеді. Біле білгенге мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор, кейінгі ұрпаққа берері мол. Өйткені, дәрігер үшін білімді болу ғана жеткіліксіз. «Алтын дәрігер» жинағында естелік айтқан азаматтардың бірі «Тілеулес алдымен бауырмал жан болатын. Науқасқа жан-тәнімен, ықылас-ниетімен қарайтын» деп тебірене жазыпты. Расында да, солай. Ал, ақ халаттылар ортасында: «Ем-домнан да бұрын, жылы сөзіңмен, жанашыр жүрегіңмен емдейсің» деген жазылмаған қағида бар.

Дәрігерлердің ұстазы Орекең де, бәлкім, мына заманда жетіспей жатқан адамдар арасындағы ыстық ықыласты, жылылықты, мейірім-шапағатты насихаттағысы келген болар. Ал, өмірден өткен шәкіртін еске алу, оның ғылыми еңбегін жастарға насихаттау – біле-білгенге үлкен адамгершілік қасиет. Үлкен жүректі азамат, дәрігерлердің ұстазы болған Оразбай Әбдіразақов жасаған осындай шаралар болашақ дәрігерлер үшін аса қажет дүние. Ғалым- ұстаз ғалым-шәкіртінің еңбегін дәріптеді. Бұл – өнегелі іс. Ата-бабамыз «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған. Ұстаз. Шәкірт. Ізбасар. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы.

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ