СТАЛИННІҢ СУРЕТІН... АТҚАН МИЛИЦИОНЕР

Маусым 03 / 2018

 

30 жылға сотталып, 2005 жылы ғана ақталды

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Хрущевтің жылымығы кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған жандар көптеп ақталғанымен, есімдері күні кешеге дейін атаусыз қалып келген ерлер аз емес еді. Отан қорғаушылар мен Жеңістің 73 жылдығы мерекелері қарсаңында Төлеби ауданындағы «Балдыберек» орта мектебі жанындағы «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты мемориалдық тақтадағы 150-ден астам адамның тізімі тағы екі ардагермен толықты. Солардың бірі – Ермекбай Пернебаев.

Ол 1922 жылы қазіргі Төлеби ауданы, Ащы ауылында туған. Жастайынан жетім қалып, нағашыларының қолында өсті. Алатау ауылында жетіжылдық мектепті бітіріп, Көксәйек елді мекеніндегі мектеп-интернатта онжылдықты тәмамдады. Шымкенттегі 8 айлық педагогикалық курста білімін жетілдіріп, еңбек жолын 1940 жылы сол кездегі Балдыберек ауылдық Кеңесіне қарасты Молотов атындағы бастауыш мектепте мұғалім болып бастайды. Әскер қатарына осы жерден аттанып, Харьков кіші командирлер даярлайтын әскери училищесінде оқыды. 1942 жылдың сәуірінен сержант Е.Пернебаев бөлімше командирі, взвод командирінің көмекшісі ретінде фашистерге қарсы кескілескен ұрыстарға қатысты. Соғысты Германияның Свитемюнде қаласында аяқтады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталды.

Елге аман-есен оралған жауынгер 1946 жылы «Атбұлақ» ұжымшарында есепші, ал, 1947-1949 жылдары тау етегінде орналасқан 10 ұжымшарға қарасты аймақта учаскелік инспектор қызметін атқарды. Кіші лейтенант шеніндегі тәртіп сақшысы шаруашылықтардағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етті. Ал, мына сұмдық оқиға құқық қорғау саласында жүрген аяулы азаматтың бұдан былайғы өмірін күрт өзгертіп, сау басын саудаға салып қояды деп кім ойлаған?! Сондықтан бәрін ретімен баяндағанды жөн көрдік.

1949 жылы 27 қазанда қызмет бабымен бұрынғы Георгиев (Төлеби) ауданы Төңкеріс ауылынан түскен арызды «Майбұлақ» ұжымшарының есепшісі Балтабай Төлеметов екеуі тексеріп қайтып келе жатқанда жолшыбай «Красный Октябрь» (қазіргі Қаратөбе) ұжымшарына бұрылады. Кеңсе жанында қорабына қырыққабат пен алма артып алған жүрісі күдікті автокөлікті байқайды. Жүргізушісінен құжаттарын алып тексереді. Жолдама қағазының мерзімі әлдеқашан өтіп кеткенін көріп, сезіктенеді. Көп ұзамай кеңседен екі орыс азаматы және таң атпай спиртті ішімдік ұрттап алған жергілікті бес тұрғын учаскелік милиционерге жабылып, жүргізуші куәлігін, жолдамасын және мұның қызметтік куәлігін тартып алып, өзін соққыға жығады. Әлгі орыстың бірі мойнынан қылғындырып жатқанда, Ермекбай табельдік қаруын алып, оны атып өлтіреді, екіншісін жарақаттайды. Сөйтсе қайтыс болған облыстық тұтынушылар одағының экспедиторы, отставкадағы подполковник болып шығады. Бұл іс сотта үш рет қаралады. Біріншісінде аудандық сот учаскелік милиционердің әрекетін ақтағанымен, сол кездегі билік басында отырған кейбір шовинистік пиғылдағылар сот ісін Алматыдағы әскери трибуналға алдыртып, бұл кісіге қиянат жасап, жала жабады. «Өлген адамның қалтасында 25 сомдық бір бума ақшадағы Сталиннің шекесіне оқ тиді. Демек, Сталинді атты» деп өлім жазасын сұрайды. Тәртіп сақшысының қызмет бабында өзін-өзі қорғағаны ескерілмейді. «Кісі өлтіргені үшін 25 жыл», ал, «Сталинді... атқаны үшін» тағы 5 жыл қосылады. Барлығы 30 жылға кесіліп, Ерекеңді Коми АССР-іне айдатып жібереді. Ермекбайдың соңында аяғы ауыр жас жұбайы жылап-сықтап қала береді. Кейін оның рұқсатымен әйелі тұрмыс құрады да, жетім бала өзгелерге көз түрткі болмас үшін нағашыларының тәрбиесінде қала береді.

Е.Пернебаев қатаң режимде 10 жыл жазасын өтеген жырақтағы Ухта қаласының түрмесіне Мәскеуден КСРО-ның кешенді инспекторлық тексеруі келіп, «Бұл іс әділетсіз шешілген» деп бұрынғы тәртіп сақшысын түрмеден босатады. Ермекбай елге қайтуға жүрексініп, сол жақта қалып қояды. «Печера нефтеразведка» тресіне қарасты құрылыс мекемесінде күзетші, ағаш ұстасы, слесарь, қоймашы болып жұмыс істейді. Техникумға оқуға түсіп, кейін «КомиГазМұнайҚұрылыс» тресінде шебер, аға инженер- экономист, жобалау бөлімінің бастығы, зертхананың аға инженері қызметтерін атқарады. 1981 жылы Шымкент қаласына көшіп келеді... Өзі түрмеге қамалғанда жұбайының құрсағында қалып, 1949 жылы дүниеге келген, нағашыларының тәрбиесінде өскен ұлы Қуанышпен 1988 жылы табысады. І топтағы еңбек мүгедегі 1996 жылы қайтыс болды. 2005 жылы ғана Қазақстан өкіметі Ермекбай Пернебаевты «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп таныды. Оның барлық құжаттары Шымкенттегі қуғын-сүргін музейінде сақтаулы.

Іс-шарада мектеп директоры М.Жүнісов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев, ардагерлер Қ.Оңғаров, Ә.Оразов, Т.Жұмашов және басқалар ардақты ардагер жайлы естелік айтты. Бір сынып енді аяулы азаматтың есімімен аталатын болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ