Әлем назары – Ресейде!

Маусым 09 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Газетіміздің бүгінгі нөмірінде біз «Е» және «F» тобына тоқталамыз. Бұлардың арасында әлемнің ең мықты қос құрамасы, осы турнирдің ең басты фавориттері – Бразилия мен Германия командалары бар. Бір қызығы, әлем чемпионы атағы жөнінен де осы екі құрама текетіресіп келе жатыр екен. Оңтүстікамерикалық құрама әлем кубогін 5 рет жеңіп алса, немістер жеңіс тойын 4 рет тойлапты.

 

«Е» тобы. Алтыншы кубок адым жерде

Бразилия, Коста-Рика, Швейцария, Сербия – «Е» тобына топтасқан төрттік осылар. «Пентакампеондар» алтыншы кубок үшін ат терлетіп Ресейге жетті. Барлық футбол мамандары мен жанкүйерлер әлем чемпионы атануға лайық құрама ретінде Пеленің отандастарын көреді. Жалпы, бразилиялық команда әр чемпионатта фавориттер қатарынан түскен емес. Тіпті, әлсіз құраммен 2014 жылғы әлем чемпионатында бақ сынаған «селесао» чемпион атануға үміткер командалардың тізімінде болды. Бразилия соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын 18 караттық алтыннан жасалған әлем кубогін жеңіп алды. Содан кейін өткен 3 ӘЧ финалына маңайлай да алған жоқ. Сол жұлдызды құрам Роналдо, Ривалдо, Роберто Карлос, Рональдиньо секілді футболшылардың ерлігін қайталайтын аяқдопшылар Бразилиядан әлі шыққан жоқ. Бірақ, биылғы чемпионатта ел намысын қорғайтын футболшыларға артылар сенім мол. Олардың ойыны жұлдызды ойыншы Неймарға көп байланысты. Оны біз осыдан 4 жыл бұрынғы ӘЧ-ның жартылай финалында аңғарғанбыз. Жарақатына байланысты Неймар алаңға шыға алмай қалып, олар немістерден 7:1 есебімен ойсырай ұтылған еді.

Неймардан бөлек Жезус пен Коутиньо да командасын алға сүйрей алады. Ливерпульдік шабуылшы Фирминоның да жоқ жерден гол салып кететін қасиеті бар. Орталық шепте ойнайтын Каземиро мен Фернандиньо құдды «қарсыластардың шабуылын тоқтату» мамандығын оқып шыққандай. Бразилияға алтыншы кубокті осы құрам сыйлай ала ма? Бұл сауалдың жауабын Тақсыр Уақыт береді.

Бұл топта «селесао» аса қиындық көрмеуі тиіс. Ал, екінші орын үшін тайталас өте тартысты өтпек. Қос еуропалық ұжымнан бөлек коста-рикалық футболшыларды да осал деп ешкім айта алмайды. Төрт жыл бұрын атақты Испания, Италия, Уругвайды артқа тастап ширек финалға дейін жеткен Коста-Рика биыл да сенсация жасап жатса, оған таң қалудың реті жоқ. Футбол тақырыбында Латын Америкасының аты – Латын Америкасы! Ал, Швейцария құрамасының ойыншылары АПЛ, Бундеслига, Ла-лига сынды белді чемпионаттарда доп тебеді. Бірінші кезекте «Сток сити» намысын қорғайтын Жердан Шакириге артылар сенім үлкен. Команда капитаны өз құрамасын осы чемпионатқа алып шығу үшін көп тер төкті. «Арсенал» сапында ойнайтын Джакадан да үміт күтетіндер аз емес. Айтпақшы, ӘЧ тарихында қақпасын ең ұзақ голдан аман ұстаған команда – Швейцария құрамасы. Олар 2006, 2010 жылғы ӘЧ кезінде 558 минут бойы қақпаларына гол жібермеген. Ал, Сербия құрамасының бұл чемпионаттағы басты мақсаты – жас ойыншыларын көбірек ойнатып, реті келсе плей- оффқа жолдама алу болмақ.

 

«F» тобы. Ең бай бапкер

Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лёв ең көп жалақы алатын бапкерлердің тізімінде бірінші орында тұр. 2014 жылы бундестимге көптен күткен алтын кубокті әперген бапкер жылына 3,4 млн. еуро жалақы алады екен. Екінші орынды бразилиялық Тите мен француз Дешам бөлісіп тұр. Төртінші орында испандық Лопотеги болса, бесінші орында ешкім күтпеген ресейлік маман Черчесов тұр.

Ресейлік спорт арнасының комментаторының «Көп ұлттық құрамаларға ойнату үшін футболшы жетіспесе, Германияда футболшыларды ойнату үшін ұлттық құрама жетіспейді» деп айтқаны бар еді. Расында да Германия ұлттық құрамасында доп тебуге мүмкіндігі бар қаншама мықты футболшы бұл мундиальға келе алмайды. Олардың қатарынан

2014 жылы ӘЧ-ның финалында гол соғып, Германияға жеңіс сыйлаған «алтын бала» Марио Гетцені айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, мюнхендік шабуылшы Вагнердің бақытты тізімге ілінбей қалуы да таң қалдырады. Жалпы алғанда Йоахим Лёвтің бас қатырар позициясы жоқ деуге болады. Тек өзінің алғашқы әлем чемпионатына қатысатын шабуылшы Тимо Вернерге күдік басым. Сондай-ақ, ауыр жарақат алған қақпашы Нойер ӘЧ-ге дейін қалпына келе ала ма деген мәселе де күн тәртібінде тұр. Нойер бабына келмеген күннің өзінде «Барселонаның» қақпасын қорғайтын тағы бір мықты қақпашы Марк Андре Тер-Штеген көмекке келмек.

Германия әлем чемпионы атағы жөнінен Бразилияны қуып жетуге мүмкіндігі бар жалғыз құрама. Бұған дейін әлем кубогін немістер 4 рет басынан асыра көтерген. Мұндай нәтижемен Италия құрамасы да мақтана алады. Алайда, Италия құрамасы бұл чемпионатқа қатыспайды. «Скуадра адзурраның» ӘЧ-ге келе алмауына «F» тобындағы тағы бір еуропалық ұжым Швеция құрамасы себепкер. Іріктеу ойындары кезінде Италия Швецияға жол берген еді. «Росомаханың» ӘЧ-ге әкелетін құрамынан атақты Златан Ибрагимовичті таппайсыз. Десек те, бірқатар тәжірибелі футболшылармен жасақталған құрама біраз жерге шабуы тиіс.

Бұл квартетте шведтерге қарқынды қарсылық көрсетеді деп Мексика құрамасын айтуға болады. Ағайынды Дос Сантостарға сенім артатын солтүстікамерикалық құрама әлем чемпионаттарының тұрақты қатысушысы. Бірнеше рет плей-офф сатыларында өнер көрсеткен. Лондондық «Тоттенхэмнің» 25 жасар ойыншысы Сон Хен Ми Оңтүстік Корея елінің құрамасын өрге сүйреп көрмек. Олардың сапынан Сон Хен Мидан бөлек тағы бір англиялық клубта доп тебетін Ки Сон Енді атап өтуге болады.

Өзге аяқдопшылар ортаңқол чемпионаттарда доп тебеді. Оңтүстіккореялықтар өздерінің оныншы, қатарынан тоғызыншы әлем чемпионатына келіп отыр. Ең табысты шақтарының бірі деп 2002 жылы өз елдерінде өткен чемпионатты айтуға болады. Ол мундиальде оңтүстіккореялық ұжым жартылай финалға дейін жетіп, 4-орыннан көрінген еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ