Тату көршіліктің үлгісіне айналған кездесу

Маусым 09 / 2018

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.

 

Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлылық көрсеткенін атап өтті.

– Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады.

– Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы тату көршіліктің үлгісіне айналған екі жақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.

– Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін Сізбен бірге басқаруға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.

Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ