Халқына қалқан болған ұл

Маусым 03 / 2018

 

Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылдық округіне қарасты Сарытоғай ауылының тумасы Құрманбай Серікбаевты ел қызыл империя билігі үстемдік құрып тұрған тұста жазықсыз жапа шеккен азаматтардың бірі деп біледі. Алайда, оның нақты не себепті қамауға алынып, атылғаны жұртқа беймәлім күйінде қалды. Тіпті, сонау аласапыран қуғын-сүргін жылдары алыстаған сайын оның есімі көмескіленіп, ұмыт болуға айналғандай.

 

Құрманбай Серікбаев 1921-1923 жылдар аралығында Шымкент уезіне қарасты Қарабұлақ учаскесінде милиция бастығы болды. Өзге ұлт өкілдері қыз балаларды оқытудың қажеті жоқ деп шыққан кезде «Олар – болашақ ұрпақ тәрбиешісі. Сондықтан, сауатты болуы керек» дегенді ашық айтып, қоғамға ой салып, сілкініс тудырды.

Кеңес өкіметін Сталин билеп тұрған кезде қазақ халқы ең ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Ұжымдастыру науқанында халықтың күнін көріп отырған малын күштеп тартып алып, халін одан сайын мүшкіл етті. Елді аштық жайлады. Осындай қиын-қыстау кездерде қазақтардың өзге елдерге қарай босып кетуге мәжбүр болғаны тарихтан мәлім.

Жылқы – ер қанаты деп жатамыз. Сол замандарда қызыл өкімет белсенділері қазақты мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең ет болатын бұл жануардың «бойында жұқпалы ауруы бар» деген сылтаумен одан алыстатуды көздеді. Ұлттық спорт түрлеріне тыйым салды. Жусансай мен Сарытоғайдағы Егемберді, Қаныбек, Шотан, Ескермес сияқты елге белгілі шабандоздардың аттарын тартып алып, оларды қайғыға түсірді. Сол уақыттарда мұндай озбырлыққа төзе алмай, өзіндік үн қатқан азаматтардың бірі осы Құрманбай Серікбаев болатын.

Аудандық партия комитетінде қызмет атқарған, қолында аз ғана билігі бар Құрманбай өзге атқамінер белсенділерге «халықты қинап зәбір көрсетпеңдер» деп тоқтамға шақырды.

Кейіпкеріміз өмірінің соңғы жылдарында «ІІІ Интернационал» ұжымшарының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Шұбарсуда өзге ұлт өкілдері көп болатын. Олар Құрманбайдың басшы болғанын хош көрмеді. Тіпті, жаға жыртысып, төбелесіп те қалатын сәттері болған. Мұндай әрекеттердің соңы, әрине, жақсылыққа апармады. Оны 1937 жылы жұмыстан қайтып бара жатқанда жасауылдар «халық жауы» деп жолдан ұстап алып, ауданға алып кеткен... Мәскеуден келген бұйрық бойынша оны Бозарықтағы «Албастысайда» атып өлтірген.

Көпшілік оның ұлдарына «халық жауының» балалары деп қарады. Олардың бірде-біреуі коммунистік партия мүшелігіне қабылданбады. Ал, партия қатарына ілінбегендер қызметтерден аластатылады. Сондықтан, бұл әулетте Құрманбайдан басқа ешкім аудандық партия комитетінде жұмыс істеген жоқ.

Құрманбайдан екі ұл қалған. Абай – педагог, Рахымберді механизатор болды. Олар «халық жауының» балалары болғандықтан кешегі күнге дейін үреймен өмір сүрді. Тек Абайдың баласы Бүркіт архив ақтарып жүріп, атасы туралы ақтау үкімін алғанда ғана жүздеріне қан жүгірді.

Онда айыпты ретінде тұтқынға алынған Құрманбай Серікбаевтың ісі 1959 жылдың 9 қарашасынан бастап қайта қарауға алынып, оған Жоғарғы соттың ақтау туралы шешім шығарғаны жазылған.

Міне, асыл азаматтың жазықсыз атылғанына да 81 жыл өтті. Біздің айтайын дегеніміз, ұлтымыздың біртуар азаматтарын ұмыт қалдырмасақ деген тілек қана.

Абылайхан ӨМІРҰЛЫ. Сарытоғай ауылы, Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ