Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1433 лайк

Оңтүстіктің өрендері министрдің қолынан медаль алды

Мамыр 24 / 2018

 

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Өткен аптада Астана қаласындағы Оқушылар сарайында ҚР Ішкі істер министрі Құлмұханбет Қасымов түрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 балаға «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті. Олардың арасында оңтүстікқазақстандық екі оқушы бар.

 

Расында да, бұл балақайлардың ерлігін өлшеусіз деуге болады. Мәселен, Демежан Алтай өткен жылдың 9 сәуірінде таңғы сағат 10-дар шамасында Сарыағаш ауданы Бағыс ауылына қарасты Ақжар ауыл округіндегі «Көкмойын» каналының жағасында суға бір батып, бір шығып бара жатқан бүлдіршінді байқап қалады. Ойланбастан дереу каналға қарай жүгіріп, суға секіріп түсіп, бір жарым жасар Нұрдилла Ержанды құтқарады. («Көкмойын» каналының ені – 2,5, тереңдігі 2 метрді құрайды.) Айта кетейік, Демежан биыл жетінші сыныпты аяқтайды.

15 жасар Аружан Жақсылықтың да көрер жарығы бар екен. Бұл келеңсіз оқиға Сарыағаш ауданы Біртілек ауыл округінде болған. Нұрман Әлібаев өткен жылдың 15 маусымында түскі сағат 15.00 шамасында ағасының үйіне қонаққа барады. Есік алдында ойнап жүргенінде өзен жақтан бір қыздың көмек сұрап айқайлаған даусын естиді. Нұрман тез шешім қабылдайды, ағыс алып бара жатқан қызды көйлегінен ұстап үлгеріп, жағаға алып шығады. (Келес өзенінің ені – 15, тереңдігі 3-4 метрді құрайды.) Бұл кезде Нұрман тоғызыншы сыныпта оқитын-ды. Қазір ол Шымкент қаласындағы «Болашақ» колледжінің бірінші курс студенті.

Сіз өз елінің, туып-өскен жерінің отансүйгіш азаматтары қане деп сұрасаңыз, олар міне, осы кішкентай батырлар дер едік. Біз мұндай ержүрек ұландарымызбен әрқашан мақтанамыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ