Экономика 0 пікір 0 лайк

Жас кәсіпкер бастамалары қолдау тапты

Мамыр 22 / 2018

 

«Ырыс» микроқаржы ұйымында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында аймақтардан жиналған жастардың бизнес жобасын талқылау жиыны өтті.

 

Жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жобаларын одан әрі дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында несие комитеті құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ҰҚП ОҚО бойынша филиалы, облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Оңтүстік» АИО, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты ОҚО бойынша филиалының қызметкерлері енді.

Өңірдің бірқатар аудандарынан келген 9 қатысушы түрлі жобаларды таныстырды. Бірі үштілділікті қолдау мақсатында ауылдан тілдерді оқыту курсын ашуды жоспарласа, енді бірі қазақтың ұлттық бұйымдарын жасайтын шеберхана жасасам дейді. Тағы бірі тігін цехын, сүлікпен емдеу орталығын, жарнама агенттігін құруға ниетті. Созақ ауданынан келген Ж.Жаңбырбаев баламалы энергия көзі арқылы желдің күшімен су алмақ. Осындай жобалармен танысқан сарапшылар жастардың бизнеске бейімділігін, ұсынған жобаларының маңыздылығын ескеріп, 7 азаматқа жеңілдетілген несие беретін болып шешті.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы одан әрі де жалғасын таппақ. Айта кетейік, құрылғанына биыл 9 жыл толатын «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейін жалпы сомасы 30,8 млрд. теңгені құрайтын 16 351 жобаны қаржыландырған. Оның 96,3 пайызы ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін дамыту үшін берілген.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ