«Қазатомөнеркәсіп» аймақты дамытуға қолдау көрсетіп келеді

Мамыр 19 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовпен кездесті. Басқосуда аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

 

Кездесу барысында тараптар компанияның әлеуметтік нысандарын Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарады.

Облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы кәсіпорындар сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына ұдайы қолдау көрсетуі керектігін айтты.

«Қазатомөнеркәсіп шағын және орта бизнестің 80-нен астам өкілін тапсырыспен қамтамасыз ету арқылы отандық тауар өндірушілерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. 2017-2018 жылдары компания облыс кәсіпкерлерімен 101,6 млрд. теңгеге түрлі келісімшарттар жасасты. Осы екіжақты ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, кәсіпорындар өздері орналасқан Созақ ауданындағы әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысып тұруы қажет» деді облыс әкімі.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов ұлттық атом компаниясы аймақты дамыту, тұрғындардың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру бойынша өз міндеттемелерін толық орындап отырғанын жеткізді.

Айта кетерлігі, компанияның 2017 жылдағы салық төлемдерінің жалпы сомасы 73 млрд. теңгеден асқан болса, соның 8,2 млрд. теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетіне аударылған. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартқа сәйкес, былтыр аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін облыс бюджетіне 873 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ