Бейітінің басында Құран оқығысы келеді

Мамыр 19 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Сарыағаш ауданының тұрғыны Батырбек Адимбаевтың Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен әкесінің ағасы Әзімбай туралы дерек іздеп жүргеніне үш жыл болды. Қайда барып, қайдан сұрау салса да еститіні бір жауап: «хабар-ошарсыз кеткен»...

 

Батырбек ағаның өз әкесі Қалдыбек соғыста қолынан жараланып елге қайтады. Өзі кішкентайынан әжесінің қолында өседі. Ол кісі ұлы кеп қалар деген үмітпен күнұзақ қайта-қайта жолға қарайлап өмірін өткізді. Осы көрініс Батырбек ағаның мәңгі жадында қалып қойған. Есейген шағында атасының жатқан жерін іздеуге кірісуге түрткі болған да осы жайт.

2015 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық әскери комиссариаттарға хат жазғанымен, тек әлгіндей жауап алып отырған. Әскерге 1941 жылы қазіргі Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданынан кеткен Әзімбай Адимбаев хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде. Үмітін үзбеген Батырбек Өзбекстан Республикасына да сұрау салған. Өзбекстанның қорғаныс министрлігінен де «ешқандай дерек жоқ» деген жауап алады.

2016 жылдың қазан айында атасы туралы дерек табылады. «Награда иелері» деп аталатын сайтта Әзімбай Адимбаевтың қай майданда болғаны, қандай наградалар иеленгені анық жазылған. Аға сержант Әзімбай Адимбаев 549-атқыштар дивизиясының құрамындағы 127-атқыштар полкінің мергені болған екен. Сайтқа орналастырылған құжатта 1943 жылдың 19 шілдесінде 3-атқыштар батальонының мергені Әзімбай Адимбаев 6 фрицтің көзін жойып, өзінің жараланғанына қарамастан шайқасты тоқтатпағаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны көрсетілген. Ал, 16 тамыздағы кезекті шайқастардың бірінде жауынгер ерлікпен қаза тапқан.

Міне, осы деректерді тауып, көңілі жайланған Батырбек ағаның ендігі арманы – Ресей Федерациясының Ростов облысы, Кубышев ауданы, Кубышев селосының солтүстік-батысындағы майдангер атасының бейітінің басына барып, туған жердің бір уыс топырағын салып қайту. «Мұрағат деректері бойынша мұнда 274 жауынгердің сүйегі жатыр. Оның басым бөлігі қазақтар екен. Мұсылман емеспіз пе, ағамыздың жатқан жеріне туған елдің бір уыс топырағын салып, басында отырып әруағына Құран бағыштап қайтсам деген ой көңілімнен кетпей жүр. Әжем жарықтық та бір аунап түсер еді» дейді Батырбек аға.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ