Экономика 0 пікір 1530 лайк

Кентауда да үй бағасы көтерілуде

Маусым 09 / 2018

 

Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты іргесіндегі Кентау қаласының да даму көкжиегі кеңейе бастағандай. Кеше ғана Кентау қалалық мәслихатының сессиясында Түркістан қаласының бірқатар ауылдық округтерін Кентау қалалық әкімдігінің басқару аумағына қабылдап алу жөнінде шешім қабылданған. Осылайша бұрын Түркістан қаласы аумағына қарап келген Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқұдық, Яссы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдары Кентаудың қарамағына өтіп отыр.

 

Дегенмен, «Түркістан облыс орталығы болады» дегелі бірқатар қалталы азаматтар Кентауды да жағалап, жылжымайтын мүліктің саудасын қыздыра бастағандай. Оның үстіне мемлекеттік әкімшілік басқару органдары Түркістанда орналасатындықтан Кентаудан баспана алып қою кім-кімге де артықтық етпейтін қадам болып отырғаны жасырын емес.

Осыдан да болу керек, 4-5 ай бұрын 1,5 миллион теңге тұратын Кентаудағы бір бөлмелі пәтерлер қазір 3,5-4 миллион теңгеге саудаланып жатыр екен. Қара базардың нарқын білмек болып дендей түскендегі тағы бір білгеніміз, 3 бөлмелі үйлердің құны 10 миллионға дейін жеткен. Кентауда орталықтандырылған жылу жүйесі болғанымен, көпқабатты үйлерде ыстық су жоқ. Тек жылыту маусымында ғана қосылуы мүмкін. Соған қарамастан қаладағы пәтерлердің бағасы қымбаттап барады. Жеке сектордағы үйлердің құны қазір 13 миллионға дейін жеткен.

Біршама уақыт бұрын 300-500 мың теңгеге сатылған жер телімдерінің бағасы қазір 2,5 миллионнан басталады дейді кентаулықтар.

«Бұл баға мұнымен тоқтап қалмайтын сияқты. Ертең Түркістанға кәріз жүйесі жүргізіліп, көпқабатты тұрғын үйлер салу жаңдана түскен сайын, Кентаудағы жылжымайтын мүлік бағасы одан сайын қымбаттай береді» дейді жылжымайтын мүлік агенттігіндегілер.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ