Руханият 0 пікір 1430 лайк

Байлыққа құныққандар Абайды оқыса...

Мамыр 24 / 2018

 

1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігімізді алдық. 1997 жылы ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнады. Жолдауда «Қазақстан-2030 жылға қарай Орта Азия барысына айналады» делінген. Бұл міндетті орындау мақсатында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір құм қойнауы малға толы. Өткен ғасырда аупартком хатшысы не болмаса совхоз директорының маңдайына бұйырмаған үйлер бүгінде екінің бірінде бар. Яғни, материалдық және демографиялық тұрғыдан алғанда өсім анық байқалады. Ал, азаттық алған 27 жылда ой-өрісіміз өсті ме?

 

Бүгінде рухани жаңғыру жайлы жазылып та, айтылып та жүр. Дұрыс. Дегенмен, еліміз шынайы жаңғыруы үшін ең алдымен жемқорлықты тізгіндеген жөн. Елге, қызметке деген адалдық бірінші орынға шықса ғана іс өнбек. Жемқорлық деген дерт біз ойлағандай оп-оңай жазыла салатын дерт емес екен. «Бәйдібектің бас дәрігері, Сайрамның екі бірдей бөлім басшысы, Славянканың судьясы ұсталыпты» деген ақпараттарды естідік. Мақтаарал ауданында жеті бірдей ауыл әкімі, аудан әкімінің екі орынбасары мен аппарат басшысы қызметтерінен кетті. Бәрі де сол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының талаптарын орындамағаны үшін жазаланды.

Бір ойланатыны, парақорларды қанша құрықтаса да, жемқорлар қатары азаяр емес. Байлығын тұтастай а-н-ау жаққа (о дүниені айтам) өздерімен бірге ала кететіндей жанталаса күй кешетінін қайтерсіз... Талай өрендеріміз әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып келді. Алайда, олар байлықтан абыройды биік қойған қазақтың қазақы қалпын, хал-жағдайын, ұлттың мұң-мұқтажын жетік білуге тырысар ма екен?

Айналайын, байшыкештер-ау! Байлықтың құлына айналамын деп жүргендеріңде жиған-тергендеріңнің барлығы күні ертең басқа емес, өз ұрпақтарыңның арасында алауыздық тудыратынын шынымен де түсінбейсіңдер ме?

Бір анығы, байлыққа құныққандардың көпшілігі Абайды оқымайды. Егер оқыса, оқығанын ақыл таразысына салса, қылмыс жасап, ел-жұрттың наласына қалмас еді. Заңды белден баспас еді.

Ұлы Абай кейінгі буынға «Есті кісі» деген ұғымды үлгі етіп кетіпті. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен есеп ал!» депті. Бұл өзіңнен өзің есеп алсаң, өз қатеңді тез түзетіп отырасың дегені шығар.

Күншілдік, жемқорлық, сатқындық, алаяқтық деген жаман әдеттердің алдын алу үшін не істеу керек? Менің ойымша, ұрпақ бойына адамгершілік қағидаларын бала кезден бастап сіңіре берген абзал. Ұлы Абай «Ескендір» поэмасында адамның көзі бір уыс топыраққа ғана тоятынын Аристотельдің дуалы аузы арқылы шебер ұғындырады емес пе?! Абай шығармаларын, оның қара сөздерін оқымағандардың адамдық, адалдық, әділеттілік әліппесінен бейхабарлау болуына бәлкім таңдануға болмайтын шығар. Сондықтан қазақ билерінің кесімді, тұщымды әрі тұжырымды ой-орамдарын, от ауызды, орақ тілді оқымыстылар мен атақты ақын-жазушыларымыздың отты жырлары мен кесек-кесек, қадау-қадау көркемсөздермен көмкерілген небір інжу-маржан шығармаларын жоғары сынып оқушыларына ұдайы оқыту керек. Оқушылар «Кодекс куманикусты» жатқа білуі тиіс. Әл-Фарабидің трактаттарын әкімқараларға үзбей оқытып тұрса ғой. Осы айтылғандарға азаматтарымыз зер салса, зейін қойса, мән берсе, құлақ асса, тұла бойын мансап пен атақтан, билік пен байлыққа деген құмарлықтан, ашкөздіктен, ынсапсыздықтан, тәкаппарлықтан, парақорлықтан, кекшілдіктен, екіжүзділіктен аулағырақ ұстар еді.

Қазір пара алу былай тұрсын, қарақан басының қамы үшін бірге жүріп, бір жерде қызмет істейтін әріптесінің сөмкесіне «қара дәрі» немесе пара салып жіберетін, біреуге тұзақ құрудан тайынбайтын «су жаңа кәсіп иелері» желкілдеп өсіп келеді. Біздіңше, сыбайлас жемқорлықпен бұлай күреспейді. Бұл – дертті ауыздықтаудың жолы емес. Оны ауыздықтаудың жолы – жасөспірімдердің бойына ұлт руханиятын сіңіру.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, бізге Баукеңнің батылдығы, Жұбанның жүректілігі, Асқардың айбаты, Тәшеновтің табандылығы жетіспейді. Таппасам да осы қасиеттерді ер-азаматтардың бойынан іздеуден жалығатын түрім жоқ. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демекші елім, жерім, ұлтым, қазағым, халқым деушілердің қатары көп болғанға не жетсін!

Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ, зейнеткер ұстаз. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ