«Ер жігіт – елінің ұлы, намысының құлы»

Маусым 09 / 2018

 

Базаргүл ҚАЛБЫР, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Қазығұрттай киелі өңірде «Жігерген» деген шағын ауыл бар. Жазы мен қысы малға жайлы. Кешегі соғыс лаңынан ел-жұрт енді-енді есін жиып, күптігей көңілдері орныға бастағанына он жыл болғанда Құлмырза мен Өтештің қара шаңырағында бесінші сәби дүние есігін ашты. Кішкентай қара домалақ жазда ел қатарлы қозы-лақ бақты, балалармен бірге доп қуып, ләңгі тепті. Сөйтіп жүріп мектепке барды. Мұраттың қатарластарынан ерекшелігі, құймақұлақ әрі өте намысқой болатын. Ата-анасына «Пәленшенің баласы осындай екен» деген сөзді ешқашан есіттірмеді. Тек алғыс алуға тырысты.

Сегізінші сыныпты бітіргенде ауылдық Кеңесте әскери маман болып қызмет ететін ағасы Қайрат «Бәріміз бірдей қағаз шұқылап кетпейік, сен мал маманы бол» деп Сарыағаштағы Қапланбек зоотехникалық ветеринарлық техникумына құжат тапсыртты (әттеген-айы, бұл оқуын бітіргенше ағасы 31 жасында марқұм болды). Осылайша он бес жасар бозбалаға мал дәрігерлік оқу бұйырды. Бірінші курста пәтер жалдап бірге тұрған төрт жігіттің оқуды бітіргенше жұптары жазылмады. Сабақ орыс тілінде өтетіндіктен «Жануарлар анатомиясы» пәні ауылдан келген қарадомалақтарға қиынға соқты. Төртеуі түннің бір уағына дейін сабақты талдап, бірінің білгенін екіншісі толықтырып, қалайда тақырыпты игеруге тырысатын. Есесіне кейіннен Алматыдағы зоотехникалық институтта оқығанында аса қиналмады. Әкесі екі сөзінің бірінде «Шөлдің қамысы болмайды, Жаманның намысы болмайды» деген. Намысыңды жанысаң, ешқашан қор болмайсың» дегенді жиі айтатын. Мұрат Тағаев асқар тауы әкесінің осы айтқанын өмірлік ұстанымы етіп келеді.

 

«Дос табу оңай...»

Еңбегіңді елге танытатын да, жақсы атыңды шығаратын да – адамның ортасы. Шын мәнінде жүрген ортаңда қандай болсаң, өзгелер де солай қабылдайды. «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты» деп бекер айтылмаса керек. Мәкеңнің өмірінде сыйласқан ағалары да, достары да аз емес. Өз бауырындай қамқорлық жасаған ұстаздары – ардагер мал дәрігерлері, қазір зейнеткер Бақберген Әбенов, Мырзахмет Жораев, Қазақстанның құрметті құс өсірушісі, облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Премьер-министрі, Қазақстанның Еңбек Ері Сергей Терещенко. Туысындай болып кеткен сыныптасы, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Әбдіғали Бегманов, студенттік жылдарын бірге өткізген досы, жеке кәсіпкер, қажы Нұрман Қонысбеков, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Келдібек Байтөреев, Ақсу-Жабағылы қорығының директоры Айтбек Меңлібеков, сыныптастары мен курстастары бүгінде сәл уақыт көрмесе іздейтін жандарға айналған. Достармен кездескенде әлі күнге қазіргі сәттің бәрін ұмытып, сол кезеңді еске түсіріп, бір-біріне жас балаша еркелейді. «Дос табу оңай – сақтауы қиын, жауласу оңай – тоқтауы қиын» деп халқымыз бекер айтпаса керек» дейді ол әңгімесін жалғастыра.

 

«Ата-ана балаларын қадағалауы тиіс»

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үйіне келген қонақтарын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуге алып барған. Сонда байқағаны, сол маңда түрлі діни кітаптарды сатушылар, тіпті тегін таратушылар өріп жүр. Қазір ойлап отырса санасын бос кеңістік жайлаған жастарды олар өздерінің қармағына топтап түсірудің әрекетіне ерте бастан кіріскен екен. «Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында нан табудың әрекетінде жүрген ата-аналардың көбі балаларын қараусыз қалдырды. Оның үстіне мешіт имамдары да жат діни ағымдардың тегеурініне төтеп беретіндей ілімді болмады. Соның салдарынан әлі күнге ұлттық құндылықтарымызды ширк, харам деушілер саны кемімей отыр. Жастарымыз адаспауы үшін олардың патриоттық сезімін оятатын батырлар жыры мен қисса-дастандарды көптеп оқытқан жөн. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деді. Осы орайда, былтыр «Оңтүстік Қазақстан» газеті мектеп оқушылары арасында «Қамбар батыр» жырын толық жатқа айтудан байқау ұйымдастырып, үлгі-өнеге көрсетті. Біздің ұжым сол байқаудың өтуіне мүмкіндігінше демеушілік жасады»» дейді Мұрат Тағаев.

 

«Жастарға көп насихаттау керек»

«ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесі қарсаңында жұмыс істеп тұрған кәсіпорын басшылары туралы «Қазақстан лидерлері» деген атпен орыс және ағылшын тілінде тұңғыш кітап жарық көрді. Биыл Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне шығатын екінші томға Тағаев басқаратын кәсіпорынды енгізу туралы облыс әкімдігі ұсыныс жасапты. «Ордабасы құс» ЖШС-де өнім шығару жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда жылына 10 мың тонна күркетауық еті өндірілуде. Құс еті отбасы бюджетіне де көп салмақ түсірмейді. Мәселен, күркетауық етінің бағасы қой етінен екі есе арзан. Ресей бүгінде жұмыртқа мен құс етін үш есе артық өндіріп, бұрынғы он бес одақтас республиканы шаңына көміп кетті. Қазақстан жұмыртқа өндіруден ресейліктермен теңескенімен, құс етін өндіруден кенжелеп келеді.

– Республика бойынша 50 пайыз құс етінің 10 пайызын біздің «Ордабасы құс» өндіруде. Қара мал етін өндіруден 2027 жылға дейін жоспар түзілгеніндей, құс етін дайындаудан да жоспар жасалмақ. Сол кезде 744 мың тонна құс етін өндіруге қол жеткіземіз. Ал, біз 60 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Ресей қазір сырттан құс етін сатып алмайды. Олар өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, экспортқа шығаруды қолға алды. Бізде әлі де болса құс етінің денсаулыққа өте пайдалы екенін халыққа насихаттау жұмысы жетіспей жатыр, – дейді кәсіп- орын басшысы.

Елімізде күркетауық өсіруді өркендетуге мүмкіндік мол. Өйткені, азық жасайтын қор жеткілікті. Әттеген-айы, бұл кәсіпке қызығушылар көп емес. Жастар құс өсіру секілді нәзік те жауапкершілігі мол кәсіпке қызықпайды. Одан да жүрдім-бардым атқарып, олжаға тезірек кенелетін жұмыс болса дейді. Батпан құйрықтың жол үстінде бекер жатпайтынын елегісі келмейді. Кәсіпорын басшысы Мұрат Тағаевты міне, осы жәйттер де толғандырады.

 

Қайырымдылықтың қайыры бар

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дейді. Мұрат Тағаев та туған ауылына жиі барып, қал-қадерінше демеушілік жасап тұрады. Өздері оқыған білім ұясын жаңартуға көмек берді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сонау тоқсаныншы жылдары шаруашылықтар тарап, ауыл шаруашылығы жерлері иесіз қалғанда ауыл қариялары «біздің көк қағазға алған жерімізге иелік етуге шамамыз жоқ. Бос жатқанша, сен пайдалана бер» деп өтініш жасаған. Содан серіктестік құрып, бидай екті. Жыл сайын ауылдастарына тиісті дивидентін беріп тұрды. Өткен жылы алқаптарды өздеріне түгел қайтарып берді. Ең бастысы, жер тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеді. «Ордабасы құс» кәсіпорны үшін орталықтан сатып алған бір гектар жерін «мәдениет үйі мен кітапхана салуға жер керек» деген соң ауыл әкімдігіне сыйлады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Жеңіс Тұрғанов, Әмірхан Шүменов секілді меценаттар бас болып 100 киелі орын тізіміне енген Көктен ата бұлағының басына кесене тұрғызды. Көмек сұрап келгендерді құрқол қайтарған емес. Ауылына ғана емес, Ордабасы ауданына да талай рет демеушілік жасап келеді. М.Әуезов пен Абай атындағы мектептерге қос алыптың бюстін, Н.Нысанбайұлы атындағы және «Теспе» мектептеріне Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталарын орнатып берді. Қайсыбір жылы табиғат апатынан зардап шеккен темірландықтар мен созақтықтарға да қолұшын созды. Түрлі мерекелік іс-шараларға жасаған демеушілігі өз алдына. «Ер жігіт – елінің ұлы, намысының құлы» деген тәмсіл осындай Атымтай Жомарттарға айтылса керек.

 

Немерелер «Қайнарын» сүйеді

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Бесарық стансасында теміржолшы болып еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан, Ұлы Отан соғысының ардагері, көпті көрген қария Шырбан Есенғараевтың қызы ибалы да ұяң Ұлсерікпен техникумда бірге оқыды. Екеуінің арасындағы балаң сезім махаббатқа ұласып, әскери борышын өтеп келген соң шаңырақ көтерді. Бұл күнде екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Бақыткүл өзінің қарамағында қызмет етеді. Ал, Бақтияры әке жолын қуып, кәсіпкерлікті қолға алды. «Александровский сад» ЖШС-ін басқарады. Бүгінде 20 гектарға алма, 2 гектарға жаңғақ еккен. Қазақ-түрік индустриалды аймағынан 3 гектарға жеміс-жидек сақтайтын қойма салынып, түрлі шырындар мен тосап шығарылатын болады. Болашақта бау-бақшаны 200 гектарға жеткізбек ойы бар.

Қаладағы ғасырлық тарихы бар Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейде оқитын немерелері өздері туып-өскен Қайнар ауылына, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын ата-әжелеріне жеткенше асығады. Әрине, атасы мен немерелерінің балдәурен балалық шақтарының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Атасы бүгінгідей биік қоршау-қамалы жоқ кішкентай ауылда өсті. Үйіргелік ауланы мал түспесін деп ағашпен қоршайтын. Ауылда ешкім есігіне құлып салмайтын. Есіктің ағашпен тірелгенін көріп, үй иесінің сыртта екенін білесің. «Пәленшенің үйіне ұры түсіпті» деген әңгіме естілмейтін. Атасының балалық шағы немерелеріне ертегідей әсер етеді. Мұның себебін түсіндіруге тырысқанымен, балақайлардың қоятын сауалы таусылмайды. Кейде атасының жұмысына келіп, күркетауықтарды қызықтайды.

– «Мен не тындырдым, елге қандай еңбек сіңірдім?» деп ойланасың. Жас кезіңде өз балаларыңа айтпаған ақыл-кеңесіңді немерелеріңе айтасың. Ұрпағым білімді, еңбексүйгіш болып өссе екен деген ой ғой. Атасы мен әжесінің тәрбиесін көргендердің иманды, жан-дүниесі таза, достыққа адал болатынын түсіндім. Өйткені, олар өмірден көрген-түйгендерін ұрпағына айтудан шаршамайды. Оны тыңдаған ұрпағы есті болып өсетіні сөзсіз, – деп толғанады пайғамбар жасына жеткен елімізге белгілі құс өсіруші, «Құрмет» орденінің иегері, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, «Ордабасы құс» кәсіпорнының бас директоры, туған жері киелі Қазығұрт пен өскен өңірі қасиетті Ордабасыға аянбай қызмет етіп жүрген Мұрат Тағаев.

Біз де жүрегі ізгілікке толы жанмен «алар асуларыңыз аласармасын, аға!» деп қоштастық.

Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ