Руханият 0 пікір 1408 лайк

Дара дарын Дана

Мамыр 22 / 2018

 

Шырайы артып, көркейе түскен Шымкентіміздің Қазыбек би көшесіндегі облыстық филармония өзінің алғашқы күндерінен-ақ қаланың, облыстың рухани, мәдени өмірінің діңгегі болып қалыптасты.

 

ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан 1967 жылға дейін облыстық театр, одан осы күнге дейін филармония болып, шымкенттіктердің рухани қажетін қанағаттандырып келеді.

1967 жыл. Театрға жаңадан әнші қыз келетіні туралы хабар тез тарады. Мамандар әншіні сахнаға шығарып, сынап көрмекші. Актерлер мен сала қызметкерлері залға жайғасты. Режиссер Қасымхан Шанин мән-жайды түсіндіріп, талапкерге сәттілік тіледі.

Кенет, сахнаға... жер жүзінде жоқ сұлу ару шықты дейсіз! Аясы кең қой көздері оттай жанып, қалың қолаң шашы, қонымды тігілген көйлегі талдырмаш денесіне жарасып, жүріс-тұрысымен, әсем қимыл-қозғалысымен табиғи үйлесім тапқан. Бойы тіп-тік талдырмаш қыз гитарасын шертіп жіберіп, Зеберше Оспанованың «Сүйгенім менің қалада» әнін шырқады. Қайырма тұсын әнші қыз жоғарғы регистрде кеңейте толғағанда әлдебір бейнеге әбден аңсары ауып, зарыққан жүректің ынтығын паш етсе, соңына қарай гитарасын да тежей, сипап қана қойып, сыбырлағандай күйде әнін аяқтады.

Облыстық мәдениет басқармасының басшылығы әлгі аруды облыстық филармонияға жұмысқа қабылдады. Облыстық филармонияның алғашқы әншілерінің бел ортасында жұмбақ қыз Дана Бекенова белсенді еңбек етті. З.Шынжырбаева бас болып, С.Әжиева, Э.Оспанов, Н.Сайдуллаев, Б.Әбдіхалықов, Ш.Қалдаяқов атсалысқан іс-шаралар «Шалқыма» ансамблімен, басқа концерттік топтармен, камералық формадағысы бар, кезең-кезеңімен өтіп жатты. Сол концерттердің барлығында жарқырап Дана Бекенова жүретін. Бір кездері филармонияда өзбек ансамблі де құрылды. Өзбек ағайындармен қосылып, концертке қос құрбы Дана мен Ұлмекен Елеуова шығатын.

Қазығұрт баурайында «Ән қанатында» фильмін түсіріп жүрген белгілі режиссер Ә.Мәмбетовке театр актерлары Ә.Мұхамедияров пен М.Өтебаев Дананың әнін тыңдатады. Әзекең Дананы Торғын Тасыбекованың қасындағы қыздар тобында эпизодтық сахнаға түсірген.

Концерттік-эстрадалық бюро, кейін филармония болып қайта құрылған ұжым қызметін «Қазақконцерт» бірлестігі үйлестіретін. Облыстардағы үлгілі топтарды, жекелеген солистерді іріктеп, республика, тіпті, Одақ көлемінде турне-гастрольдерге жіберу сол бірлестіктің құзырында еді. Бірнеше тілде ән шырқайтын, репертуары кең, талғамды Дана Шымкент шеңберінен асып, Ресейдің, Украинаның қалаларында өнер көрсетті. Дана Бекенова атақты Л.Лещенко, И.Кобзон, Р.Ибрагимов, Л.Зыкинамен бір бағдарламада ән шырқап жүрді. Әйгілі вокал педагогы, РФ халық әртісі И.Яунземнен шеберлік дәрісі циклынан өтті.

Есейе келе Дана өзінің менеджерлік талантын таныта бастады. Жұртшылық талғамына сай ансамбль құру, қажетті солистер тарту оның қолынан келетін іс еді. Ипрессариолық «қолының жүріп кетуіне» танымал антрепренер, «Гүлдер» ансамблінің директоры Жеңіс Саймасаев ағамыздың көмегі көп болғанын Дана үлкен ризашылықпен айтатын. «Қазақконцерт» Д.Бекенованы Өскемен, Қызылорда филармониялары құрылғанда ауық-ауық іссапарға жіберіп тұрды. Жеке концертімен сол облыстар көрермендерінің ілтипатына бөленіп, ұжымдардың жоспарын орындауға көп үлес қосты.

Филармониядағы «концерт-лекция» формасын орнықтырып, ағартушылық мәні зор, біршама кезеңге бағытталған жүйелі, абонементтік тәсілді енгізген де Дана Шәдіқызы болатын. Екі тілде де жұртты жалықтырмай, қызықты әңгімелеу, тақырыпқа сай ән салу тек қайраткер өнерпаздың ғана қолынан келетін шаруа.

Дана табиғи даусының ғажайып ерекшелігінің арқасында тоқсаныншы жылдары камералық репертуарға ден қоя бастады. Оның орыс романстары мен әндерін шебер меңгергенін жоғары бағалаған музыкант А.Коротков әнші үшін аспаптық ансамбльге арнап тұтас репертуарлық цикл жасады. Қаладағы мәдени іс-шаралар мен кештердің сәніне айналған Дананың әншілігі «Южный Казахстан» газетінің редакторы Ю.Кирюхиннің жетекшілігімен орыс романстарының кештерін, көп ұзамай конкурсын ұйымдастыруға түрткі болды. Сол конкурстың алғашқы бас жүлдесін Дана Бекенованың иемденуін зиялы қауым заңдылық деп таныды.

Шіркін, Дананың орыс романстарын орындауы-ай... Ол романс айтқанда көз алдыңа небір аяулы бейнелер, жүректің нәзік иірімдері келе қалады. Қалалық, салондық, тұрмыстық, мелодрамалық дейсіз бе, сығандар «байыта» түскен, жүректі жұлқылайтын романстары жүректен төгіліп, құйылатын. Өнер адамдарының өзара бас қосатын жақсы дәстүрінде бір-бірінің жетістігіне қанығып, ортақ игілікке қуанып отыратын. Бір жолы А.Қалмырзаев, Т.Өтебаев, М.Ілиясқаров секілді саңлақтардың қазақ қызының орыс мәдениетіне өте жетік екенін мерейлене әңгімелеп, Дананың шеберлігін Клавдия Шульженко, Марк Бернеспен теңестіре қарағаны неткен зиялылық, неткен білгірлік?! Н.Пашковтың «Кетпеші» («Не уезжай...») романсын Дана сыған бояу реңкін араластыра «Не уезжай, ты, мой голубчик» деп ыстық ықыласпен, жалбарына әуендеткенде тыңдаушының жүрегі дір етіп, махаббат пен ғадауат арпалысына куә болады. Нәзік жүректің жұлым-жұлым болғанына жаны ашып, көзіне жас алады. Үн тазалығы, дыбыс алуандығы, интонация байлығы, фальцет әдістерін, техникасын шебер пайдалану ол кісінің орындаушылық үрдісіне өте-мөте тән болатын.

Бірде Ресейдің Кемеров облысынан келген делегациямен бірге концерт қойдық. Дана Шәдіқызы М.Лермонтовтың сөзіне жазылған Е.Шашинаның «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» романсын ансамбль сүйемелдеуімен додаға қосты. Терең толғаумен келіп, біркелкі сарында өрілетін романс Дананың орындауында орта шеніне жеткенде астан-кестең күрделеніп, динамикасын өзгертіп, дауылпаз ақынның ішкі жан дүниесі бұлқынып, серпіліп жатқаны көз алдымызға келді. Тыңдарман әуенге арбалып отырғанда ән саябырсып барып аяқталғандағы ресейлік әріптестердің тамсанысы әлі есте. Сол жолы қол шапалақтау, суретке түсу, әншіге сый-кәде ұсыну, қошеметтің өзге де түрлері кездесудің шыңы болып еді.

...Дананың мәдениеті, өнер мұратына адалдығы, әріптестеріне ілтипаты көпке үлгі. Біз білетін саңлағымыз күй талғамайтын, шаршау дегенді білмейтін. Әрдайым белсенді концерттік формада, кең репертуарда болу ол кісінің адамдық, өнерпаздық кредосы, серті еді. 2008 жылы Шымкенттегі романсиада конкурсына Мәскеуден арнайы келген әйгілі Н.Брегвадзе конкурс жетекшісі Г.Преображенскаяның кеңесімен Дананың өнеріне қанық болып, өзінің мерейді асырар жақсы әсерін айтқан болатын.

...Өнер аспанына бірден жарқ етіп көтеріліп, бүкіл саналы, шығармашылық жолында өз сертіне берік болған нағыз сахна жұлдызы, тамаша әнші Дана Бекенованы қалай мақтасақ та болады. Ондай өнерпаздардың ізденімпаздығын, репертуарындағы талғамын, кісілік келбетін кейінгі толқынға үлгі етер шараларды қолға алу – оның шығармашылық мұрасы филармония музейінен, фонотекасынан орын алса, ұрпақтар сабақтастығына ұласпай ма?!

Ұлылардың жұрнағындай болған әнші, дара дарын иесі Дана Шәдіқызы Бекенованы да еске алып тұратын шаралар қолға алынар деп үміттенеміз. Өйткені, ол санамыздағы қазіргі тренд болып тұрған, әрі біздің рухымызға, мәдениетімізге сәйкес мазмұнды үрдіске үндес тұлға еді ғой.

Асқар ӘЛИХАН.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ