Ардагерлерді ардақтау – адамдық борыш

Мамыр 19 / 2018

 

Адамзатқа апат әкелген фашистік басқыншыларды өз ұясында тас-талқан еткен Ұлы Жеңіске биыл 73 жыл толды.

 

Екінші дүниежүзілік соғыс – ондаған миллион адамның өмірі қиылған адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс. Сол жылдары республикамыздың алты миллион тұрғынының 20 пайызы майданға аттанды. Олардың жартысы оралған жоқ. Елімізден соғысқа аттанғандардың ішінде он бір мыңға жуығы қазіргі Арыстың төңірегін мекендеген азаматтар еді.

Ұрпағының келешегін ойлаған бабаларымыздың сол соғыстағы ерлігі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Қасиетті де қастерлі Отанын қорғау жолында қан төккен шейіттерді жыл сайын еске алып, рухына тағзым ету – ата-бабаларымыздың рухы алдындағы перзенттік парызымыз. Аталарымыз бен әкелеріміз жанын салып қорғаған туған жеріміздің әрбір сынық сүйемін көздің қарашығындай сақтау кейінгі ұрпақтың ең басты құндылықтарының бірі болып қалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ел тағдыры, жер тағдыры таразыға түскен сын сағатта біздің аға буын бар ауыртпалықты мойнына алып, ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Бұл соғыста қазақстандық азаматтарымыз ерлік пен қаһармандықтың ең жоғары үлгісін көрсете білді. Соғысқа аттанған қазақстандықтардың ішінен 497 адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Сырдария мен Арыс өзенінің арасындағы жомарт жер – Арыс аймағы да халқымыздың бағына туған қайсар перзенттері, алты бірдей Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаев, Иван Журба, Нағи Ілиясов, Берген Исаханов, Садық Исмайлов, Ережепбай Молдабаев сияқты қаһармандарды тәрбиелеп өсірді.

Туған жері үшін, ұрпақтарының жарқын болашағы үшін өз кеуделерін оққа тосқан ардагерлер ерлігі расында өлшеусіз. Жастарға ерлік пен елдікті дәріптеп, олардың бойында туған жерге деген махаббатты, дәстүрге адалдықты қалыптастыру мақсатында Арыстан соғысқа аттанған батырлардың ерліктері үнемі дәріптелуде. Өскелең ұрпақтарды отансүйгіштікке баулып, жанына шуақ, тәніне қуат беріп, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуға үйрететін тағлымды құндылықты тәрбиелік іс-шаралар Арыс қаласында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес биыл да Батырлар алаңында әскери парад пен Жеңіс саябағында жеңімпаздар шеруі ұйымдастырылып, Жеңіс монументіне гүл шоқтары қойылды. Жат жерде мәңгілікке дамыл тапқан жерлестеріміздің рухына Құран бағышталды.

Майдандағы секілді тылда қажырлы еңбек еткен Арыс қаласы тұрғындары да аз емес. Олар теміржол қозғалысын, пойыздардың үздіксіз жүріп-тұруын қамтамасыз етіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қоса білді. Тек қана майданда емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.

Майданнан оралғандар мен тыл ардагерлері соғыстан кейінгі жылдары да аянып қалған жоқ. Олар күйреген экономиканы қалпына келтіруге, соғыс зардаптарын жоюға өлшеусіз үлес қосып, бейбіт өмірге, қызу еңбекке белсене араласты.

Арыс қаласындағы білім беру мекемелерінде «Ерлікке мәңгі тағзым» атты шаралар ұйымдастырылып келеді. Ол іс-шараларда соғысқа қатысқан қазақстандықтардың және де жерлестеріміздің ерліктері мектеп оқушыларына баян етіледі. Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Б.Оңтаевты еске түсіруге арналған бокстан ХХХІ халықаралық турнир жоғары деңгейде өтті. Турнирге посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден де жас спортшылар қатысып, атамыздың рухына тағзым етті.

Арыс қаласында жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілген 632 азаматқа қаржылай сый-сияпат беріледі. Соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және соларға теңестірілген 632 азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Өскелең ұрпақ бойында адамгершілігі жоғары азаматты және өз Отанының патриотын тәрбиелеу «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында қаламыздағы Батырлар алаңында, Жеңіс саябағында аталарымыздың ерліктеріне тағзым жасау іс-шаралары өткізіледі.

Біз аға буынның алдында әрдайым қарыздармыз. Олардың алдындағы борышымызды ешқандай сый-сияпатпен де, құрметпен де өтей алмаймыз. Дегенмен, бұл алапат соғыстағы жеңістің қалай келгендігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыру, сол жолда қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген азғантай ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету – біздің адамдық борышымыз.

Амантай БАЙТАНАЕВ, Арыс қалалық мәслихатының хатшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ