Әлем назары – Ресейде!

Маусым 05 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Газетіміздің өткен санында алдағы әлем чемпионаты туралы бірқатар деректер келтіріп, «А» және «В» топтарындағы құрамаларға талдау жасаған едік. Бүгін біз «С» және «D» топтарындағы ұлттық құрамалардың ойыны мен ойыншылар құрамына сараптама жасап көрсек деп отырмыз...

 

«С» тобы. Зидан жүз жылда бір туады

Ойыншылардың құрамын алып қарасақ, үш жолақты елдің командасын «С» тобының ғана емес, тіптен турнирдің фавориті ретінде қарастыруға болады. Франция құрамасы әлем кубогін алғаш және соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын жеңіп алған екен. Финалда олар балалары «былғары доп» құшақтап туатын Бразилия құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Зинедин Зидан сол ойында дубль жасап, еліне алғаш рет алтын кубокті сыйға тартты және әлем чемпионы атанған тұңғыш мұсылман футболшы ретінде тарихта қалды.

Франция жұрты сол чемпиондық құрамды сағынышпен еске алады. Жанкүйерлер ЗиЗудың орнын басатын футболшыны тағатсыздана күтуде. Алайда, құраманың қазіргі ойыншылары арасында жұлдызды футболшылар сол құрамнан артық болмаса кем емес. Қазіргі әлем футболының жарық жұлдыздары Гризманн, Погба, Мбаппе, Канте, Дембеле сынды аяқдоп шеберлері осы чемпионатта француздардың намысын қорғамақ. Тіптен, Дешам бапкердің тізіміне енбей қалған Рабьо, Ляказетт, Марсьяль секілді футболшылардан «Франция-2» құрамасын жасақтап ӘЧ-ге аттандырса, олар да жоғары орындарға таласып қалуы ғажап емес...

«С» тобында француздардан өзге даттар мен австралиялықтар және Перу футболшылары бар. Дания құрамасы «Тоттенхэмнің» жарық жұлдызы Эриксенге сенім артады. Сондай-ақ, футбол мамандары Систо атты жартылай қорғаушыны назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтуда. Испания чемпионатында доп тебетін 23 жасар дат футболшысының болашағынан зор үміт күтетіндер көп.

«Ұшатын кенгурулар» деген лақап атқа ие Австралия құрамасы мундиальға келетін құрамалардың арасында ең ұзақ ара қашықтықты басып өтеді. Олар Азия футбол қауымдастығына мүше болғалы ең көп жол жүретін құрамаға айналды. Австралия халқы үшін футбол №1 спорт болған емес. Жергілікті біріншілік тұрғындар арасында аса танымалдыққа ие деп айтуға ауыз бармайды. Жанкүйерлері де ұлттық құрамадан таңдай қағарлық ерлік күтпейді. Тіптен, Австралия футбол федерациясы осы чемпионатқа команданы алып шыққан бапкерін жұмыстан қуып, орнына қызғалдақты елдің өкілі Берт ван Марвейкті тағайындады. Еуропада ойнап ысылған ойыншылардың тәжірибесіне сүйенбесе, голландиялық бапкер бұл чемпионатта үш қана ойын өткізуі мүмкін.

Бұл топта даттармен текетіресуге перулік ойыншылардың мүмкіндігі мол. Латын Америкасының құрамалары қашан да қызуқанды, әр доп үшін таласта табандылық танытатын команда ретінде есте қалады. Ешқандай сенсациялық нәтижелер тіркелмесе, бұл квартеттен еуропалық қос ұжым келесі кезең жолдамасын жеңіп алуы тиіс.

 

«D» тобы. «Өлім тобы»

ӘЧ жеребе тарту рәсімі өткен соң барлық мамандардың аузынан «D» тобы – «өлім тобы» деген пікірді көп естідік. Расында да бұл топтағы Аргентина, Хорватия, Исландия, Нигерия құрамаларының қай-қайсысын алып қарасаңыздар да, барлығы плей-офф сатысында күш сынасуға лайық ұжымдар.

Бұл чемпионат – әлем футболының жарық жұлдызы Лионель Мессидің өз құрамасына әлем кубогін әперетін соңғы мүмкіндігі. Себебі, келесі ӘЧ кезінде Мессидің жасы 35-ке келеді екен. Ал, бұл футболшылар үшін спорттық мансабын аяқтайтын кезең. Сондықтан да Месси биыл барын салу керек! Егер де 32 құраманың шабуыл шебіндегі ғана ойыншыларын алып қарайтын болсақ, бұл тізімде Аргентина құрамасы алдыңғы орында. Туриндік «Ювентустің» қос шабуылшысы Игуаин мен Дибала, «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Агуэро, «Барселонаның» шабуылшысы Месси Аргентина үшін тер төкпек. Бір қызығы, төртеуі де өз чемпионаттарында жеңімпаз атанды. Миландық «Интердің» шабуылшысы, Италия чемпионатының бас мергені Мауро Икарди тізімнен шет қалыпты. Оның ӘЧ-ге бара алмай қалуын Мессимен арадағы кикілжіңмен байланыстыратындар көп...

Аргентинаға топтан бірінші орын алу үшін көп тер төгуге тура келеді. Себебі, орталық шепте кілең мықты ойыншылармен жасақталған Хорватия құрамасы оңай шағылар жаңғақ емес. «Реал» мен «Барселонаның» негізгі тірек күші болып жүрген Модрич пен Ракитич қосылса қандай күшке айналарын басқа білмесе де Месси біледі! Шақпақ жиделі елдің өкілдері әр чемпионатқа жақсы ойыншылар әкеледі. Биыл футбол скауттарының тізімін толықтыруы мүмкін футболшы ретінде Анте Ребич айтылуда. Осы чемпионат жұлдызын жағуы мүмкін футболшылардың арасында Германияның «Айнтрахт» клубында доп тебетін шабуылшының аты жиі айтылып жүр.

Тұңғыш рет ӘЧ-ға қатысқалы тұрған Исландия құрамасының 2016 жылғы Еуропа чемпионатында сыйлаған сенсацияларын жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар?! Ширек финалда исландықтар азулы Англия құрамасының екі аяғын бір етікке тыққанда таң қалып, таңдай қағысқан жұртта есеп болмады. Жартылай финалда турнир қожайындары Франция құрамасының қақпасына бірінші болып гол соғып, бүкіл әлем жанкүйерлерінің демін ішіне тартқызған. Алайда, салқынқанды француздар екі гол соғып финалға өтіп кетті. Миллион ғана тұрғыны бар кішкентай аралдан келген команда осылайша турнирдің қола жүлдесін жеңіп алған. Жұртшылық бұл командадан жаңа сенсациялар күтеді. Ал, африкалық «қара маржандар» былтыр жолдастық кездесуде Аргентина құрамасын 4:1 есебімен ойсырата жеңген еді. Егер сол қарқындарынан таймаса биыл да біраз күтпеген нәтижелерге куә болып қалармыз.

«С» және «D» топтарына жасаған сараптамамыз осымен тәмам. Алда ала допты ұршықша иіретін Бразилия мен кілең жұлдыз ойыншылардан құралған Бельгия құрамаларының ойындарына талдау жасайтын боламыз. Сондай-ақ, футболдың отаны саналатын Англия футболының бүгінгі жағдайына үңіліп, қазіргі әлем чемпиондары немістердің мундиальға әкелетін құрамын саралап көреміз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ