Әке аманаты орындалған күн

Мамыр 19 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс қаншама адамның тағдырын тас-талқан етті, қаншама адам ажал құшты, қаншама адам хабар-ошарсыз кетті, қаншама ұл мен қыз жетім өсті?! Соғыс өртінің сөнгеніне жетпіс жылдан асса да хабарсыз кеткен әкесіне, туыс-бауырларына іздеу салғандардың легі толастаған емес. Тіпті, күні бүгінге дейін жалғасуда. Бірінің табанынан таусылып іздеген еңбегі еш кетіп жатса, енді бірінің үміті ақталып, сөнген оты қайта жанғандай қуанышты күй кешуде. Арада 73 жыл өтсе де атасының бейітін іздеуден жалықпаған сондай жандардың бірі – елімізге белгілі азамат, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың үміті ақыры ақталды.

 

Мырзағалидың әкесі Құланға майданда қаза тапқан әкесінің бейітін табу өмір бойы арман болып өтті. Сол арманын жас өскіні Мырзағалиға аманаттап отыратын қайран әке. Сол кезден бастап бозбала Мырзағалидың көкейінде арман оянады. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары ол осы арманын орындауға қатты кіріскен екен.

– Атам Айтжан Ережепұлы 1942 жылы соғысқа аттанған екен. Арада 2 жыл өткен соң елге қаралы хабар келеді. Әкеміздің аузынан естуіміз бойынша атамыз Украинаның Харьков қаласында қаза тапқан көрінеді. Алайда, нақты деректер болмаған соң оның жатқан жерін табу мүмкін болмады. Спорт саласында жүрген соң шетелдерге жиі шығамыз. Сондай сапарлардың бірінде Украинадағы спортшы достарымды араға салып жүріп, атамның жатқан жерін таптым. Атам Харьков қаласының бір орманында жерленген екен. Қасында майдандас достарының бейіті тұр. Әскери бөлімшедегі мәліметке сенсек, бір рота түгелдей Харьков үшін шайқаста сол орманның ішінде ерлікпен қаза тапқан екен. Мүрделері де сонда қойылыпты, – дейді Мырзағали Айтжанов.

Мырзағали аға әке аманатын ақыры орындап, атасының жерленген жерін тапты. Бір уыс топырағын елге әкеліп, туған жері Шымкенттің іргесіндегі Қарабастау ауылындағы бейітке қойып, елді жинап, әруақтардың рухына Құран бағыштады. Бұл игі шараға зиялы қауым өкілдері, спорт саласының саңлақтары, Қарабастау ауылының тұрғындары қатысты.

– «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Бүгін біз көпшілікке үлгі болар істің басында тұрмыз. Мырзағали бауырымыз жер-жерді шарлап, атасының бейітін тауып, топырағын туған еліне әкеліп отыр. Бұл – үлкен ерлік, азаматтықтың биік шыңы. Сол іске куә болып отырмыз. Елдің рухын көтеру үшін септігі мол іс деп білемін. Көп ақыл айтып, кеңес бергеннен гөрі осылай бір іспен-ақ үлгі көрсетуге болады, – деді белгілі қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов.

Иә, расында да Мырзағали Айтжановтың бұл ісі көпке үлгі боларлық іс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен ұрпақтар сабақтастығының ел ішіндегі жарқын үлгісі де осы емес пе?!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ