Рухани жаңғыру 0 пікір 1503 лайк

Қоғамдық сананы өзгерту – уақыт талабы

Маусым 05 / 2018

 

Биыл еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне – 27 жыл. Осы уақыт аралығында еліміздің жеткен жетістіктеріне қызғана да, қызыға да қарайтын елдер бар. Қазақстан – әлемдік саясатта, экономикада, өзге де салаларда өзіндік орны мен айбынды күші бар мемлекетке айналды.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп елдің жаңа форматта дамуында рухани жаңғыруды қолға алып, оны жүзеге асырудың кезек күттірмейтін маңызды мәселе екендігі баса айтылды. Өйткені, саясат, экономика және руханият ошақтың үш тағаны сияқты біртұтас әлем.

Қазіргі таңда Қазақстанның алдындағы бірден-бір мақсат – бәсекеге қабілетті, өркениетті отыз елдің қатарында болу. Бұл асқаралы мақсатқа жетудің бірден-бір кепілі – ұлттық рух, ұлттық кодтан нәр алған, қазіргі заманға сай бейімделген қоғамдық сана.

Биыл, 12 сәуірде Астанада Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысқан жиында бағдарламалық мақаланың алты бағыты мен алты тапсырмасының орындалуының бір жылдық қорытындысы сөз болды.

Атап айтатын болсақ, бірінші бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Президент атап өткендей, бір жағынан – латын графикасына көшудің терең тарихи логикасы бар, екінші жағынан әлемде технология мен коммуникация дамуының заманауи ерекшеліктерін көрсетеді. Ауқымды бүкілхалықтық талқылаулардан кейін, келіп түскен барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, Елбасының 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен әліпбидің толық аяқталған нұсқасы бекітілді.

Екінші бағыт – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Жобаны іске асыру үшін 90-нан астам маман тартылған 17 жұмыс тобы құрылып, алғашқы 18 оқулық мемлекеттік тілге аударылып, басылып шықты. 12 сәуірде Елбасының қатысуымен осы оқулықтардың тұсаукесері болып өтті. Жобаның 100kіtap.kz ресми сайты іске қосылды.

Үшінші бағыт – «Туған жер». Бұл жобаның ерекшелігі – өңірлердің белсенді қатысуы, сонымен қатар, кәсіпкерлерді, меценаттарды және мүдделі азаматтарды тарту. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік арқылы көрсетілген патриотизм – ұлттық-генетикалық кодтың негізі. Осы мақсатта 700-ден астам нақты жоба жүзеге асса, 320-дан аса жоба қолға алынды. Оған меценаттар есебінен 51 млрд. теңгеден астам демеушілік көмек көрсетілген.

Төртінші бағыт – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Бұл бағытта жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар нысандардың тізімі жасалынды. Тізімге ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралары тізіміндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы тас петроглифтері және жергілікті маңызы бар 520 нысан енді. Жалпыұлттық маңызға ие киелі нысандар бойынша 3D туры бар киелі нысандардың виртуалдық картасы әзірленген.

Бесінші бағыт – қазақстандық мәдениетті шетелде танымал етуді мақсат еткен «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» жобасы. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарындағы отандық мәдениет жетістіктері түгенделіп, 4 бағыт бойынша шорт-парақтар құрастырылды.

Алтыншы бағыт – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Сарапшылар мен жұмыс тобы іріктеп алған 2112 үміткерлер қоғамдық дауыс беруге қатысу үшін 100esіm.el.kz сайты ашылған. 340 мыңнан аса қазақстандық өз таңдауын жасаған. Таңдап алынған 102 жеңімпаз 2017 жылғы 1 желтоқсанда Елбасымен кездесті.

Жалпы алғанда, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындысы бойынша барлық бағыттарда нақты нәтижелерге қол жетті. Алдағы уақытта бұдан да көп іс жасалатынына сенімдіміз.

Қанат ӘЖІБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Педагогика және мәдениет» факультетінің деканы, педагогика ғылымының докторы, доцент.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ