Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1416 лайк

6 инвестициялық жоба жүзеге асады

Мамыр 22 / 2018

 

Негізгі күн көрісі егін шаруашылығы болып табылатын Мақтаарал ауданында биыл дәндік және дәнді-бұршақты дақыл түрлері 9169 гектарға, майлы дақылдар 201 гектарға егілген. Сондай- ақ, 86 мыңнан астам гектар жер шитті мақтаға, 31 мыңнан астам гектар көк-өніс және бақша дақылдарына арналды. Өнімділікті арттыра түсу мақсатында су жүйелері және тік дренажды ұңғымалар қайта жөнделуде. Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Мақтаарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

 

Ауданда бүгінде өнеркәсіп саласы да қарыштап дамуда. Мұндағы 29 кәсіпорын өткен жылы 11 млрд. 351 млн. теңгенің өнімін өндірген. Ағымдағы жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімін 13 млрд. 666 млн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында 3 млрд. 537 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

– Қазіргі таңда ауданның индустриалды аймағынан жер бөлініп, құрылысы басталған «Soldatos» ЖШС-нің асфальт-бетон зауытын салуға 300 млн. теңге жұмсалмақ. Жоба бойынша 30 адам жұмыспен қамтылып, сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдері өндірілетін болады. Сондай-ақ, «Раджапов» жеке кәсіпкерлігінің «Полиэтилен өнімдерінің өндірісі» жобасының құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталады деп күтілуде. Жобаның құрылысына 200 миллион теңге жұмсалып, жаңадан 36 жұмыс орны ашылады, – деді Жамантай Қанайұлы.

Облыс бойынша мақта шикізатының 80 пайызы Мақтаарал ауданына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар тапшы. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Айбек» шаруа қожалығы медициналық мақта өнімдерінің өндірісі жобасын қолға алған. Индустриалды аймақтан жер бөлініп, құрылысы басталған жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорында 28 адам жұмыс орнына ие болып, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданында биыл 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал, денсаулық сақтау саласы бойынша, ауданда жалпы сметалық құны 4 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын үш емхана салынуда. Атап айтқанда, Жетісай қаласында 500 адам қабылдайтын емхана, Мырзакент пен Атакентте 250 адамға арналған емханалардың құрылысы басталып кеткен.

Ауызсу мәселесі бойынша аудандағы 182 елді мекеннің 168-іне орталықтандырылған су құбыры тартылған, ал, 14 елді мекенде әлі су жүйесі жоқ. Табиғи газбен елді мекендердің 40,1 пайызы қамтылған. Орталықтандырылған электр желісіне 174 елді мекен қосылған.

Есепті баяндамасынан соң аудан басшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Б.ДӘРІҚОЖА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ