Заң-заман 0 пікір 1477 лайк

Ювеналды соттың мақсаты – түзу жолға салу

Мамыр 31 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ата Заңымызда «Еліміздің басты байлығы – адам» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы ретте бала құқығын заң арқылы қорғау елімізде қаншалықты дұрыс жолға қойылған деген сауал туындайды...

 

Осыдан алты жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет ювеналды соттар құрылып, жұмыс істей бастағаны белгілі. Мұндай сот органын құрудағы мақсат түрлі себептермен қылмыс жасаған балаларды қолданыстағы заң шеңберінде жауапкершілікке тарту. Біздің елімізде тіпті, ауыр қылмыс жасағанның өзінде баланы қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Дегенмен, әлгіндей балаларды түзу жолға салудың түрлі айла-тәсілдері жасалады.

Балалар ісін қарайтын арнайы соттың құрылуы елімізде бала құқығына қаншалықты дәрежеде көңіл бөлінгендігін көрсетсе керек. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, тұрмыстық қылмыс түрлерінің жыл санап арта түскендігін бағамдауға болады. Ал, осы санаттағы қылмыстардың арасында кәмелетке толмаған балаларды ересектердің, оның ішінде ата-аналарының ұрып-соғу көріністері жиі кездесіп жатады. Жақында өз баласын өлімші етіп сабаған сайрамдық келіншекті сот бас бостандығынан айырды. Ол баласының сабақ оқымағанын желеу етіп, тепкінің астына алған. Осыдан кейін миы шайқалып, бүйрегі зақымданған алты жасар ұл жансақтау бөлімінде біразға дейін есін жия алмаған. Ал, жас балалардың көзі көгеріп, тісі сынып, өзге емес, өз ата-анасынан зорлық көріп жататын мұндай оқиғалар тізбелей берсек жетерлік.

Осы жайлардың бәрі бүгінгі күні бала құқығын қорғау мәселесінің өзекті екенін айғақтайды. Елімізде бала құқығын қорғау мәселелері 2008 жылғы 8 тамыздағы «Баланың құқықтары туралы» заңда қарастырылған. Оған қоса, 1998 жылдың 17 желтоқсанындағы «Неке және отбасы туралы» Заңда да бала құқығын қорғау мәселесіне көңіл бөлінген. Осы орайда бала құқығының аяқасты болмауына жол бермейтін ювеналдық соттардың маңызы зор. Оның мақсаты – қылмыс жасаған балаларды жазалау емес, керісінше, жаман әрекетке бармауына жағдай жасау, яғни түзу жолға салу.

Бала – еліміздің болашағы. Тәуелсіз еліміздің келешек тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың жақсы азамат болып өсуі мемлекеттік маңызы бар мәселе. Сондықтан бұл жайт ата-анадан бастап мектеп, қоғамдық ұйымдар мен құзырлы органдар, жалпы қоғамның ерекше назарында болуы қажет. Тек сонда ғана бала құқығы аяқасты болмай, олар еліміздің жарқын болашағын құратын жақсы азамат болып өседі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ