Экономика 0 пікір 1494 лайк

Түлкібастың ағарғанын бәрі мақтайды

Маусым 03 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Халық бүгінде шетелдің жұтынған тауарларынан гөрі алдымен өзімізде өндірілген табиғи таза өнімдерді тұтынуға бейіл. Иә, бұл бір жағынан отандық өндірістің өркендеп, кәсіпкерлер арасында бәсекеге қабілеттіліктің дамуына септігін тигізсе, екінші жағынан қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеруге ықпал етеді. Әрі өзімізде жасалған зиянды қоспаларсыз табиғи таза өнім – саулығымыздың кепілі. «Біз қай кезде де отандық өнімдеріміздің тұрақты тұтынушысы болуымыз керек» деген Елбасының өзіміздегі барды бағалап, экологиялық таза өнім тұтынуға шақыруында терең мән жатыр.

 

Түлкібастықтар осы ауданның Азаттық ауылындағы «Майлыкент-Сүт» СТК-інде жасалған сүт өнімдерін сүйсіне тұтынады. Ауылдағы сүт өңдейтін бұл зауыттың басшылығы жаңа ашылғанда түрлі қиындықтарды бастарынан өткерді. Ал, соңғы жылдары зауыт жұмысы өркендеп, өнімділігі артып келеді. Ауыл-аймақтағы шаруа қожалықтары бірлесіп, ортақ келісім бойынша зауыттың өнім көлемін ұлғайту бағытында жұмыс істеуде. Бұл бағыт екі жаққа да тиімді. Енді шаруа қожалықтары өздеріндегі сүтті сиырлардың санын көбейтуге ден қоя бастады. Бүгінде «Майлыкент-Сүт» селолық тұтыну кооперативінде 33 адам жұмыспен қамтылған. Сүт көбейген кезде жақын ауылдардағы тұрғындардан, шаруа қожалықтарынан күніне 7-8 тоннаға дейін сүт жинайды. Сауған сүтін үйден өткізген ауыл тұрғындары үшін де тиімді. «Экологиялық таза, пайдалы өнім ретінде біздің «Майлыкент-Сүт» өнімдеріне сұраныс жоғары. Дәмі мен сапасына ерекше мән беріледі. Сақталу мерзімі – 7 күн. Сүт өнімдерінің бағасын қымбаттатпай, халыққа сапалы да жүйелі қызмет етуді мақсат етеміз» дейді «Майлыкент-Сүт» СТК-нің төрағасы Ниязбек Сауытбеков.

Қазіргі таңда заманауи технологиямен жабдықталған сүт өңдейтін осы зауытта тәулігіне 5 тонна сүт өңделіп, айран, қаймақ, май, ірімшік, құрт, чечил, брынза, тағы басқа да 12 түрлі өнім өндіріледі. Жақын арада бұл өнімдердің қатары қатты сырмен толықтырылмақ. Технолог Нағира Тәукебаева, оператор Сиррожиддин Халиктаев, жұмысшы Бабахан Мамаюсупов, құйып-қаптаушы Шайра Хасанова, тағы басқа жергілікті тұрғындар зауыт ашылғаннан бері жемісті еңбек етіп, құрметке бөленіп жүр. Жалпы, өнімнің қуаттылығы жылына – 1800 тонна.

Иә, Түлкібас ауданында жасалған айран-сүт пен ірімшік, құрт-майдың дәмі тіл үйіреді. Тұрғындармен қатар, сырттан келген қонақтар да Түлкібастың ағарғанын мақтап отырады.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ