Заң-заман 0 пікір 1489 лайк

Бала тағдырына бас ауыртатын кім?

Маусым 03 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Редакцияға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келетін түрлі хат-хабардан бөлек, басына түскен қиындығын айтып, араша сұрап келетіндер де аз емес. Солардың бірі – шымкенттік Гүлсана Шүрменова. Құқық қорғау органдарынан әбден күдер үзген ол проблемасын газетке жариялауын өтіне келіпті. Сондағысы – тиісті органдар жан айқайына құлақ түрер деген үміт.

 

Хаттың ұзын-ырғасына келсек, даудың түп негізі жай алимент болғанымен, тереңірек үңілсек, одан өзге де мәселелердің бар екенін аңғаруға болады. Гүлсана Жамалқызының айтуынша, 2015 жылдың ақпан айында ол Бәйдібек ауданының тумасы Жандос Сариев есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Сол уақытта Жандостың тәрбиесінде бірінші некеден туған Арман (аты өзгертіліп алынды. Ред.) атты ұлы болған. Бірінші неке дегенде... Алғашқы әйелімен азаматтық некеде болғандықтан, 2010 жылы дүниеге келген ұл анасы Бақытгүл Аққұлованың (аты-жөні өзгертіліп алынды. Ред.) атына тіркеледі. Көп өтпей, мінездері үйлеспеген екі жас ажырасып, бала анасының қарауында қалады. 2013 жылдың қазан айында «ұлыңды өзіңнің атыңа аударып, енді өзің асыра» деп Бақытгүл Арманды Жандосқа әкеліп тастайды. Тұңғыш немересі болғаннан кейін атасы балаға өзінің тегін беріп, Жандос әкесі ретінде әділет органдарынан әкетану құжатын рәсімдейді. Сөйтіп, баланың тегі атасының атына жазылады. Алайда, арада алты ай өтер-өтпестен анасы келіп, ай-шайға қарамай баланы өзімен бірге қайта алып кетеді. Бұл әрекетті істеу арқылы көкейінде алимент өндіріп алу жатты ма, басқа ма, ол жағы әрине, бір Құдайға аян. Бізге аяны 2014 жылдың наурыз айында бұл жөнінде Бәйдібек аудандық сотының бұйрығы шығып, әкесі тапқан табысының төрттен бір бөлігін алимент ретінде төлеуге міндеттеледі. Ол кезде ірі фирмада электрик болып жұмыс істейтін Жандос баласына тиесілі алиментті мерзімінде төлеп отырады. Ал, келіншек алимент түсер уақытта баланы әкетіп, ақша қолға тиген соң қайта әкеліп тастауды әдетке айналдыра бастайды. 2015 жылдың басында «алименттің де керегі жоқ, тек бағып-қақсаң болды» деп Арманды түпкілікті Жандостың қолына тапсырады. Гүлсананың айтуынша, ол келін болып келгенге дейінгі бүл шаңырақтағы жағдай осындай болған.

– Жандоспен отау құрғаннан кейін баланы бауырыма басып, бар жағдайын жасауға тырыстым, – дейді Гүлсана бізбен әңгімесінде. – Мені Арман өгей анасы емес, туған анасы ретінде қабылдады. 2015 жылдың жаз айында мұсылмандық салтпен сүндетке отырғыздық. «Алимент керек емес, тек бағып-қақсаң болды» дегеннен кейін бұл кезде алиментті де тоқтатып қойғанбыз. Оның үстіне, отағасы да ақысыз еңбек демалысына шығып, ара-тұра жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Тапқаны тамақ пен пәтерақыдан артылмайтын. Сөйтіп жүргенде, Шымкенттен Жазира Байысбаева дейтін сот орындаушысы хабарласып, 2015 жылдың басынан 2016 жылдың наурызына дейін төленбеген алимент көлемі 432 363 теңгеге жеткенін айтып, берешекті өтеуімізді ескертті. Біз «анасының келісімі солай еді ғой» десек, ол үшін жазбаша келісімнің қажет екендігін көлденең тартты. Анасына барып ек, әлгіндей соманы естіп алған ол жазбаша келісім бермеді. Сонда бала біздің қарауымызда болса, анасына не үшін алимент төлеуіміз керек? 2015–2016 жылдары баланың әкесінде болғанын растап, Бәйдібек аудандық сотына, облыстық соттың азаматтық сот алқасына жүгінгенімізбен, іс бәрібір Аққұлованың пайдасына шешілді. Ақыры іс насырға шауып, жолдасым екі тәулікке қамалып шықты. Сонда әкесі өзінің баласын бағып-қаққаны үшін жазықты болғаны ма? Мұндай кезде бүкіл заң біткен әйелдің жағында болса, еркек өзін қалай қорғамақ? Осы іс басталғалы біршама заңдарды ақтарып шығуыма тура келді. Ерлерді қорғайтын бірде-бір заң жоқ екен. Баланы қалаған кезінде әкетіп, қаламаса әкеліп тастап кете беретін осындай әйелдерге жаза қарастырылмаған ба? Екі жаққа жәутеңдеп өскен баланың болашағы не болмақ? Міне, күні кеше тағы да «қарызымды кештім, алимент талап етпеймін» деп қолхат жазып, баланы әкеліп тастады. Бұл жолы да аналық махаббатым басым түсіп, баланы бауырыма алдым. Бірақ, жоғарыда айтқан жағдайлардың тағы қайталанбасына кім кепіл?

Қазір Арман Бәйдібек ауданындағы атасының қолында тәрбиеленіп жатыр. Гүлсананың айтуынша, анасы «алименттен де, қарыздан да бас тартамын» деген қолхат жазып, баланы түпкілікті осында қалдырған. Баласын ара-тұра көріп тұруды ойлаған ана облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған аудан-аралық сотына талап-арызбен жүгініп, судья А.Рүстемованың осы жылғы 4 сәуірде шығарған ұйғарымы бойынша күзгі, қысқы, көктемгі, жазғы демалыс уақыттарының алғашқы онкүндігінде баламен бірге болуына келісім берген. Әрине, бұған ешкім де қарсылық білдірмейтіні белгілі. Себебі, заң жүзінде солай болуы тиіс. Алайда, қолхат күйінде қалған алимент мәселесін Жандостың пайдасына шешу әзірге мүмкін болмай тұр.

Гүлсана алимент үшін осындай қитұрқы әрекеттерге баратын әйелдің қылығына налиды. Ал, құқық қорғау органдары баладан бас тартқан әйелдің сөзін сөйлеп отыр... Төленбеген қарызды алмай, сот орындаушылары да тыншитын емес. Себебі, оның белгілі бір пайызы соларға жалақы болып төленеді. Бәрі дұрыс. Бірақ, бірде онда, бірде мұнда жүрген баланың бүгінгі тағдырына, ертеңгі болашағына кім бас ауыртады? Тағдыры тәлкекке түскен Арман секілді қаншама баланың жанарын мұң кіреукелеп жүр десеңізші... Сондықтан дәстүрімізге жат қылықтардан арылу үшін ең алдымен азаматтық неке мәселесіне тоқтау салмай болмайды. Өйткені, біз сөз еткен жайлардың түп-төркіні осындай некенің сәтсіздігінен басталған.

Қалай болғанда да бүгінгі қазақ отбасында күрмеуі қиын проблема көп. Өкінішке қарай, баланың биологиялық анасымен тілдесу мүмкін болмады. Денсаулығына байланысты жиі ем алып жүретін оны тұрғылықты жерінен таба алмадық. Бұл жерде проблеманың үлкені Арман деген бүлдіршіннің иығында. Құдай үлкендерге ой салмаса қиын екен ғой...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ