Мәдениет майталмандарының мерейі асқақтады

Мамыр 19 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 5 мыңға жуық мәдениет қызметкері жемісті қызмет атқаруда. 17 мамыр күні Түлкібас ауданындағы «Ақшатыр» демалыс орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Сала қызметкерлерімен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы кездесіп құттықтады.

 

«Рамазан айымен тұспа-тұс келген төл мерекелеріңіз құтты болсын!» деп құттықтау сөзін бастаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасымыздың мәдениет саласын әр кез басты назарда ұстайтынына ерекше тоқталып, облысымыздағы мәдениет саласындағы сүбелі жетістіктерімізді саралады. Облысымыздың мәдениет пен өнер қайраткерлері халықаралық сайыстарда да топ жарып жүргеніне айрықша тоқталып, оларға алғысын білдірді. Мәдени шара барысында белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт та өз лебізін білдірді. «Мәдениеттің мерейгерлері, жақсылықтың жалаугерлері, өнердің өрендері төл мерекелеріңіз құтты болсын, Рамазан айы құтты болсын» дей отырып, мәдениет саласында атқарылған игілікті істерге тоқталды. Әрқашан мәдениетке көңіл бөліп, жанашырлық танытатын, қолдап жүретін облыс әкіміне ризашылық білдірді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Сапарбай Өтемісұлы, археолог Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының солисі Үрәлхан Сейілбекова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген жобалардың облысымызда жүзеге асырылуы жөнінде өз ойларын ортаға салды.

«Мәдени қызмет – мерейлі міндет» тақырыбында өткен осынау мерекелік кеште облыс әкімі Ж.Түймебаев облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан өнер қызметкерлерін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында Шойбек Орынбай, Мұхтар Шерім, Мұрат Бекей сынды қаламгерлер де бар. Сондай-ақ, өңіріміздің аудан, қалаларында мәдениет пен тілдің жанашыры болып жүрген азаматтар облыстық мәслихаттың грамотасын, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатын иеленді. Осы күні «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» фестивалінің жеңімпаздары анықталып, олар да арнайы жүлделерге ие болды.

Мерекелік шара әсем табиғат аясындағы ақ дастарқан басында жалғасын тапты. Танымал өнер саңлақтары әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, мереке көрігін қыздыра түсті.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ