«Антымды бұзсам...»

Мамыр 22 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жемқорлықтан құтылудың жолы бар ма? «Әрине, бар!» дейсіз, оқырман! «Заңдарымыз жақсы-ақ, бірақ, солар орындалмай қағаз жүзінде қалып жатыр, орындалса бәрі тамаша болар еді» дейсіз. Дұрыс айтасыз. Екінші бір оқырман «заңдарымыз жақсысына жақсы-ау, бірақ, жұмсақтау, орта есеппен жылына 500-ге жуық жемқорды ататын Қытайдағыдай бізде де жылына 5-6 парақор өлім жазасына кесіліп тұрса, 1 миллион парамен ұсталған кеден бастығы секілді ешкім де «жақсы мінез-құлқы үшін» деген желеумен мерзімінен бұрын түрмеден босатылмас еді. Керісінше, қылмысына лайықты жазасын алып, ол өзгелерге сабақ болар еді» деуі әбден мүмкін. Үшінші оқырман «сол кездегі екі «Жигули» немесе бір «Волга ГАЗ-24» жеңіл машинасының құнына тең қазына қаржысын қымқырған сұғанақты ату жазасына бұйырып отырған, сөйтіп, жемқорлық деген ұлттың беломыртқасын үзетін індеттің қанатын жаюға мұршасын келтірмей жойып отырған қайран кеңес заманы-ай!» деп тіпті аһ ұруы ықтимал. Ал, жақсы заңдар неге орындалмайды деген сұраққа келсек, жауабы оның әртүрлі болып шығады. Сондықтан мәселенің құқықтық жағын сөз етуді кейінге қалдыра тұрайық-тағы, әзірге «мораль құқықтан жоғары» деген көне римдік ұғымды ескеріп, оның екінші бір тұсына үңіліп көрейік.

 

Жемқорлық қайдан шығады? Жемқорлық қолында мемлекеттік биліктің үлкенді-кішілі бір тұтқасы бар адамның сол мүмкіндікті пайдаланып, оңай олжаға батқысы келуінен шығады. Әйтпесе, қарапайым жұмысшыға немесе жекеше фирманың жетекшісіне жемқорлық жасау жайлы ой да келмейді ғой. Енді сол қолында билігі бар мемлекеттік саяси немесе әкімшілік қызметкер жұмысқа тұрарда қабылдайтын антқа келсек, қызыққа кенелеміз. Себебі, онда адал қызмет етуге ант ету бар-дағы, «антымды бұзсам мынаған ұшырайын» деп мойнына жауапкершілік, міндет алу жоқ. Ол жоқ болған соң ант та толыққанды ант болмай шығады ғой, солай емес пе? Алдыңғы ұрпақ өкілдерінің есінде, бала күнімізде «честное пионерское!» деп ант ішіп жататынбыз. «Ал, антыңды бұзсаң ше?» десе, «желкемнің шұқырын көрмей кетейін!» деп аяғын әзіл-қалжыңға бұрып құтылатынбыз (Пионер демекші, кеңес заманында сол пионер мен әскердегі сарбаз қатарына қабылданушылар ғана арнайы ант қабылдайтын болғанын білесіз бе? Комсомолға өткенде де, коммунистер қатарына өткенде де ондай дәстүр болған жоқ... Ал, Кеңес Одағының, оның құрамындағы республикалардың басшылары ешқандай ант беруді білмеген болса, Батыста президенттер мен премьерлер Библияны ұстап ант беретін. Әлі де солай. Былтыр ғана АҚШ-та министр болған мұсылман әйел Құран ұстап ант қабылдады).

Жоғарыда еліміздегі мемлекеттік қызметшілер ант қабылдағанда мойнына міндет алмайтынын айттық. Ондай міндет алатындар да бар. Сарбаздар сөз соңында «Егер мен қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қатаң жазаны кешуге әзірмін» дейді. Ендеше, неге 18-ге жаңа толған жастар солай деп ант бергенде, кемеліне келген, кемеріне толған азаматтар әкім боларда, министр боларда жауапкершіліктен қашады? Мүмкін, оларға сондай ақылға сыймайтын «жеңілдік» жасап беріп жүрген біздің өзіміз кінәлі шығармыз? Мүмкін, керісінше, «жеңілдіктің» орнына жауапкершілікті күшейтіп, «антымды бұзсам заң алдында да, өзімнің азаматтық, адамдық арымның алдында да, туған мемлекетімнің алдында да мейлінше қатаң жаза кешуге әзірмін» деп жазған дұрыс болатын шығар? «Содан бір нәтиже береді деп ойлайсыз ба?» дейсіз ғой? Бергенде қандай! Дана ата-бабаларымыз ұрының ұрлағанын, басқа да қылмысты кімнің жасағанын біліп тұрған, бірақ, мойнына қояр дәлелі жетпей тұрған кезде: «Мен бұл сөзімнің шындығы үшін жанымды беруге әзірмін!» деп айтшы» дейді екен. «Жалмауызға да жан керек», әне, сол уақытта қандай қаныпезер қарақшы болсын, қайқаңдап шыға келетін болған... Қапы кетпейтін бұл салттың орындалу рәсімі Қабдеш Жұмаділов ағамыздың «Тағдыр» романында жан-жақты суреттелген.

Жемқорлықты жоюдың біз білетін бір жолы – осы. Оқырман қауым не дерін өзі біледі...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ