Экономика 0 пікір 1525 лайк

Қуаңшылық: қойшыдан маза, қойдан күй кетті

Маусым 09 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Биыл өңіріміздің бірқатар аймақтарында қуаңшылық болады деп күтілуде. Көктен жаңбыр түскенімен, артынша жел тұрып, қара жерді кептіріп жіберіп жатыр. Жайылым тақырланып, шаруадан маза қашқан. Мал ұстаған, тағдырын малмен байланыстырған қазаққа қуаңшылықтан өткен уайым болмайды. Әсіресе, Шардара, Сары-ағаш, Отырар аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларының шөлді аймақтары табиғаттың осындай тосын мінезінен зардап шегіп отыр. Алыстағы ағайынның жанарын мұң кіреукелеген бүгінгі күні біз де салқын кабинетте рахаттанып отыра алмадық. Қолымыздан түк келмесе де «еш болмаса жылы сөзімізді аямайық» деп Арыс төңірегін бетке алып, жолға шықтық...

 

Сатарманда ынсап, аларманда ақша жоқ...

Алғашқы ат басын тіреген жеріміз өңірдің күншығыс аймағындағы Задария ауылы болды. Әр-әр жерде қылтанақ шөпті изей орып бара жатқан жылқылар мен ұсақ мал көрінеді.

3000 гектар жайылымдық жері, 1000 шақты қозылы қойы бар Бексұлтан Әбділмәжіннің қорасына аяңдадық. Біз барған уақытта шаруа өрістегі малды қораға қамап, дәрілеп жатыр екен. Бексұлтанның жас та болса малсақтығы, мал күтіміне ерекше назар аударатыны қимыл-әрекетінен байқалып тұр. Қойшысының жайын, малының күйін білейін деп келген беті екен. Биылғы қуаңшылық бұл шаруашылыққа да оңай тимеген. Жайылымның жайына алаңдаулы Бексұлтанның жоңышқа еккен диқандарға өкпесі қара қазандай. «Мына қуаңшылықтан халықтың қиналып отырғанын біле тұра шөптің құнын бірнеше есеге көтеріп жіберді. Жайылым тақырланса бітті, олар ынсапты ұмытып кетеді. Бір кездері естеріңізде ме, қыстыкүні ақ қар, көк мұзда жолда қалған адамдарға сол маңдағы ауыл тұрғындарының нанды 1000 теңгеден сатқаны бар еді ғой. Сол секілді былтыр 250 теңгеден болған бір орам шөпті биыл екі есе қымбаттатып отыр. Біз алдын-ала төлем жасағанның өзінде бір десте жоңышқаны 430 теңгеден алдық. Қайта, былтырғыдан қалған қорымыз бар еді. Әзірге аз да болса жерде жусан бар. Ертең ол таусылғанда, амал жоқ, малды Көксарай жаққа айдаймыз» дейді ол.

Шаруаның айтуынша, ауылдағы көп малшы мына қуаңшылықта қойын қырып аламыз ба деген үреймен малдарын сатып жіберген. Қазір қой бағасы түсіп кетіпті.

«Қоңқа –ДОҚН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы Кенже Қоңырбаева да биыл жайылымда шөп жоқ екенін айтып қынжылады. Иелігіндегі 1000 қойды аз ғана оты бар Көксарайға айдап жіберіпті. 1300 гек-тарды алып жатқан жайылымдық жері тап-тақыр. «Селдірей шыққан болар-болмас жусан малға азық болмайды. Амал жоқ, отарды Көксарай аумағына жайып отырмыз. Тамызға іліксек, малымызды сол кезде сатсақ дейміз. Қазір қойдың бағасы түсіп кетті. Мысалы, әбден бордақыланған қойдың өзі небәрі 30 мың теңге болып тұр» дейді шаруа.

 

Жемшөп қоры жеткілікті

Міне, біз көрген малшы ауылдың жағдайы осындай. Малшыдан маза, малдан күй кеткен. Жерде от болмаған соң, мал амал жоқ, қолға қарайды.

Шөп сататын орында (пятакта) жоңышқа артылған жалғыз көлік тұр. Бір тай жоңышқаның бағасы – 550 теңге. Екі жылдан бері шөп сатумен айналысып жүрген жігіт бағаны бір тиын да төмендете алмайтынын айтады. Тіпті, келесі жолы бұдан да қымбат бағаға әкелуі мүмкін. Себебі, шабындықта шөп тапшы. Айтуынша, бір көлік жоңышқаның өзіне тәулік бойы жүріп әрең қол жеткізген. Жоңышқаны төрткүлдік шаруалардан сатып алыпты. Ол жаққа негізінен қарабұлақтық шаруалар алдын-ала төлем жасап қойғандықтан шөпті олар да сатпай отыр.

«Жаңбыр – жер ырысы» деген сөз бар ғой. Бірақ, биыл сол ырыс болмай тұр. Жайылым тап-тақыр. Әдетте Сырдария өзенінің бойындағы тоғай от болатын. Биыл бұл жер де қурап тұр. Жайылымда малшылар қаз-қатар қонатын. Қазір оның біразы шөбі шүйгіндеу аумақтарға көшіп, малын сонда жайып отыр. Бірақ, қысқы мал азығына қамсыз емеспіз» дейді Арыс қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ережеп Ақжанов. Былтырғы 199500 тонна жемшөп дайындау қажеттігі туралы жоспар 203 мың тонна болып артығымен орындалған. Қорда соның 50 мың тоннасы тұр. Аймақта 3224 гектар жерге жоңышқа, 900 гектар жерге жаңа жоңышқа егілген. Одан бөлек, Дермене, Ақдала және Қожатоғай ауылдарында қамыс, жантақ өседі. 13400 гектар бидай мен 1767 гектар жерге егілген мақсарының әр гектарынан 5 центнерден сабан алынатынын ескерсек, бұл да едәуір сеп болмақ. Сектор меңгерушісінің айтуынша, биыл жалпы 130 мың тоннаға жуық жемшөп дайындалып, жоспардан шығу көзделуде. Мұндай қуаңшылық өңірде осыдан 10 жыл бұрын да болған екен.

 

50 пайыз мал сатылып кеткен

Сарыағаш ауданына қарасты Бозай ауылы шаруаларының да көңіл-күйі осы төңіректе. Бозай ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы Марат Қошуақовтың өзі округтегі 60 мыңға жуық ұсақ малдың бүгінде 30 мыңдайы ғана қалғанын айтып отыр. Бозайлықтар қысқа сүйреп шығатын малын ғана қолда қалдырып, қалғанын сатқан. От жоқ. Жер айтақыр. Көктен түскен аз ғана жаңбырдан соң артынша тұратын жел нәмді кептіріп жіберген. Келес, Шардара жақта нығыздалып дайындалған бір орам шөптің құны 450-500 теңгеге көтерілді. Көлігі барлар өздері әкеледі, тапсырыс беріп алдырып жатқандар да бар. Қара малдың 70 пайызы сатылып кеткен. Құрғақшылық басталғаннан шаруалар қам жасап, малдарын сата бастапты. Осыны біліп, Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт аудандарынан арнайы келгендер осындағы біраз малды саудалаған. Дегенмен, Марат Асқарұлы малшылардың бұл жағдайға соншалықты қиналып отырғанын байқамаған. Малын сатқандар басқа кәсіп түріне ауысуда. «Сатып алушылар мал бағасын жерге ұрмай базар құнымен алып кетуде. Ол үшін біз делдалдармен сөйлестік. Мал азығын дайындауға көрші аудандармен келісім жүргізіп жатырмыз. Жоспарланған 18 мың тонна шөпті толық дайындаймыз деп айта алмаймын. Ал, жемде проблема болмайды» дейді ол.

Бірақ, бозайлық «Тәжібай ата» шаруа қожалығының төрағасы Сапарбай Біләлов әкімдік тарапынан бірде-бір қолдау болмай отырғанын, осы күнге дейін бір пенденің келіп хабар алмағанын айтады. Жайылымда болса да от жоқ. Қозыларды және кәрі деген қойларды сатып жіберіпті. Төрт аяғын тең ұстап тұрған бірен-саран қой қорада қалған. Шүкіршілігі сол, малға сұраныс мол болған. Тау жақтан келгендер жапа-тармағай таласып алып кетіпті. Шөптің құны шабындықта 450 теңге болғанымен, мұнда келгенше 600-700 теңгеге өсіп кетеді. Ал, шөп сататын орында ол 750 теңгеден болып тұр. Жалға жер алып, малын сонда жайып жатқандар да бар дейді қария бізбен әңгімесінде.

Шардара аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұловтың айтуынша, ауданда қуаңшылық болғанымен, дүрлігіп жатқан ешкім жоқ. Керісінше Мақтаарал, Отырар аудандарынан келіп шөп алып кетіп жатқандар бар. Шардаралық «Гапан» шаруа қожалығының төрағасы Садық Әлжанов: «Жайылымда шөп болмағанымен, бұта басы, сексеуіл малға азық болып тұр. Жинап қойған бір жылдық қорым да бар. Қойды сатпаймын, ол менің бизнесім» дейді.

Түйін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлиакпар Панов өңірімізге жалпы жемшөптің қажеттілігі 3 млн. 280 мың тоннаны құрайтынын айтады. Ал, биыл аудандарға 3 млн. 750 мың тонна мал азығын дайындауға жоспар беріліпті. Есеп енді жүргізіледі. Бүгінде 300 мың тоннаға жуық шөп жиналған. «Кей аудандардағы қуаңшылыққа орай шөп былтырғыдан аз болатыны белгілі» дейді ол.

Кеңседегілер осылайша әліптің артын бағып отыр...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ