Руханият 0 пікір 1412 лайк

Көңілдің шуақты кездерінде...

Мамыр 22 / 2018

 

Қаламы қарымды журналист, кезінде облыстық телеарнаны талай жыл басқарған, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып жемісті еңбек еткен, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек ағамыздың әр жылдардағы әріптестерінің әлемінен сыр шертер қысқаша естеліктерін оқырман назарына ұсынамыз. Есімдері елге белгілі аға буын журналистер арасындағы әдемі әзілден тәлім алуға болады. Бүгінгі жас журналистерге аға буынның әріптестерге деген сыйластығы, құрметі, кешірімділіктері, мінездеріндегі кеңдігі үлгі болса дейміз.

 

«Саған осы да жетеді»

Сонау Кеңес Одағының кезінде, жиырмасыншы ғасырдың бел ортасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Әділбай Омаров пен осы газеттің бөлім меңгерушісі, ақын Омарбай Малқаров Созақ ауданына іссапарға барады.

Облыстық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің органы, облыстың айнасы, һәм көзі мен құлағы жалғыз газеттің екі бірдей дөкей журналисі ауданға келген соң, басшылардың бәрі қоғадай жапырылып қарсы алады ғой. Ауданның бірінші басшысы шаруашылықтарды аралатып, таныстырып, жай-жапсарды айтып болған соң, орталыққа жақын шаруашылық басшысының үйінде қонақасы беруді ұйғарады.

Қымыз-қымыран сапырылып, қою қызыл-күрең шайлар кесеге құйылып, буы бұрқыраған, бабымен пісірілген қуырдақ дастарқаннан жайлы орнын тауып, «жеңіздер», «ішіңіздер» деген ізетті сөздер айтылып, мәре-сәре болады ғой, баяғы.

Әңгіме-дүкен қызып, облыстың, ауданның, тіпті республика мен Одақтың жаңалықтары судай сапырылады. Қонақтар да мәз, күтушілер де мәз. Әдекең де, Омекең де әңгіменің гүлі ғой. Өмірден көргендері мен түйгендерін ортаға салып, әңгіме-дүкенді қыздыра түседі.

Әлден уақытта қазақтың сый табағы да дастарқаннан орын алады. Қойдың әбден ұйытылып, тазартылып пісірілген басын редактор Әділбай Омаровтың алдына қояды. Әдекең асықпай қолына пышақты алып, шүйдесіндегі құйқаны кесе бергенде, Омарбай Малқаровтың даусы саңқ етеді.

– Әй, Әділбай, редактор болсаң, сен Шымкентте редакторсың, ал, бұл жерде екеуміз де қонақпыз. Құқымыз бірдей. Әдетте, басты жасы үлкен кісінің алдына қояды. Пышағыңды дастарқан үстіне қой да басты бері жылжыт, −дейді.

Отырғандардың бәрі тым-тырыс. Бір сойқанның болатынын күткендей аңтарыла, біресе Омекеңе, біресе Әдекеңе қарайды.

Әдекең болмысында аңқаулау кісі болатын. Пышағын тастайды, бірақ, басты жылжыта қоймайды.

Сонымен екеуі жас санаса бастайды. Жылы да, айы да бірдей болып шығады. Күн санасуға көшеді. Омекең 3 желтоқсанда, Әдекең 6 желтоқсанда өмірге келгені анықталады. Сол кезде Омекең:

– Әкел бері басты, – деп басты алдына алады да:

− Саған осы да жетеді, – деп бастың құлағын кесіп, алдына тастайды ғой.

Сонда жарықтық Әдекең Омекеңе қарсы бір ауыз сөз айтпай, құлақты қолына алып жей бастайды.

«Не болар екен» деп отырған ауданның игі жақсылары «Уh» деп демін алып, алдарындағы етті жеуге кіріскен екен.

 

«Сізді көрсем аяғым қалтырап кетеді»

Оңтүстік Қазақстан телерадиокомпаниясында төрағамын.

Темірдей тәртіп орнатпасам да қызметкерлердің жөн-жосықсыз жүргенін қаламайтынымды әріптестерім жақсы біледі.

Биболат Рабатов – компанияның суретшісі. Оның қылқаламынан тәп-тәуір көркемдігі көңілге ұнайтын туындылар шығатын. Жұмыс кезі. Жоғары үшінші қабатқа студияда түсіріліп жатқан хабарды көру үшін көтерілдім. Үшінші қабаттың дәлізінде Биболат әрі-бері теңселіп, тәлтіректеп жүр екен.

− Биболат, мына жүрісің қай жүріс? Аяғыңнан тұра алмай тұрсың ғой. Ішіп алғансың ба?− деп қатқылдау сөйледім.

− Ой, Байеке, Сіздің қаһарыңыздан қорыққандықтан. Сізді көрсем болды, тізем қалтырап, не істерімді білмей қалам.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген рас екен. Күліп жібердім.

Шоферді шақырып:

− Биболатты үйіне апар, келіннің қолына тапсыр. Далаға шығып кетіп қалмасын, – дедім де, Биболатқа:

− Екінші рет қайталама, ұят болады,−дедім жай ғана.

Құдайдың құдіретіне қарасаңызшы, содан көп ұзамай Биболат арақты қойып, молда болды.

 

«Ішкіштерді емес…»

Түскі астан соң, жұмысқа келгенім сол, алдымнан режиссер Арыстан Отарбаев шыға келді. Түс кезінде жүздеткен болу керек, көзі алақ-жұлақ. Екі аяғын тең баса алмайды.

− Арыстан мырза, мына жүрісіңе жол болсын. Өзің жай емес, бас режиссерсің. Осы телеарнаның түп қазығын қағысқан азаматтардың бірісің.

− Түсте достар кездесіп қалып...

Сөзінің аяғын жұтып қойды.

− Мұның келіспей-ақ тұр. Оның үстіне бізге тексеру келгенін білесің. Сырт көзге сыр бермей, тып-тыныш жүрмейсің бе? Ұят болды. Ұжымның абыройын айрандай төгесің ғой, мына көрінісіңмен, – деп бастырмалата бастап едім:

− Оу, Басеке! Мені ұялта бермеңіз. Олар ішкіштерді емес, жегіштерді тексеріп жатыр ғой. Ұялса, солар ұялсын, – демесі бар ма.

Мен не дерімді білмей, состиып тұрып қалдым. Айтып отырғаны уәж.

 

«Байғұстың таз төбесін...»

Кешке, үйде өзіміздің телеарнадан берілетін жаңалықтарды жұбайымыз екеуміз көріп отырғанбыз. Әкімдікте болған жиналыстан шағын ақпарат көрсетілді. Залда отырған біреудің жалтыраған төбесі операторды қызықтырғаны соншалық, айналдыра көрсетті.

Зайыбым:

− Басқа адам құрып қалғандай.

Мына байғұстың таз төбесін бүкіл облысқа жариялап көрсеткені ұят болды ғой, – деді әлгі кісіні мүсіркей.

Электр шамының сәулесімен жарқырай түскен төбел тазды оператор айналдырып-айналдырып келді де бет бейнесін көрсеткенде, екеуміздің де көзіміз атыздай болды. Манадан бері әлпештеп отырғаны мен болып шықтым. Не дерімді білмей, абыржыған күйі әйеліме қарадым.

− Қызметкерлерің сені «өте жақсы» көреді екен, төбеліңе дейін көрсетті ғой. Ертең ел бетіне қалай қарайсың? – деген зайыбымның мысқыл үні қара жерге тірідей кіргізгендей болды.

«Қап, осыдан таң атсын. Көрсеткендердің көкесін көзіне көрсететін!» деп іштей тындым...

 

«Сен де келесің ғой…»

Жетпісінші жылдардың ортасы. Шымкенттің Совет көшесі бойымен ақын Омарбай Малқаров пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Қайым Тілегенов өзара әңгімелесіп келеді.

− Омеке, анаған қараңызшы, – деп Қайым көшенің арғы бетін қолымен нұсқап.

− О, не болды? Омекең аңтарыла қарайды.

− Кеше ғана редакцияның партия жиналысында тәртібін қарап, сөгіс берген Польщиков қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Тыныбаевпен құрдастарша әңгімелесіп барады ғой, – дейді Қайым таң қалғанын жасырмай.

− Ой, онда тұрған не бар? Сен де қызық екенсің! Өзің де менің қасымда келе жатқан жоқсың ба?! – дейді Омекең жайбарақат.

 

«Ты пьешь?..»

Облыстық партия комитетіне қызметке ауысатын болдым. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Субботин бірінші хатшы Асанбай Асқаровқа алып кірді.

Асекең менің құжаттарымды асықпай көре бастады. Әлден соң Субботинге қарап:

− Ты что старика привел. Люди его возрастах работают первыми секретарями горкомов, райкомов партии, заведующими отделами ЦК. Какое у него будущее?

Мен, қайтатын болдым ғой деп ойладым. Сәл үнсіздіктен соң Субботин:

− Мы другого не нашли, – деп жауап берді. Асекең үндеген жоқ. Әрі қарай қағаздарды аударыстырып:

− Он ни черта не знает партийную работу. Всю жизнь работал в редакции, – деп тағы да Субботинге қарады.

Мен: «бітті» – деп ойладым.

Субботин:

− Пять лет избирался секретарем первичный партийной организации, – дегенде, Асекең:

− Это меняет дело. Первичка – наша основа, – деп маған тіктей қарап:

− Ты знаешь Коломыцева? – деп сұрады.

− Знаю. Работал замредактором газеты «Южанка».

− За что сняли его с работы?

− За пьянство,– деп қысқа жауап бердім.

Осыдан үш күн бұрын облыстық партия комитетінің бюросында оны қызметінен алып, сөгіс жариялаған болатын. Асекең кенеттен:

− Ты пьешь? – деген сұрақты қадай қойды.

Мен ә дегеннен не дерімді білмей, сәл-пәл дағдарыстан соң:

− Пью. Когда, зачем, с кем, – деп жауап бердім.

Асекең, оң қолының сұқ саусағын көтеріп:

− Если пьешь у тебя здоровье есть. Мы не здоровых людей на работу не принимаем. Ты еще знаешь когда пить, зачем пить и с кем пить. Ты готовый партийный работник, завтра его на бюро, – деп әуелі маған, одан кейін Субботинге қарады.

Біз орнымыздан тұрдық.

Байдулла Қонысбек, журналист.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ