Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1401 лайк

Оңтүстіктің аумақтық әскерлері үздік атанды

Мамыр 19 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кеше Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында әскерге шақырылған облыс жастарын шығарып салуға арналған салтанатты жиын мен ҚР Қарулы Күштері аумақтық әскерлері «Оңтүстік» аумақтық горнизонының әскери шеруі өтті. Аталған шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров қатысты.

 

– Қарулы Күштер – кез келген мемлекеттің айбыны мен тірегі, тәуелсіздігінің негізі. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерін дамытуға, әскерилердің біліктілігін арттыруға, олардың әлеуметтік мәселелерін толық шешуге, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіруге баса назар аударылып келеді. Жақында өткен Отан қорғаушылар күні мерекесінде Елбасының қатысуымен кең ауқымды әскери шеру өтіп, онда Қазақстан армиясының бар күш-қуаты мен әскери дайындығы көрсетілді. Соның ішінде аумақтық әскерлер де өз міндеттерін мүлтіксіз орындауға тас- түйін дайын екенін көрсете білді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімі биылғы көктемгі шақыру кезінде Оңтүстік Қазақстан облысынан әскер қатарына 2 500 жас сарбаз аттанғалы тұрғанын айтып, оларға сәт-сапар тіледі.

Мұнан кейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Мұхтаров сөз алып, Елбасының Жарлығымен құрылған аумақтық әскерлердің қорғаныс жүйесі маңызды орынға ие болып үлгергенін атап өтті. Генерал-лейтенант әскери дайындық бойынша республикалық жарыста бірінші орынды иеленген Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық әскерінің сарбаздарын құттықтап, оларға Алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында Отан қорғаушылар күніне орай өткізілген әскери парадқа атсалысқан бірқатар сарбаздар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Іс-шараның соңы салтанатты шеру мен мерекелік концертке ұласты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ