Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1401 лайк

Директорлар конкурс арқылы тағайындалады

Мамыр 19 / 2018

 

Білім беру мекемелеріне басшы тағайындауда арнайы конкурс өткізу ісі – Шымкентте біраз уақыттан бері жүзеге асып келе жатқан игі істердің бірі. Тіпті, Шымкенттің бұл әдісі бүгінде өзге облыс, қалаларға үлгі ретінде ұсынылып та жатыр.

 

Жақында қаладағы екі мектеп директоры және бір балабақша меңгерушісі дәл осы әдіспен, яғни, ашық конкурс өткізу арқылы тағайындалды.

Атап айтқанда, Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Г.Титов атындағы №20, Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназия директорлары мен №49 «Жасұлан», №50 «Нұр-бөбек» бөбекжай балабақшаларының меңгерушілерін тағайындау мақсатында конкурс өтті.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, конкурсқа мектеп директорлығынан үміткер – 11, балабақша меңгерушісі лауазымынан үміткер 15 азамат қатысқан.

Үміткерлерге қойылған талап өте қатал болғанына қарамастан мамандар өздерінің біліктілік дәрежесін көрсетуге мүмкіндік алған. Олар ең алдымен ұжымды басқару әдісін көрсетіп, комиссия мүшелеріне оны дәлелдеуге тырысты.

Нәтижесінде №7 мектеп-лицейге Раушан Әлмаханова, №20 мектепке Дана Дәрмен директор болып тағайындалды. №50 «Нұр-бөбек» балабақшасының меңгерушісі лауазымына Айдана Сыдықова лайық деп танылды.

Ал, №64 мектеп директоры мен №49 балабақша меңгерушісін тағайындау үшін тағы да конкурс өткізу туралы шешім қабылданған.

«Мұндай шешімді қала әкімі төрағалық еткен комиссия мүшелері ғана емес, мектептер мен балабақша ұжымдары, ата-аналар комитетінің өкілдері бірге қабылдады» дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ