Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1411 лайк

Инвестициялық мүмкіндіктер сараланды

Мамыр 22 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Сайрам ауданында «Ауданның инвестициялық мүмкіндіктері және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» тақырыбында форум өтті. Іс-шара мақсаты – Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес ауданға ішкі және сыртқы инвестиция тарту. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында іскер және әлеуметтік белсенді әйелдердің бизнес саласындағы мақсаттарына қол жеткізу үшін оларға қолдау мен қолайлы жағдайлар жасау арқылы облыс экономикасын көтеру.

 

– Бұл форум Сайрам ауданының 90 жылдық мерекесіне орай өткізіліп отыр. Елбасы өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауларында іске асырылуы тиіс маңызды стратегиялық қадамдарды белгілеп береді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға ерекше көңіл аударылып отырғаны белгілі. Өйткені, кәсіпкерлік жаңа экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Ауданымыздағы 14071 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс атқаратын болса, оның 41 пайызы әйелдерге тиесілі, яғни 5769 кәсіпкер қыз-келіншек бар. Олар, әсіресе, сауда, қызмет көрсету салаларында белсенділік танытуда. Бүгінгі форумның мақсаты – ауданымызда кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Дәл осы мақсатта атқарылатын жұмыста бірлесе отырып, экономикамызды одан әрі көркейтуге, кәсіпорын ашу арқылы тұрғындарымызды тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосуға шақырамын, – деді аудан әкімі Бақтияр Мамаев.

Кәсіпкерлік саласындағы даму көрсеткіші туралы бейнероликтен соң облыстық іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары, ОҚО сүт өнімдерін өндіру қауымдастығының төрайымы, «Айкан» ЖШС-нің директоры Алмагүл Айқан жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдау туралы баяндама жасады.

Бұдан бөлек, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт, Сайрам ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Шахтыгүл Бекзатова сөз сөйледі.

Сондай-ақ, жиналған жұртшылықты ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтің тың идеялары бір серпілтіп тастады.

– Мынау бейнероликтен байқағаным, бұдан бес жыл бұрынғыны көрсете береді екенбіз. Ойланатын уақыт жетті. Сайрам ауданын республикада алдыңғы қатарға шығарудың жоспары жасалуы тиіс. Өзбекстанға барғанымда өндірген өнімдерін өткізуде көп ілгерілеушілік бар екенін көрдім. Олар тауарларын Ресейге үздіксіз тасымалдауда. Тіпті, қарапайым суының этикеткасының өзі менмұндалап жарқырап тұр. Ал, бізде бәрі баяғы ескі сарында. Сондай-ақ, әрдайым «Алтын адам» фабрикасын алға тарта береміз. Неліктен бізге Сайрам ауданын Орталық Азияның тігін орталығы етпеске?! Алдымызға сондай мақсат қойған соң, бұл мәселеде кімдер қолдау көрсете алады, шикізатты қайдан алуға болады, қандай дизайнерлерді шақыртамыз, жалпы, осы бастамаға қанша қаражат кетеді, осының барлығын есептеп көрелік. Бізде ауызға аларлық екі фабрика ғана болса, Өзбекстанда ондай кәсіпорындардың 30-дан астамы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Қазақстан бойынша екі компания ғана балалар ойыншығын шығаруда. Осы мәселеге назар аударуымыз керек. Бұлай бейғам жүре берсек, біз бәрінен құр қаламыз. Жастарға сенім артылуы тиіс. Олардың заманауи ой-танымдары кәсіпкерлерге үлкен көмек болады. Тағы бір айта кететін жәйт, Сайрам ауданында базар көп, соларды Шығыс базары стилінде қайта құрылымдауға не кедергі?! Бұл, әрине, тек әкімшіліктің, болмаса жеке кәсіпкердің ғана мойнына артылмай, бәріміз бірігіп жоспар құрып, жобасын жасауға тиіс жұмыс. Келешекте туризм саласында осы Шығыс базарын көрсетсек, өңіріміз үшін үлкен жетістік болар еді, – деді А.Әбубәкіров.

Форум барысында дизайнерлердің сән көрсетілімі жұрт назарына ұсынылды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ