Әлем назары – Ресейде!

Маусым 03 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Төрт жылда бір келетін футболдан әлем чемпионаты әне-міне дегенше өз жалауын көтермек. Төрткүл дүние назары Ресей елінде өтетін теңбіл доп додасына ауады. Маусым айының 14-жұлдызында басталатын дүниежүзілік футбол тойы тура бір айға созылмақ. Әлемнің үздік 32 құрамасының басын қосқан біріншілік Ресейдің 11 қаласында өтеді.

 

Дүниежүзілік доп додасы алғаш рет Шығыс Еуропа жерінде өтпек. Сонымен қатар, чемпионаттың ойындары бір мезгілде екі құрлықта (Еуропа мен Азия) өтуі бұрын кездеспеген жайт. Әлем чемпионатына қатысу бойынша рекорд Бразилияға тиесілі. Олар бұған дейін өткен (20 турнир) барлық чемпионатқа қатысқан. Бұл чемпионатта дебютті ойындарын өткізетін құрамалар да жоқ емес. Екі жыл бұрын ғана Еуропа чемпионатының сенсациясына айналған Исландия мен Солтүстік Америка құрлығындағы азулы құрамалардың бірі АҚШ-ты жолда қалдырған Панама өздерінің әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы ойындарын өткізеді.

Ең... қымбат чемпионат

Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, бұл футбол чемпионаты Ресейге пайдадан гөрі көбірек шығын әкелгелі тұр. Себебі, Ресей қазынасы дүниежүзілік футбол додасын өткізу үшін 13 млрд. доллар шығынға ұшырамақ. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы ең қымбат турнир болады деп күтілуде. Десек те бұл рекордтың ұзаққа созылмайтын сыңайы бар. 2022 жылғы ӘЧ қабылдайтын Катар елі 200 млрд. доллар жұмсайтынын мәлімдеді.

Біз ойлағандай емес, экономист мамандардың айтуынша, жұмсалған қаржы өз-өзін ақтамайды екен. Телетрансляциялардан түсетін қаржы түгелімен әлемдік футбол қауымдастығының (ФИФА) еншісіне тиесілі. Ал, ресейліктер тек әлем чемпионатын тамашалауға келген шетелдіктердің ақшасын қанағат тұтуға мәжбүр.

Шығынға бату әлем чемпионаттары тарихында бар құбылыс. Осыдан 4 жыл бұрын әлемдік доп додасын өткізген Бразилия үкіметі 11 млрд. доллар ақша жұмсап, 2,6 млрд. доллар ғана пайда түсірген.

Қаржылық тұрғыдан шығынға батқанымен, Ресей үшін саяси сахнада өз беделін қайтарып алуға бұл чемпионат таптырмайтын құрал болып тұр. Сондықтан Ресейге осы әлем чемпионатын өте жоғары деңгейде ұйымдастыру аса маңызды.

«Былтыр Ресей Конфедерация кубогін қабылдады. Сонда біз мұндағы халықтың жағдайымен таныстық. Ресей халқы бұл біріншілікті асыға күтуде. Барлығы жоғары деңгейдегі әзірлік үстінде екен. Сол турнир барысында жанкүйерлердің қауіпсіз футбол тамашалауы үшін бірқатар іс-шаралар атқарылды. ӘЧ өткізу арқылы Ресей өзінің бірлігі жарасқан бейбіт халық екенін дәлелдейді деп сенемін» дейді өз сөзінде ФИФА президенті Джанни Инфантино.

 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық»

Ресей ӘЧ өткізу құқығын жеңіп алғалы бері қызу дайындықты бастап кетті. Ескі стадиондар жаңартылып, жаңадан стадиондар салынды. Заманауи үлгіде жасақталған, көрсең көз тоятын 12 стадион әлемдік футбол додасын қабылдайды.

Ресейлік сарапшылардың айтуынша, 15 шілде күні «Лужники» стадионында өтетін финалдық матчты 3,5 миллиардқа жуық көрермен тамашалайды. Ал, чемпионат кезінде 1 миллионға жуық турист Ресей жеріне аяқ баспақ. ӘЧ арқасында жаңа қонақүйлер мен әуежайлар, стадиондар мен өзге де спорттық нысандар турнир біткен соң ел игілігіне жұмыс істейді.

Алғашқы екі сатылым кезеңі бойынша билет сату рекордтық көрсеткішке жеткен.

31 қаңтарға дейінгі мәліметке сенсек, 4 миллионға жуық билет сатылып кеткен. Алыпсатарлармен күрес бойынша әр стадион айналасында, қонақүйлерде арнайы «сенім телефондары» қойылған.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 400 млн. долларды құраса, әлем чемпионы атағын жеңіп алған құрама еліне 38 млн. долларды арқалап қайтады. Чемпионаттың ресми әнұранын белгілі әнші Леди Гага шырқайды. Сондай-ақ, қалалар арасындағы қатынасты жақсарту үшін 400-ге жуық жаңа поезд қызмет көрсетпек. Стадионға кіретін билетін немесе жанкүйер екенін растайтын арнайы құжатын көрсету арқылы бұл поездардың қызметін тегін пайдалануға болады. Шетелдік қонақтар жүруі мүмкін барлық орындарға ағылшын тіліндегі нұсқаулықтар ілінуде. Сондай-ақ, чемпионат өтетін қалалардағы авто және теміржол бекеттерінің қызметкерлеріне ағылшын тілін білу міндеттелген.

«А» тобы. Он ойыншысы бір төбе, Салах өзі бір төбе...

Ресейде өтетін мундиаль футболсүйер қауымға қандай қызықтар сыйлайды? Бұл чемпионатта кімдердің бағы жанады? Қай құрамалардан сенсация күтуге болады? Осы сұрақтарға жауап іздеп, чемпионаттағы әр 8 топқа сараптама жасап көрген едік...

«А» тобына Ресей, Сауд Арабиясы, Египет және Уругвай құрамалары топтасқан. Футбол мамандары мен жанкүйерлердің пікірінше, бұл топтың фавориті – Уругвай құрамасы. Қалай болғанда да Кавани мен Суареске сенім артатын оңтүстікамерикалықтар бір аяғымен плей-офф кезеңінде тұр деуге болады. Ал, екінші орын үшін тайталас негізінен Ресей мен Египет арасында өрбиді дейді білетіндер.

Еуропада доп теуіп ысылған ресейлік футболшылар да өз жерінде барын салып қалады. Жанкүйерлердің көзінше жеңілу олар үшін өліммен тең. Ал, Мұхаммед Салахқа үміт артатын Египет құрамасы реті келсе орыстарды аяқтан шалып қалуға тырысады. Жақында ғана өткен «кәрі құрлықтың» ең басты футбол турнирі УЕФА чемпиондар лигасының финалдық ойынында ливерпульдік шабуылшы Салах жарақат алып, ойынды 30-минутта- ақ аяқтауға мәжбүр болған. Египет спорт министрінің мәліметінше, Салах ӘЧ-ге дейін жарақатынан айығады. Ресей құрамасына назар аударатын болсақ, бельгиялық «Брюггенің» намысын қорғайтын қақпашы Габулов пен стамбулдық «Фенербахчеде» доп тебетін қорғаушы Нойштедтер, «Вильярреал» сапында тер төгетін жартылай қорғаушы Черышевтен өзгелері өз еліндегі чемпионатта ойнайды екен. Алайда, Ресей біріншілігінің Еуропада алғашқы ондыққа кіретінін ұмытпаған абзал. Олардың ойыны шабуыл шебіндегі краснодарлық Федор Смоловқа көп байланысты. Орталық алаңда ойнайтын жас жартылай қорғаушы Головиннің ойынына көптеген футбол скауттары көз тігіп жүр. Егер осы чемпионатта өзін жақсы қырынан көрсете алса, Головинді алдағы уақытта еуропалық ТОП клубтардың қатарынан көріп қалуымыз ғажап емес.

Бұл топтағы араб елдерінің қос құрамасы мұндай жоғары деңгейдегі ойыншыларымен мақтана алмайды. Тәжірибе мен шеберлік жағынан алып қарайтын болсақ, бұл төрттіктің арасынан Уругвай мен Ресей құрамаларының бәсі басым болып тұр. Кім біледі? Египет пен Сауд Арабиясы құрамалары да тосынсый дайындап отырған болар?

 

«В» тобы. Пиренейліктердің үстемдігі

«В» тобында Пиреней түбегінен келген қос құрама Испания мен Португалия бар. Олардан бөлек «қара құрлық» үміт артатын Марокко құрамасы мен Азия футбол қауымдастығы үкілеп қосқан Иран да қос пиренейлік елге қарсы доп тебеді. Соңғы 3 Еуропа чемпионатын жеңіп алған қос құрама Испания мен Португалия бұл топтың шымылдық ашу матчында текетіресіп көрмек. Бұл осы чемпионаттың топтық турниріндегі үздік ойындардың бірі ретінде бағаланып отыр.

«Ресейге қай футболшыларды апарамын?» деп испан бапкері Хуан Лопотеги біраз бас қатырғаны рас. Себебі, испандықтардың барлығы да – «сен тұр, мен атайындар». Оның дәлелі ретінде тізімге ілінбей қалған футболшылардың атын атасақ та жеткілікті. Құдай-ау, олардың арасында кімдер жоқ дейсіз?! Басқасын айтпай-ақ қояйық, англиялық «Челсиде» доп тебетін Морато, Алонсо, Фабрегас пен Педроның ӘЧ-ге бара алмай қалуы көп нәрсені аңғартса керек. Сонымен қатар, тізімнен биыл тәп-тәуір ойын көрсеткен Эррера мен Матаны да таба алмадық.

Ал, Лопотегидің португалдық әріптесі Сантуш бұл мәселеге келгенде бас қатырған жоқ. Сайдың тасындай іріктелген 11 футболшыдан бөлек оларды алмастыра алатын 12 футболшыны алып, жүктерін жинап, Ресейге ұшуға дайын отыр. Футболшылардың шеберлігін алып қарасақ, бұл топтан қос пиренейлік ұжым «қол ұстасып» келесі кезеңге өтуі мүмкін. Бірақ, Азияның 3 дүркін чемпиондары Иран құрамасы осы турнирдің басты сенсациясын жасауға дайын. Бұл құрама ойыншыларының басым бөлігі еуропалық клубтарда доп тебеді. Ирандықтар өз құрлығындағы іріктеу ойындарында қарсылас шыдатпай, өз тобында бірінші орын алды. Бұл құраманы белгілі португалдық маман Карлуш Кейруш жаттықтырады. Егер Испания құрамасын бұл топтың сөзсіз фавориті десек, Кейруш бапкердің өзінің отандастарына едәуір қарсылық көрсететіні анық. Қалай десек те ирандықтар Таяу Шығыстан Ресейге небәрі 3 ойын өткізу үшін ғана келе жатпағаны ақиқат.

Біз бүгін «А» және «В» топтарындағы құрамалардың құрамын, мүмкіндігін саралап көрдік. Газетіміздің алдағы сандарында өзге топтардағы құрамаларға да жеке-жеке тоқталамыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ