Рухани жаңғыру 0 пікір 1422 лайк

«Өлкетану» пәні оқытыла бастады

Мамыр 24 / 2018

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Осыған орай, өңіріміздегі мектептерде «Өлкетану» пәні оқытыла бастады.

 

Жақында Шымкент қаласындағы №72 жалпы орта мектепте облыстық конференция өтіп, онда ғалымдар мен мектеп мұғалімдері аталған пәнге ұсынылатын оқулықтарды саралап, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жүйесі бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен және қоғамдық пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

– Жалпы, елімізде мектеп оқушыларына «Өлкетану» пәнін оқытуды қолдаймын. Білім ошағында бұл бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, онда жинақталған дереккөздерді тарих пәнінде пайдаланудың маңызы зор. Осылайша біз «Өлкетану» сабағын оқушылардың өзіндік ғылыми ізденістері мен шығармашылығына айналдыра аламыз. Бұл кейіннен мектеп ішінен мұражай ашуға да түрткі болар еді, – деді тарихшы, ұстаз Ө.Шыныбекұлы.

Әрине, сабақ барысында оқушылардың барлығының бірдей өлкетану материалдарымен толық танысып шығуына мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан конференцияға жиналғандар арнайы курстар ашу керектігін ұсынды. Шымкент қалалық білім бөлімі жанындағы ғылыми әдістемелік орталығы директорының орынбасары Г.Сражиева алдағы уақытта «Өлкетану» курсын қолданысқа енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Шара барысында «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінен ашық сабақтар өткізілді.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ