Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

«Серпін» бағдарламасымен де оқуға түсуге болады

Маусым 11 / 2018

Естеріңізде болар, осыдан төрт жыл бұрын облыс жастары мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында оқи бастады. Биыл солардың алғашқы легі қолдарына диплом алмақ. Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың бас маманы Раушан Аманованың берген мәліметтеріне сүйенсек, олардың саны 500-ден асады.

«Серпін» бағдарламасына негізінен республикамызда бес облыс қана қатыстырылған. Олар: Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облыстары. Осы аталған өңірлерде бала туу көрсеткіші жылдан-жылға жоғарылап, мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жердегі оқу орындарына түсуі және мамандық алғаннан кейін жұмысқа орналасуы қиындық тудыруда. Бәсеке жоғары. Сондықтан, мемлекет тарапынан мұндай өңірлердегі жастарды жұмыс күші аз аймақтарда оқытуға грант бөлініп, оларды сол жерде қоныстап қалған жағдайда тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер қарастырылды.

Раушан Ғалымжанқызы бұдан бөлек өңіріміздегі индустриалды аймақты дамыту мақсатында аталмыш бағдарлама бойынша талапкерлерді қабылдаушы білім ошақтары мен бірқатар өндіріс орындарының арасында да меморандум түзілгенін атап өтті. Сол себепті ЖОО-ны тәмамдағалы тұрған жастардың жұмыссыз қалмасына сеніміміз мол. Қазіргі таңда осы жоба аясында колледждерге түскен жастардың 300-ге жуығы өздері оқыған білім ошақтарында еңбек етіп жатқанын да айта кетейік.

-- Облыста жыл сайын мектепті 35 мыңға жуық оқушы бітіреді. Олардың барлығы бірдей өңіріміздегі 12 жоғары оқу орнына түсе алмайды. Сондықтан, Үкімет «Серпін» бағдарламасына қатысушы аймақтардың ішіне оңтүстікті енгізді. Енді жастарымыз бұл мүмкіндікті жіберіп алмауы керек, -- дейді Раушан Ғалымжанқызы.

Біздің де айтпағымыз осы. Жалпы аталмыш бағдарламаға оңтүстік жастарының қатысу көрсеткіші жаман емес. Нақты деректер келтірер болсақ, өлкемізде жыл сайын 10 мыңнан астам талапкер «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсуге ниет білдіруде. Былтыр бұл жоба бойынша өтініш қабылдау 23-31 шілде аралығында жүргізілді. Осы жеті-сегіз күнде 7429 талапкер құжат тапсырыпты. Ал, бір күнде 600-ге жуық мектеп түлегі конкурста өз бағын сынап көруге ниет білдіріп отырған. Аталмыш бағдарлама бойынша талапкерлерді Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтау облыстарындағы 23 жоғары оқу орны қабылдаушы болып табылады.

Қазіргі таңда осы білім ошақтарында «Серпін» бағдарламасы бойынша 13 мыңнан астам студент оқуда. Оның 6490-ы оңтүстіктен. Ал, 30 кәсіптік колледжде 3920 студент білім алса, олардың 1097-ін өлкеміздің өрендері құрайды. Осы көрсеткіштерден-ақ аталмыш жоба аясында оқып жатқандардың басым бөлігі оңтүстікқазақстандықтар екенін көруге болады. Сондықтан, отбасы, балалар және жастар істері басқармасы ҚР Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жолдап, онда «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының жастарына 3000 грант бөлуді сұрапты.

-- Бағдарлама бойынша 5 облысқа бөлінетін грант саны небәрі 3700-ді құрайды. Ал, өңірімізде жыл сайын 7 мыңнан астам талапкер «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға құжат тапсырады. Оқу грантының екі мыңы бізге бұйыратын болса, қалған 5 мың талапкер жобадан шет қалып қоюда. Міне, сондықтан, біз осындай ұсыныс білдіруді жөн көрдік.

Сонымен қатар, өңірімізден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударған жанұяларда тәрбиеленіп жатқан жоғары сынып оқушыларын аталмыш жоба аясында оқуға қабылдауға да ұсыныс білдіріп отырмыз. Олар тұрғылықты жерде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға қабылдаушы болып табылатын білім ошақтарына құжаттарын өткізіп, мемлекеттік білім беру конкурсына қатыса алуы керек, -- дейді Раушан Ғалымжанқызы.

Жақында өңірімізге аталмыш бағдарлама бойынша мамандар даярлайтын оқу орындарынан арнайы 32 өкіл келіп, аудан, қалаларда мектеп бітіруші түлектермен кездесулер өткізді. Айта кетейік, талапкерлер мемлекеттік білім беру тапсырысына құжаттарын тапсырған кезде төрт жоғары оқу орнын белгілейді. Солардың қатарына «Серпін» бағдарламасына бойынша жұмыс істейтін оқу орындарын енгізуге болады. Ол университеттер мен колледждердің тізімін, қайда орналасқанын және «Серпін» бағдарламасы туралы толығырақ ақпаратты аталмыш басқарма мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мамандарынан 8 (7252) 30-01-72, 30-01-72 телефон нөмірі арқылы біле аласыздар.

Тағы бір еске сала кетерлігі, «Серпін» бағдарламасы бойынша колледждерге құжат қабылдау тамыз айының 20-ына дейін жүргізілуде. Мамандар колледждерде негізінен техникалық мамандықтар оқытылатынын жеткізді. Бұрындары аталмыш бағдарлама бойынша дәрігерлер де даярланған болса, қазір бұл мамандық тізімнен алынып тасталынған. Ал, ЖОО-ларда көбіне педагогикалық мамандықтар қамтылған.

Дилара БИМЕНОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ