Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Қызмет сапасы қадағаланады

Мамыр 19 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша комиссия отырысы өтті. Облыстық мәслихаттың депутаты Әділхан Исабаев төрағалық еткен жиында халыққа қызмет көрсету орталығының қызмет көрсету сапасы, ХҚКО-ның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі жайы талқыланды.

 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

КЕ АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітов баяндама жасады. Орталық директорының айтуынша, бұған дейін айтылған кемшіліктерді түзету үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. Алайда, Мақтаарал аудандық ХҚКО-да әлі де түйінді мәселелер көп. Орталық екінші қабатта орналасқандықтан, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына ыңғайсыздық туғызады. Сондықтан жыл аяғына дейін жаңа ғимарат салынып, талапқа сай заманауи қондырғылармен қамтамасыз ету жоспарланған.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының аудан, қалалардағы филиалдарының қызметкерлері тарапынан аудан, қалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаншалықты қолжетімділігіне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Комиссия төрағасы Әділхан Бегалыұлы Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Кентау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында анықталған кемшіліктерді атап көрсетті. Күту залы тар, арнайы автотұрағы жоқ орталықтарға партиялық бақылау күшейетінін жеткізді.

Жиында шалғайдағы елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Абзал Әліқұлов баяндады.

– «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 177 елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ал, «Транстелеком» қазіргі таңда 123 елді мекенде топотүсірілім жасап, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде, – дейді Абзал Шымкентбайұлы.

Комиссия отырысына қатысушылар жүйеде қиындық туғызған мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып, өзара пікір алмасты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ