Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Нәтижелі жұмысты талап етті

Мамыр 19 / 2018

 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы өтті.

 

Отырысқа ведомствоаралық комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері және прокурорлар, ішкі істер органдарының, жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Сейдуәлиев, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары С.Абдуллаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Е.Бөлегенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Ә.Жорабеков баяндама жасады.

Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Оңтүстік Қазақстан облысындағы құқықбұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуәлиевті тыңдаған облыс әкімі жергілікті полиция қызметі құрылған 2016 жылдан бері халық алдында есеп бермегенін сынады. Сонымен бірге айтылған тапсырманың тиісті деңгейде орындалмайтынына тоқталып, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Жиында қаралған басқа да мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала басшыларына кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің демалыс уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруды, жасөспірімдермен жасалатын қылмысты болдырмау үшін жасақталған алдын алу іс-шараларының тиімділігін зерделеп, жаңа әдіс-тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Қылмыстардың басым көпшілігі жұмыспен қамтылмағандармен жасалатынын айтқан облыс әкімі халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын бақылауға алынуын, тиісті басқармамен бірлесіп жұмыссыздардың санын төмендету бойынша жоспарлы түрде нақты іс-шаралар жүргізуді жүктеді.

Облыс прокуратурасымен бірлескен отырысты қорытындылаған өңір басшысы мәжіліс барысында айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерді хаттамаға енгізіп, нәтижелі жұмыстар атқаруды жүктеді.

Аталған жиында мәлім болғандай, облыс аумағында 2018 жылдың 4 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы құқықбұзушылық 8,8 пайызға төмендеген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ