«Биыл мектеп бітіргенімізге... қырық жыл болыпты»

Маусым 09 / 2018

 

«Достар, достар, жүрсің қайда?..»

 

Бұл мақаланы жазуыма күні кеше мектептерде өткен соңғы қоңырау рәсімі түрткі болды. Жыл сайын мамыр айының 25, 26, 27-сі күндері облысымыздағы көптеген білім ұяларында мектеп түлектерінің он, жиырма, отыз, қырық жылдық кездесулері өтіп жатады. Соңғы жылдары өңірдегі барлық білім ұяларында осындай кездесулердің өтуі дәстүрге айналды. Өнер адамы болған соң еліміздің түкпір-түкпірін жиі аралауға тура келеді. Зерттеп көргенімде осы бір үрдіс Оңтүстікте осыдан қырық жылдай уақыт бұрын басталған екен. Ал, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында соңғы он жылда ғана қолға алына бастапты. Еліміздің солтүстік, батыс аймақтарында бұл дәстүрге әл-әзірге мән беріле де қойған жоқ...

Он жыл бойы мектеп партасында бірге отырып, бірге есейген достарыңмен дидарғанибет жүздесіп, сол бір таңғы шықтай тап-таза балалық шақты еске алудың өзі керемет емес пе?! Кезінде ақын ағамыз Қаныбек Сарыбаев: «Қазақ танымында ер адамның үш жұрты болады. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты, қайынжұрты. Бүгінде осыған төртінші жұрт – кластас және курстас достар қосылды» деген еді. Иә, жаны бар сөз. Бәрінен де маңыздысы – өмір-өзен ағысымен әр тарапқа тарыдай шашыраған достардың араға жылдар салып бірін-бірі іздеуі, ынтымақ, бірлікке келуі ғой. Осындай басқосуларда түлектер спорт ойындарынан турнирлер өткізіп, біз секілді әртістерді шақыртып, ауылдастарына тегін концерт қойып береді. Яғни бұл кездесу түлектер үшін ғана емес, тұтас ауыл адамдары үшін де мерекеге айналады деген сөз. Биыл үш бірдей әртісіміздің жиырма жылдық мерекесінде театрымыз тегін концерт қойып, ауылдағы ағайынның ыстық ықыласына бөленді. Кейбір түлектер ұшқан ұясына компьютер, планшет, спорт құрал-саймандарын сыйлап жатады. Шардаралық түлектердің мектеп ауласын қоршап, бәйдібектіктердің көпір салып бергендерін білеміз. Кездесулерде аяулы ұстаздарына төрден орын ұсынып, құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап, мерейін өсіргендерінің өзі не тұрады?! Өмірден өткен сыныптастары мен ұстаздарының, ата-аналарының рухына Құран бағыштаудың сауабын айтсаңызшы...

Биыл біздің де Отырар ауданы «Қоғам» орта мектебін бітіргенімізге қырық жыл болыпты. Жақында Ерсұлтан кластасым хабарласып, кездесуді қалай өткіземіз деген мәселе көтергенде «Жиырма жылдық кездесуге екі сыныптан он шақты адам келмей қалған. Барлығының тізімін жасап, түгел хабарласыңдар. Екі-үш адам қатыспайтын болса, жасамаймыз» деген талап қойдым. Журнал бойынша жасалған тізімге көз салсам қырық жылдан бері көрмеген достарымыз бар екен. Кластасым әрі ағайын болып келетін Күләш тұрмысқа тым ерте шыққан. Оның үстіне үйі ауылдан көшіп кетіп, хабарсыз қалғанбыз. Қырық жыл көрмеген досыма қоңырау шалғанымда толқығанынан көңілі босады.

 

Қыздарымыз кілемші болатын

Күләш туралы сөз болғанда бүгінде ұмытыла бастаған кілем тоқу дәстүрі ойыма оралды. Кластас қыздарымыз шетінен кілемші еді. Каникулға шығысымен кілем тоқу науқанына қызу кірісіп кететін. Бүгінде қолдан тоқыған кілемдер көзден бұл-бұл ұшты ғой. Оны айтасыз, кілемші деген сөздің өзі архаизмге айналды. Желі, арқау, күзеу, шатыс, еркек жіп, ұрғашы жіп, тоқпақ сөздері қолданыстан шығып қалды. Жалпы, кілем тоқу кәсібін өз алдына бір өндіріс десе болғандай. Бірнеше ай бұрын жіптерін бояп, құрал-саймандарын түгендеуден бөлек, оны қай жерге құрудың өзі үлкен мәселе еді. Салынатын ою-өрнектері алдын-ала қағазға түсіріліп, нақтыланатын. Төрт қыз айына бір кілемді тоқып бітіретін. Ауылымызда бір жазда 20-30 кілемге дейін тоқылатын. Мықты кілемші қыздарға ерте бастан құда түсіп, ұзатып әкеткенін көз көрді. Кілемші қыздар жаңа оқу жылына қажетті киім-кешегін, кітап-дәптерін осылайша еңбектеніп табатын. Кілемге шашу шаша келген апа-әжелер оларға тәтті-пәттісін, өрік-мейізін ұсынып, бастарынан кешкен оқиғаларды мысал ете отырып ғибраты мол тағлымды әңгімелер айтатын. Келесі күні бойжеткендер пластинкадан батырлар жырын тыңдаушы еді. Он екі сағат бойы қадалып отырып еңбек ету оңай деймісіз?! Сондықтан радиодан естіген жаңа әндерді жазып алып, шырқап, көңіл сергітетін. Кілемшілерге өзге ауыл-қаладан көмекке келген құдаша, жиен қыздарға қырындаған күндеріміз естен кетпейді. Көрші кластасым Күләштің маған ағайындығы болған соң үйіне еркін кіріп, ол ән айтқанда гитарамен сүйемелдеуші едім. Екеуміздің ән қоржынымызда көптеген ән болатын.

Бүгінде мені халқымыздың ұлттық қолөнері – кілем тоқу кәсібі ғасырлар тасасында ұмытылып қалып қояды ма екен деген қауіп алаңдатады. Кілем тоқу өнері ең алдымен табыс көзі болса, екіншіден, тәрбиелік, тағлымдық мәні зор еді. Апаларымыз кілемші қыздарға әңгіме айта отырып, «қызға қырық үйден тиымды» емеурінмен білдіретін.

 

«Қане, Күләш, «Әлияны» жіберші!»

Бәрі Күләштан шығып жатыр емес пе?! Бұған дейін журналистердің «көрермендерді сахнада ең алғаш рет қашан күлдірдіңіз?» деген сұрағына студенттік жылдардағы бір оқиғаны баяндап беруші едім. Сөйтсем ұмытқан екенмін, көпшілікті алғаш рет Күләш екеуміз мектеп сахнасында күлдірген екенбіз. Бірде класаралық жарыста Сопоттағы халықаралық ән байқауында Роза Рымбаеваны әлемге танытқан композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін бірге орындайтын болдық. Себебі, бұл ән тап сол тұста «хит» болып тұрған. Ауылды жерде гитараның сүйемелдеуімен ән шырқау деген сирек оқиға болған соң ба, көпшілік клубқа тайлы-таяғымен жиналды. Бізді хабарлағанда халықтың тап осылай қол соққанын көрмегендіктен болар, шапалақтан құлағым түк естімей қалды. Гитараның үнін дың еткізгенімде зал сілтідей тынды. Сол кезде Күләшім әнді кілем тоқып отырып шырқағанындай тым төмен екпінмен бастаса бола ма? Көрермендер залынан «даусыңды шығар» деген өтініштер естілді. Сахнаның сыртындағы мұғалімдеріміз де «Күләш, даусыңды шығарсаңшы!» деп жаны қалмай сыбырлап жатыр. Әншіміздің даусы біртіндеп көтеріле бастағанымен, әннің қайырмасына жеткенде пышаққа ілінген лақша қылғынып, қиқылдап тұрды да... өшіп қалғанда көпшілік ду күліп жіберді. Өн бойымнан суық тер бұрқ ете қалды. Әнші қызымыз біршама қиқылдап-шиқылдап тұрып-тұрып, болмаған соң кілт бұрылып, сахнадан шығып кетті! Көрермендер күлкіге қарық болды да қалды. Қара терге малшынып, гитарамды сүйретіп, сахнаның сыртына әзер жеттім. Бір ай бойы дайындалған еңбегіміз желге ұшты! Мұғалімдеріміз бен оқушылар екеумізді ала көзімен атқанда кірерге тесік таппадық.

Музыкалық сауатымыз болмағандықтан, алдымен әнші ре-мажордан айта ма, жоқ әлде ля-мажордан айта ма, даусын тауып, қойып алу қажеттігін, алдын-ала клубтың үлкен сахнасында бірнеше рет орындап көру керектігін қайдан білейік... Апыр-ау, өзге ән құрып қалғандай, орындалуы өте күрделі шығарманы таңдағанымызға не жорық?! Жұрттың көзіне түспеу үшін күн сайын сабаққа ерте келіп алып, сыртқа шығуға беттей алмай, үркектеп отырамыз. Қағынған достарымыз іші пысса «қане, Күләш, «Әлияны» жіберші!» дейді. Бүгінде көрерменді күлдіру үшін қаншама интермедияларда ойнап, ақ тер, көк тер болып жатамыз. Әйтсе де тап сол жолғы Күләш Ертасова мен Уәлибек Әбдірайымовтың «интермедиясына» күлгендегідей ауыл клубын жарып жібере жаздаған күлкіні әлі күнге көрген жоқпын...

Иә, қырық жылдық кездесу қарсаңында осы жәйттердің барлығы еске түсіп, балдәурен балалық шаққа қайта оралғандай болдым. Уақыт-таразы қай нәрсені де өзі екшеп береді екен. Кейбір дәстүр, үрдісіміз бүгінде шаң басып, ұмытылып қалса, заман ағымына сай жаңа үрдістер пайда болуда. Мектеп түлектерінің жиырма, отыз, қырық жылдық кездесулерін жаңа үрдіс деуге болады. Енді осындай кездесулерді тек Оңтүстікте емес, еліміздің барлық өңірінде қолға алып, салт-дәстүрімізге енгізсек деген ұсынысым бар. Ал, Сіз қалай ойлайсыз, замандас?

Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» театрының директоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ