Руханият 0 пікір 1427 лайк

Таланттар тұнған өлкеде

Мамыр 24 / 2018

 

өнер байқауы 23 жылдан кейін көрермендерімен қайта қауышты

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кеше Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында соңғы рет осыдан 23 жыл бұрын өткен «Мырзашөл жұлдыздары» облыстық жас эстрада әншілерінің байқауы қайта жалғасын тапты. Осылайша ән байқауының дүбірі «ақ алтынды» аймақты әсем сазға бөледі. Мақтаарал ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен өнер мерекесін Мақтаарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев құттықтау сөз сөйлеп ашты.

– Қазақ – ежелден өнер сүйген, өнерпаздарын қадірлей білген халық. Өйткені, өнер біздің сарқылмас байлығымыз, қазынамыз, өлмес рухымыз. Мырза дала елі таланттардан кенде емес. Есімі дүйім елге мәлім өнерпаздар Қайыпназар Айтпенов, Жеңіс Қарғабаев, Каналбек Сейілбеков, Ергешбай Жұмабаев, Сапаралы Серікбаев, Бөрі Иса, Мұхтар Құралов көш бастаса, Мақтааралдан түлеп ұшқан эстрада жұлдыздары Гауһар Әлімбекова, Бахыт Шадаева, Роза Әлқожа, Жұбаныш Жексенұлы, Үрәлхан Сейілбекова, Айжан Тәженова, Қанат Үмбетовтің есімдерін әрдайым құрмет етеміз. Астанамыздың мерейлі 20 жылдығы мен Мақтаарал ауданының 90 жылдық торқалы тойы құрметіне арналған өнер байқауы облыс көлеміндегі ел ішінде танылмай жүрген жас таланттарды жарыққа шығарып, тұсауын кеседі деп сенеміз. Алдағы кезде бұл байқаудың деңгейін бұдан да жоғары биікке көтерсек деген ойдамыз. Бүгінгі ән байқауына қатысқалы отырған жастарымыздың талабына нұр жаусын! Әрдайым өнерлеріңмен өрлей беріңдер, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

– Екі мыңыншы жылдары бұл өнер байқауы «Мақтаарал әуендері» деген атпен өте бастады. Алайда, ол кезде деңгейі төмендеп, тек аудан көлемінде ғана өткізіліп жүрді. Қалай болғанда да қазақтың эстрада өнерін дамытуға өзіндік үлес қосқан «Мырзашөл жұлдыздары» ән байқауының орны ойсырап тұрғаны байқалып жүрді. Енді міне, Мырзашөл топырағында араға жылдар салып ән аламаны қайтадан жанданып отыр. Байқаудың басты мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас буынды отаншылдыққа тәрбиелеу, жастардың эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдау, ел ішіндегі жас таланттарды қолдау, сондай-ақ, Мырзашөл туралы жаңа әндерді халық арасында кеңінен насихаттау. Байқауға 16-29 жас аралығындағы 21 әнші қатысуда. Олар негізінен Шымкент, Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Шардара, Бәйдібек, Созақ және Мақтаарал аудандарынан келген үміткерлер. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда, қатар шауып үзеңгі қағысқанда» демекші, әншілер бұл өнер додасында аянып қалмасы анық. Олар алғашқы әнді Мақтаарал, Жетісай, Асықатаға арнауы тиіс болса, ал, екінші әнді өз қалаулары бойынша айтады, – деді бізбен әңгімесінде Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Пердеш Есенбеков.

Өнер додасының шымылдығы аталмыш байқаудың әнұранына айналған «Мырзашөл жұлдыздары» әнімен ашылды. Осылайша байқауға үлкен үмітпен келген әншілер өнерлерін ортаға салу үшін сахнаға кезекпен шыға бастады. Жүлдеге қомақты ақшалай сыйлықтар белгіленіп отыр. Мәселен, бас жүлдеге – 1 миллион теңге, 1-орынға – 500 мың теңге, 2-орынға – 400 мың, 3-орынға – 300 мың және қалған орындарға 50-100 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар берілетін болады. Кешке қарай «Мырзашөл жұлдыздары» ән байқауының қорытындысы шығарылып, Жетісай қаласындағы орталық стадионда гала-концерт өтеді. Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысады деп күтілуде.

Мақтаарал ауданы. (Бұл туралы толыққанды материал газеттің келесі санында жарияланады).

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ