Рухани жаңғыру 0 пікір 1431 лайк

«...Елге берген антым бар!»

Мамыр 24 / 2018

 

Оңтүстік жұртшылығының көңіліне шуақ сепкен көшпелі көрмеден кейін туған ой

 

Оңалбай АЯШЕВ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
ОҚО мәслихатының депутаты.

Асқақ армандар мен межелі мақсаттар мекеніне айналған арайлы шаһар, жиырма жылдық мерейлі мерекесін тойлағалы отырған Астана жауһар дүниелер тудырған табысты дәуірді бастан кешуде.

2004 жылы, дәлірегі осы жылдың 24 желтоқсанында Ақорданың ресми ашылу салтанаты болып, 2005 жылы бұрынғы Президент резиденциясы Елбасы музейіне айналды. Мемлекет басшысының 7 жыл жұмыс істеген резиденциясы музей болған соң мұнда келушілер көбейді.

2014 жылы музей жаңадан ашылған Елбасы орталығына көшірілді. Ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен дайындалған бұл ғимарат – ел астанасының көз тартар жауһар дүниелерінің бірі. Тұңғыш Президент қоры және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы орналасқан бұл орталық – сұлулық символы.

Тәуелсіздігіміз бен елорда тарихынан сыр шертер құндылықтарға толы Елбасы орталығындағы ерекше мекен – ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасы. Ұлттық мәдени-тарихи мұраға айналған заманауи электронды-мұрағат инфрақұрылымы және бірегей ақпараттық ресурстар қоры бар кітапхана – тәуелсіздіктің тәтті жемісі. Елбасының жеке кітапханасы, жеке мұрағаты. Елбасының жеке архивіндегі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттік және қоғамдық қызметіне байланысты 130 мыңнан астам мұрағат құжаты, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар, Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері туралы жеке сипаттағы құжаттар – Елбасының өткен өмірінен ғана емес, қазақ халқының тарихынан да сыр шертеді.

Президенттік кітапханалардың тарихына үңілсек, біздегідей тәжірибе АҚШ-та ғана бар екен. Билік басында отырған кезінде Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтап, соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой көтерген.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке кітапхана қорындағы кітаптар мен басылымдар, жеке топтамасындағы жәдігерлер, мерзімді және электронды басылымдар, мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар баға жетпес мол қазынаға айналды.

Кітапханада экспозициялық 8 аумақ бар. Елбасы тұлғасын жан-жақты ашуға арналған «Президент» экспозициясында Мемлекет басшысының жеке заттарымен, қолжазбаларымен, еңбектерімен және наградаларымен танысуға болады.

«Президент сыйлықтары» экспозициясы Елбасына әр жылдары тарту етілген және Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметіне байланысты сыйлықтар галереясына айналған. Экспозицияда кәдесыйлар, қару-жарақ, үстел және қабырға сағаттары, спорттық керек-жарақтар қойылған.

Интерактивті экспозиция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеялары мен бастамаларын, Мемлекет басшысының республиканы қалыптастыру мен дамытудағы рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жан-жақты паш ететін білім беру кешеніне айналған.

Әрбір жан көзбен көріп, тамашалағысы келетін ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі тұңғыш рет ұйымдастырылып, алдымен алматылықтарды, сосын, нақтырақ айтсақ, биыл 15 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығын қуантты.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деп аталатын көшпелі көрменің Шымкентте ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков Елбасының Астана қаласындағы бұрынғы резиденциясы бүгінде Президент музейіне айналғанын, 2005 жылы ашылған музейге күн сайын кемі 700-800 адам келіп, тамашалайтынын айта келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде келушілердің саны бұдан бірнеше есеге артқанын жеткізді. Әйтсе де, еліміздің шалғай аймақтарынан арнайы келіп, көрмені тамашалау мүмкіндігі тұрғындардың барлығында бірдей бола бермейтіндігі де рас. Осы себептен былтырдан бастап, Елбасы рұқсатымен аймақтарға көшпелі көрме ұйымдастыру қолға алынды. Алматы қаласында өткен көрмеге екі айда 75 мыңнан аса адам келген.

Алматы қаласынан кейін көшпелі көрменің Елбасы шешімімен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бәрінен де өнер мен мәдениетті жоғары қоятын Оңтүстік Қазақстан облысына келуі және мұнда 3 ай қызмет көрсетуі – үлкен мәртебе. 3 миллионға жуық тұрғыны бар өңір жұртшылығы бұл шараны зор қуанышпен қабылдағанын жеткізген, халықпен бірге қуанған облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзінен шаттықтың лебі есіп тұрды.

Бұл күндері облыстық тарихи-өлкетану музейі әдеттегіден ерекше нұрланып, еңсесі биіктеп кеткендей еді. Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің кеніші, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымыздың биік ордасы Шымкентке Елбасы музейінен 800-ге жуық түпнұсқа қолжазба, суреттер және жеке заттар әкелінген.

Алғашқы назар аудартқан отандық авторлардың қолтаңбасы бар кітаптармен қатар Елбасының шетел тіліне аударылған еңбектері болды. Кітапхана қорындағы сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар: қасиетті Құрандар топтамасы, Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, ғарышкер Т.Мұсабаев сыйлаған ғарыш айлағында ұстаған Құран кітабы, Ресей императоры Александр ІІ кітапханасында сақталған Ф.Шлоссердің «Всемирная история» кітабы, 1838 жылы жарық көрген «Энциклопедиялық лексикон» және тағы басқалардың түпнұсқаларын облыс жұртшылығы қызыға тамашалады.

Тәуелсіз Қазақстанның даму үрдісін, президенттік институттың қалыптасуын, жас елдің мемлекеттік құрылуын, жаңа астананың қалыптасуын, заң шығарушы және атқарушы биліктің кемелденуін, басқару аппаратын жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамудағы жетістіктерді сипаттайтын экспонаттар – тарихи маңызға ие.

«Елбасы қызметінің хроникасы» интерактивті бөлімінде Президент туралы деректі кинохроникаларды тамашалап, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөліне тағы бір көз жеткіздік.

Бұл үш ай – Елбасыны ерекше жақсы көретін Оңтүстік өлкесінің тұрғындары үшін Ұлт Көшбасшысын етене жақын тануға, оның бейтаныс қырларымен, ерен еңбектерімен танысуға берілген мүмкіндік болды. Көшпелі кешен көрмесі «Көшбасшы жолы», «Көшбасшы феномені», «Әлем таныған Көшбасшы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты мазмұнды бөлімдерден тұрады.

Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңде еркіндік пен тәуелсіздікті аңсаған халықтың асыл арманы орындалды. Қысқа мерзім ішінде еліміз жүз жылға татитын ғажайып даму кезеңін артқа тастады. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айрықша өркендеді. Армандарды ақиқатқа айналдырған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан

Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын өрнектейтін көрменің алғашқы бөлімі «Көшбасшы жолы» деп аталады.

Мұнда туған жер – киелі мекен Үшқоңырдың көз тартар көркем көрінісі, Нұрсұлтан Әбішұлының мектептегі бестікке толы аттестаты, бірге оқыған сыныптастары, үлгерім табелі, куәлік, көрікшінің рұқсат қағазы, құрмет грамотасы, алғыс хаттары, мандаттары, депутаттық билеттері, ата-аналарының құжаттары және туған жері жайлы мәліметтер, Днепродзержинскіде оқыған, Теміртауда шыныққан жылдар естеліктері, Алматыда қызмет еткен кездері, Президенттік куәлігі, Елбасының ел алдында берген тұңғыш анты туралы құжаттар бар.

Құнды жәдігер – Елбасының анасы Әлжанның қолданған тігін машинасы назарымызды ерекше аударды. ХІХ ғасырда Германияда жасалған тігін машинасы, сондай-ақ қос білезік, шашбау, қайыс белдік, М.Горький мен А.Пушкиннің таңдамалы жинағы, сия сауыт пен қалам да бүгінгі күнге жақсы жеткен. Есіме өзімнің бала кезім, анам, әкем түсті. Балалық шаққа деген тәтті сағыныш мені артта қалған алыс күндерге жетеледі. Жан-дүниеміз тебіреніп, толқыдық.

Қарасай батырмен үзеңгілес батырлардың жорықта киген дулығалары ержүрек батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерліктерінен хабар бергендей еді. Сүйінбай Аронұлының жырлары бойға рух сыйлады. Ерекше әсер еткен дүниенің бірі – Елбасының өз туындысы еді. Туған жерге деген сарытап сағынышын жыр жолдарына арқау еткен, өзгелерден өзін артық санамайтын Елбасы перзенттік махаббатын, адамдық борышын шынайы жеткізген:

Айырмасы – қолдайтұғын халқым бар,

Сүйенішім – үлгі-дәстүр, салтым бар.

Ойланарым, елге берген антым бар,

Сол үшін де шыбын жаным шарқ ұрар.

Сол қатардағы сарғайған ескі газеттегі 10-сынып оқитын Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай елінің азаматына жазған жауап хатын оқығанда оның көшбасшылық қасиеті сонау бала кезден көрініс тапқанына және бір рет көз жеткіздік. Достық, ынтымақтастықты арттырып, халықаралық қарым-қатынасты нығайтуды қолдайтынын жеткізген жас жеткіншек Н.Назарбаевтың қолтаңбасынан өзіне деген сенімділікті байқауға болады.

«Көшбасшы феномені» деген атауды иеленген екінші бөлімде қазақ халқына қасірет əкелген Семей полигонының жабылуынан бастап, ғарыш көгіне көтерілген батырларымыз, елтаңбамыз, туымыз, теңгеміз секілді құнды дүниелер қойылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы жөнінде, Мемлекет басшысының ел астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдері мен бастамалары туралы тарихи құжаттардың түпнұсқалары өткен күндерден сыр шертеді. Ядролық қаруға қарсы халықаралық конгресте жасаған баяндамасының Елбасы өзі қаламсаппен түзеген жерлері, соңына қосқан ой-пікірлері өткен күннің тарихынан мәлімет беріп тұр.

«Елбасы мəртебесі – ел мəртебесі» деген үшінші бөлімде Елбасыға тапсырылған 40-тан астам шетелдің жоғары наградалары топтастырылған. Мемлекет басшысына шетел президенттері, ресми өкілдер сыйға тартқан бағалы жәдігерлердің әрбірінің тағлымды тарихы бар. Мұндағы ұлттық рухты оятатын әрбір құндылыққа құрметпен қарайсың. Си Цзиньпин, Ли Куан Ю, Сүлеймен Демирел секілді мемлекет басшылары, түрлі дін басылары атынан тарту етілген сирек, көне кітаптар мен тарихи мәні зор құндылықтар сіздің қиялыңызды өзге шет мемлекеттерге сапар шектіреді. Елбасыға тарту етілген түрлі сыйлықтардың бәрінің бағасы қымбат, саяси мәні үлкен. Әр жылдары тарту етілген кәдесыйлар, қару-жарақтар, үстел және қабырға сағаттары, түрлі шахмат тақталары, мүсіндер, қолжазбалар, жеке тұтынған заттары, түрлі елдер мен халықаралық ұйымдар берген наградалар Елбасының жүріп өткен жолынан сыр шертеді.

Көзге бірден түсетін «Ұлы Бадр» алқасын 2004 жылы Сауд Арабиясының королі Елбасыға ерекше ілтипатпен табыстапты. Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде Сауд Арабиясы елінің орденіне ие болған жалғыз ел.

Ал, Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин тарту еткен фарфор вазасы мен Ресей елінің атынан сыйланған композиция жобасы, Иран Ислам мемлекетінің ыстық ықыласын айшықтап тұрған ХVІІІ ғасырдағы күміс тостаған көрмеге көрік, халыққа мақтан сезімге толы биік рух беріп тұр.

Италиялық «Үлкен крест кавалері», Петр І Жарлығымен бекітілген Әулие апостол Андрей ордені (1998 жылдан қайта беріле бастаған) тек академик Д.Лихачев, конструктор М.Калашников және біздің Елбасыға ғана табысталған екен.

Әлемдегі ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Президентімізге берілген Әулие Михаил орденінің Үлкен Кресті мен Әулие Георгий ордені де осында.

«Əлем қадірлеген Елбасы» атты төртінші бөлімде Мемлекет басшысының көшбасшы ретінде əлемге қалай танылғандығы туралы деректер, Қазақстанның сыртқы саясаттағы еңбектері көрініс тапқан. Олардың арасында көршілес Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, сондай-ақ, Америка Құрама Штаттарымен саяси, экономикалық қарым-қатынастар алғаш орнаған кезеңінен мағлұматтар сөйлейді. Сыртқы саясат болғандықтан мұсылман елдерімен, Еуропа елдерімен арадағы қарым-қатынас та, еліміздің халықаралық ұйымдармен бірге атқарған жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қазақстан Республикасының қарқынды сыртқы саясаты – әлемдік деңгейдегі саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың биік беделінің нәтижесі. Әрбір сый-сияпат – кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы бітімгер Н.Ә.Назарбаевтың сіңірген еңбегінің дәлелі. Заманауи жетістіктерді қолдана отырып жасақталған керемет көрме Мемлекет басшысының саясат пен басқарудағы оң тәжірибесін ашып қана қоймай, тұғырлы тұлғаның адами-азаматтық қырларына да мән беруімен ерекшеленген. Елбасымыз әлі күнге дейін күніне кем дегенде 7-8 парақты өз қолымен жазады екен. Көрмеден оларды да көріп тамашаладық. Соның бірі – Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінің өзі жазған нұсқасы көрмеден орын табуы.

28 мыңнан астам басылым бар Елбасы кітапханасының қорында Құран Кəрімнің бірегей түрлері жинақталыпты. ХVІІІ-XІX ғасырларда басылған көне раритеттік баспа өкілдері, ғарышқа жол жүріп келген ерекше басылымдар, сонымен қатар, Елбасына сыйға берілген Борис Ельцин, Маргарет Тэтчер сияқты мемлекет басшыларының қолтаңбалары бар еңбектері немесе танымал шығармалардың түпнұсқалары жинақталған. Елбасының өз үйінде қолданған жеке кітаптарын ашып қарағанда, мемлекет басшысының оқырман ретінде өзі белгі қойған тұстарын көріп, ерекше әсерде болғанымызды жасырмаймыз.

Өмірінің әр кезеңінде иеленген куәліктер Нұрсұлтан Әбішұлының позициясын айқындайды.

Ел назарын ерекше аударған дүние – мемлекетіміздің егемендігі туралы Жоғарғы Кеңестің қаулысы еді. Осыдан 28 жыл бұрын қабылданған құжат қаз-қалпында сақталған.

Көрмені көріп біткен кезде көкейге көп ой ұялады. Оның барлығын қағазға түсіру мүмкін емес және шарт та емес. Тарихы ХVІ ғасырдың аяғында Еуропада бастау алған, белгілі бір қоғамның, жеке адамның материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсетуді мақсат еткен көрменің көшпелі бұл түрі – халықты біріктіріп, елдің рухын көтерген, дәстүрін жаңғыртып, санасын жаңартқан елдіктің, теңдіктің көрмесі бола алды. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстарының бірі, дәрігер, ұстаз, ғалым, шебер аудармашы Халел Досмұхамедов «Қайран Тәуелсіздік-ай! Саған қолымыз жетсе екінші Жапония болар едік-ау!» деп армандап, аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсіздік туы желбіреді. Осындай бейбіт күнде бізден елге керегі – еселі еңбек. Қазақ – қаны таза, жаны жомарт, жүрегі кең, жаужүрек, батыл халық. Барды бағалап, жоққа қанағат етуде сабырды сенімді серік еткен Алланың сүйікті құлдары. Бұл сөзіме сол Халел Досмұхамедовтің өзі талдап, зерттеген Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-Түрки» еңбегіндегі түркі халықтарына қатысты хадис бойынша түркілер Алланың әділдік орнату үшін жіберген арнайы әскері екендігі туралы айтылған жазбасы дәлел.

Бәрімізге Елбасының өмір жолымен танысу парыз. Бұл көрме – жастар үшін тәлім-тәрбие, мәдениеті мен білімін тереңдетудегі рухани байлық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ