«Бауырластық қатынастарға тағы бір қадам»

Мамыр 24 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«Rіxos Khadіsha Shymkent» қонақ-үйінде өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумына екі елдің 400-ден астам кәсіпкері қатысты.

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаев алдымен екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров бастаған делегаттарды қонақүй фойесіне қойылған отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен таныстырды.

Одан соң, іскерлік жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы бүгінгі басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті. «Қазақстан мен Өзбекстан – өздерінің тәуелсіздіктерін нығайтып, болашаққа батыл қадам жасап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дипломатиялық қатынастары өзара сенімге негізделе отырып дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылы екіжақты сауданың көлемі 30 пайызға артып, 2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал, екі елдің көшбасшылары биылғы жылы сауда айналымын 3 миллиард долларға арттыруды, 2020 жылға қарай 5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондықтан қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Бүгінгі іс-шара осы айтылған міндеттемелерді жүзеге асыруда өз септігін тигізері анық. Бұл өзара ынтымақтастыққа және екі ел арасындағы берік бауырластық қатынастарды орнатуға бағытталған тағы бір қадам» деді облыс әкімі. Сонымен қатар, облыс басшысы өңірдің бүгінгі экономикалық мүмкіндіктеріне, даму деңгейіне тоқталды.

Форумға қатысушылар облыстық кәсіпкерлер палатасы дайындаған өңіріміздің бизнес, сауда-логистикалық әлеуеті және екі ел арасындағы тауар айналымы туралы бейнеқойылымды тамашалады. Жиын барысында сөз алған елші Ерік Өтембаев бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 11,7 пайызға артқан. Ал, осы жылдың соңғы үш айының көрсеткіші бойынша ОҚО мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 125,7 млн. АҚШ долларын құраған. Бұдан бөлек, елші Саидикрам Ниязходжаев пен Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров көршілес өңірдің құрметіне ризашылығын білдіріп, екі елдің ынтымақтаса жұмыс істейтініне сенім білдірді. Ал, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бұл форумның маңызы жоғары екеніне тоқталды.

Жиында бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында сөз болып, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайы талқыланды. Бизнес-форум аясында екі ел кәсіпкерлерініӊ қатысуымен В2В форматында келіссөздер жүріп, бірқатар бағытта іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында құны 62 млн. АҚШ долларын құрайтын 8 құжатқа қол қойылды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ