Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Білім саласына қатысты 9 тәртіптік іс қаралған

Мамыр 22 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде жыл басынан бері білім саласында орын алған кейбір келеңсіздіктерге қатысты 9 тәртіптік іс қаралған. Оған мектеп директорын тағайындау кезінде заңда көрсетілмеген артықшылық көрсету, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысушыларға кедергі келтіру, атқарылмаған жұмыстарға алдын-ала қаржы аудару сияқты себептер негіз болған. Мәселен, білім саласында басшылық қызмет атқаратын М.Н. есімді азамат білім басқармасының хаты негізінде үміткерді конкурсқа қатыстырған. Алайда, ол хат білім бөлімінің кіріс құжаттарында тіркелмеген. Онымен қоймай конкурстық комиссияның шешімінің заңдылығына баға берместен, сол үміткерді мектеп директоры лауазымына тағайындап жіберген. Тексеру нәтижесінде М.Н.-ның теріс қылығы әшкереленіп, әдеп жөніндегі кеңесте оған қызметке толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік шара көрілген.

 

Бұл туралы Шымкент қаласындағы жол-көлік колледжінің мәжіліс залында өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп өткізген алқа отырысында мәлім болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов төрағалық еткен жиында білім саласында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және Әдеп кодексі талаптарын бұзушылықтың алдын-алу үшін алдағы уақытта атқарылар жұмыстар сараланды. Департамент басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Ғанижан Асанұлы өз баяндамасында білім басқармасы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол берілген бірнеше дерек келтірді.

Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро өкілдері мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары қатысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ