ШЫМКЕНТ – ІРІ МЕГАПОЛИСТЕР ҚАТАРЫНДА

Мамыр 19 / 2018

 

Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

 

– Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономиканың жаңа цифрлық моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты.

– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлық инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлық сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жер шары тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі екеніне және ауызсу тапшылығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.

– Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

ХХІ ғасыр ортасында дүние жүзінде мегаполистердің дәуірі туып, олардың арасында бәсекелестік орнайды. Осындай ой айтқан Н.Назарбаев агломерацияны дамыту стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

Осы ретте Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын қолға алып отыр. Бұрын миллион тұрғыны бар қала жалғыз Алматы шаһары болса, қазір Астана мен Шымкент осы қатарға қосылды. Бұл процесс одан әрі жалғаса беретін болады. Яғни елордамыз Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу бекер қолға алынып отырған жоқ деуге болады. Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық трендтердің бірі ретінде энергетикалық революцияны, әлемнің таза энергияға бет бұрғанын атап көрсетті.

– Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халық-аралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу гранттарының саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ