Экономика 0 пікір 1512 лайк

Бензин неге арзандады?

Маусым 07 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

ОҚО-да АИ-92 маркалы бензиннің бағасы арзандады. Мұны «Жанар-жағармай қауымдастығының» төрағасы Қайыпбек Қамбаров Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жаңғыртудан кейінгі өндіріс көлемінің 30 пайызға көбейгенімен және ірі кәсіпкерлердің жинаған мол бензин қорымен байланыстырады.

Жанар-жағармай бағасы еркін нарыққа жіберілген. Оның құнын сұраныс пен ұсыныс айқындайды. Егер нарықта бензин көп болса, баға арзандайды, азайса, керісінше бағасы өседі. Дәл қазір нарықта жанар-жағармай жеткілікті.

Жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы бұрынғысымен салыстырғанда 3-4 теңгеге төмендеді. Қазір 159-160 теңге шамасында саудалануда. Негізінде маусымға байланысты жанар-жағармай бағасы да құбылып тұрады. Әсіресе, көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде бензин-соляркаға деген сұраныс артса, қысқы мезгілде жанар-жағармайға деген қажеттілік 30 пайызға төмендейді.

Қ.Қамбаровтың айтуынша, облыста бір айда 30 мың тонна дизель отыны, 35-40 мың тонна бензин тұтынылады. Бұл нақты сан емес. Сұранысқа және жанармай өндірісіне байланысты тұтыну көлемі де әр кезде әрқалай құбылып отырады. Мәселен, былтыр Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеуден өтті. Басқа зауыттар жанар-жағармайды жеткілікті көлемде өндіріп үлгере алмады. Соның салдарынан нарықта біраз жетіспеушілік туындады.

Қазір жағдай өзгерді. Республикадағы үш мұнай өңдеу зауытының екеуі жаңғыртылып, нарықты жеткілікті көлемде отандық өнімдермен қамтамасыз етуде. «Жанар-жағармай қауымдастығы» төрағасының мәлімдеуінше, «Газпромнефть Казахстан» компаниясы шамамен 7-8 мың тонна бензинді Ресейден тасымалдайды, қалғаны өзіміздің өнім. Бірақ, Ресейде бізге қарағанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы екі еседей қымбат. Орта есеппен ол 220-240 теңге тұрады.

Облыста 575 жанар-жағармай құю бекеті бар. Соның ішінде «Гелиос», «Синоойл», «Газпромнефть», «Қазмұнайгаз», «Сәтті жол» сынды 136 жанар-жағармай бекеті ірі компанияларға тиесілі болса, қалғандары шағын және орта бизнестің үлесінде. Баға еркін нарықта болғандықтан, көлік отынының құны көбінесе ірі компаниялардың жанар-жағармай бекеттеріне қарап айқындалады. Әлбетте, шағын және орта бизнестің бұлармен бәсекелестікке түсуі өте қиын. Өздеріне клиент жинаудың амалы ретінде кәсіпкерлер жанармай бағасын бірнеше теңгеге арзан етіп қояды. Нарық заңдылығы деген осы. Бірақ, Қ.Қамбаров баға қанша жерден еркіндікте болғанымен, жанармай бағасы мен сапасы белгілі бір деңгейде мемлекет тарапынан бақыланып отыратынын айтады.

Облыста алты жүзге жуық жанармай құю бекетімен қоса бензин, дизельді отын пайдаланатын 800-дей мекеме бар. Солардың барлығына жанармай жеткізіп беруші компаниялар болады. Олар – зауытта өндірілген өнімді сатып алып, үстіне өз бағасын қойып қайта сататындар. Яғни ортада жүрген делдалдар. Көп жағдайда бағаның күрт өзгеруіне осылар себепкер болып жатады. Сондықтан «Жанар-жағармай қауымдастығы» сервистік қызмет көрсететін мұндай компаниялардың жұмысы мен ортадағы бағаны реттеу жөнінде жоғары жаққа өз ұсыныстарын жолдаған. Осындайда делдалдардың қандай қажеті бар деген сауал туындауы мүмкін. Қ.Қамбаровтың айтуынша, әлем бойынша тәжірибе осылай қалыптасқан, бұдан басқа жол жоқ. Бір зауыт мыңдаған тұтынушыны өнімдерімен тікелей қамтамасыз ете алмайды ғой. Ол үшін зауытқа қосымша резерв керек. Ал, бұл артық шығынды талап етеді. Сондықтан ортада жүрген делдал компаниялардан бас тарту ақылға қонымсыз. Тек бір ғана жолы бар, ол – бақылауды күшейту.

Жуырда ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Ресейден теміржол арқылы мұнай өнімдерін тасымалдауды 3 айға уақытша тоқтату туралы бұйрық шығарды. Қ.Қамбаровтың пікірінше, мұндай шешім нарықта отандық өнімнің жеткілікті деңгейде болуымен байланысты. Ресей мен Қазақстандағы баға әртүрлі. Ресейде қымбат, ал, бізде арзан. Осы айырмашылықты жою мақсатында мемлекет кәсіпкерлерге дотация төлеп келді. Енді өзімізді өзіміз жанар-жағармаймен қамтамасыз еткен шақта мұның керегі болмай қалды. Бірақ, түбінде екі ел де Еуразиялық экономикалық одақ құрамында болғандықтан, бағаның теңесетіні ақиқат. Екінші жағынан, жанар-жағармай Ресейден кеден салығынсыз арзан бағада тасымалданатын. Сол үшін отандық мұнай өнімдеріне тікелей бәсекелес болды. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудан өткізудегі мақсат – ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқа көбірек дайын өнімді экспорттау еді. Сондықтан да мұнай өңдеу зауыттарына артық бәсекелесті керек етпеу үшін Ресей жанар-жағармайына шектеу қойылды. Мұның бәрі де, әрине, сарапшылардың пікірі.

Қ.Қамбаровтың айтуынша, қазір ең бастысы, отандық мұнай өнімдерінің көп мөлшерде экспортқа кетіп қалуы қауіпті. Өйткені, мұндай жағдай осыдан екі жыл бұрын болған екен. Сол кезде еліміздегі дизель отынының 40 пайызы Қырғызстанға сатылып кетіп, ішкі нарықта солярка тапшылығы орын алған. Контрабандалық жолмен солярка сатқан кәсіпкерлер тек өзінің ғана қамын ойлап байып қалғанымен, қарапайым халық қатты қиналды. Сондықтан да қауымдастық төрағасы осы мәселені жіті назарда ұстау керек дейді.

Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жылына 80-85 млн. тонна мұнай өндіріледі. Соның 13-15 млн. тоннасы өзімізде өңделсе, қалғаны шикізат күйінде шетелдерге экспортталады. Ал, мұнай өнімдеріне деген қажеттілік республикада 17-18 млн. тоннаны құрайды. Демек, бізге әлі 3 млн. тонна отандық өнім жетіспейді. Ішкі қажеттілікті толық қанағаттандыру үшін Қазақстанға 5 млн. тоннадай мұнай өңдейтін тағы бір зауыт салу қажет. Елбасы тапсырмасына орай 2024 жылға қарай елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты бой көтермек. Осынау алға қойылған жоспарлар орындалса, сәт сайын құбылып тұратын жанар-жағармай бағасына алаңдаушылық та сейілері анық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ