Руханият 0 пікір 1393 лайк

«Өмірзақ Оспан қайда жүр?»

Мамыр 19 / 2018

 

Бұл сауалдың жауабына бүгінгі шығармашылық кеште қанығасыз

 

Бұл екі ғасырдың тоғысында болған жаңалық. Тыңдармандарға бүгінде елімізде үшінші қала атанып отырған Шымкенттің көрік-келбетін, саяси мән-мағынасын ашып көрсететін ән ұсыну қажет болды. Композиторлар арасында қаншама жарыс-байқаулар жарияланды. Ол байқауларда жақсы әндер болмай қалған жоқ. Бірақ, жалпы халыққа ұнайтын, Шымқаланың шырайына жараса кететін ән өз кезегін көп күтті. Ақыры дүниеге келді! Ол – «Шымкентім – шырайлым» әні еді!

Иә, иә, қателескен жоқсыз, кәдімгі «ә» дегенде ауызға орала кететін «Жастары бұлбұлдай сайраған» деп келетін ән. Әннің авторы – Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспанов. Сөзін жазған – Әбілда Аймақ. Бұл ән байқауда тұсауын кескен сәттен бастап көп ортасына түсіп, тыңдармандардың сүйіктісіне айналып кете барды.

Сол тоқсаныншы жылдардың ішінде барлық шымкенттіктердің жүрек лүпілімен бірге соққан ән осылай пайда болды. Ол әннің:

Жасарған Шымқала –

Көненің көзі едің.

Келбетің нұр қала,

Өзіңсің – өзегім, – деп басталатын сөзінің өзі шаһардың өткені мен бүгінін жалғай түсіп, нағыз тарихи саз болып шықты. Сол әуенді тыңдаған әр адам көрікті қаламызға ғашық бола түсті. Өйткені, ол әннің ғажаптығы сонда, әр тыңдарманның өзегін жарып шыққан перзентіндей ыстық сезіліп кетті. Ал, әннің авторы Өмірзақ Оспанның кім және қай қалада тұратынын ешкім сұрап та жатпады...

Есімізге ақын Әбілда Аймақтың бір кездері замандасы Өмірзақ Оспанның композиторлығын сүйіншілеп жазған пікірі түсе береді. Ол сөз қала жастарының ғана емес, әрбір тұрғынының сүйіктісіне айналып кеткен «Шымкентім – шырайлым» әнімен аттас әндер жинағына алғысөз ретінде басылып шыққан еді.

Сонымен, Әбекең былай деген еді: «1970 жылдары қалада, ауылда жастар арасында түрлі кештерде «модаға» айналған әндер шырқалатын. Оған жұрттың бәрі қосылатын. Көңіл көшінде сүрленіп қалған сол әуендер «Шымкенттегі сұлу қыз», «Әппағым-ай, әппағым», «Әке-шешем үйлен дейді маған», «Аяла өзің мені» тәрізділер еді. Әрине, ешкім де бұл әндерді кім шығарды деп жатпайтын, тек аузынан тастамайтын. Шындығында да осынау әуендердің авторы өзімізбен бірге Шымкент музыка училищесінде оқыған Өмірзақ болатын. Ол кезде ет пен терінің арасындағы желік пе, жоқ жастық шақтың алаулаған жалыны ма, әйтеуір Өмірзақ өзінің гитарасымен ән айтудан жалықпайтын. Ал, біз оны қанша тыңдап жүрсек те, біліп жүрсек те композитор деп ұқпайтынбыз».

Осы жазба қағаз бетіне түскелі тура 18 жыл өткенде, яғни 1988 жылы Өмірзақ Оспан облыс жастарының «Жігер» фестивалінде алғаш рет композитор ретінде Кұрмет грамотасына ие болды.

Іле-шала өткен «Біркөлік–88» ән фестивалінде де кұрметке ие болып, «Біркөлік–89»-дың талассыз жеңімпазы атанды. Облыс композиторлары арасында өткен «Темірлан–90», «Темірлан-94» байқауларында да бірінші орынды иеленді.

Кейде қырғыздың мұңды сарынын қазақтың шерлі әуендеріне ұштастыратын, қайсыбірі халық сазына жаңа мазмұн бергендей әсер қалдыратын әндерді тыңдаудан жалықпайсың. Кей-кейде ол әуендер Өмірзақтың өз ауылына, салқар Сыр бойы мен шежірелі Шиеліге жетелей түседі. Иә, Өмірзақ Оспан 1955 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауылында дүниеге келген.

Тақырып таңдауда танымы жоғары, ел өміріндегі әр жаңалыққа елгезек көңілмен қарайтын композитордың «Астана», «Шымкент медициналық колледжінің әнұраны», «Қазақстандық әскери қыздар маршы» әндері республикалық алтын қорға енген.

Өмірзақ Оспанның термешілік қыры республикалық «Шалқар термесі» байқауында кеңінен танылып, осы аталған терме сайысының 2001, 2002 және 2004 жылғы арнайы дипломдарын жеңіп алғаны көпке мәлім. Сондай-ақ, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының жетпіс жылдығына орай өткізілген «Әуелетсек әуенін Отанымның» патриоттық әндердің облыстық байқауында «Көрермен көзайымы» дипломы және арнайы жүлдемен марапатталды. 2003 жылы республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауында дипломант атанды.

Сондай-ақ 2006 жылы республикалық «Шалқыған Шардара» ән байқауында «Әнді халықтық дәстүрде орындағаны үшін» дипломымен және «Көрермен көзайымы» жүлдесімен марапатталды. Өскен орта, ыстық шаңырақ – Шымқалаға арнаған әні 2007 жылы республикалық «Шымкент қаласы туралы ән» байқауында 1-ші орынды иеленіп, 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды, композитордың өзі лауреат атанды. Ал, 2008 жылы өткен «Біз естімеген ән» тележобасында орындаған сөзін де, музыкасын да өзі жазған «Сенсің» әні үшін «Үздік ән» номинациясы бойынша арнайы диплом иеленді.

2010 жылы Ұлы композитордың 80 жылдығына орай Шымкент қаласының жүрек тұсынан орын тепкен Шәмші Қалдаяқов гүлзары ашылды. Осы гүлзарға ерекше көрік беріп тұрған «Жұлдыздар» аллеясындағы мәрмәр тасқа жақсылыққа, жаңалыққа жаны құштар Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспанның дарыны мен таланты жоғары бағаланып, есімі қашап тұрып жазылды. Бұл құрмет Өмекеңнің өнерге ғана емес, өнерсүйер қауымға деген үлкен махаббатына берілген баға болса керек.

Өмекеңді халыққа жақындататын қасиеттерінің бірі – ол расында да өзгенің бойынан жылт еткен жалын көрсе, соны алаулатып жаққанша немесе соның отына жылынғанша дегбір таппайды.

Ал, ерекше қуанған кезінде бар ма, Өмекең барлық таныстарына телефон шалып, олардың да бірге шаттанғанын қалап тұрады. Қашанда бала көңіл, ақ пейіл, аңқылдақ мінез Өмірзақтың қуанышын еселей отырып, талай биіктерді бағындыруына біз де тілектес болайық, ағайын.

Тағы бір қуанарлық жағдай, жақында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығындағы әріптестері Өмекеңнің композиторлық жолын жаңғыртып, өнерсүйер қауымға «Сырлы әнім» атты ән кешін ұсынғалы отыр. Осы кеш «танымал композитор Өмірзақ Оспан қайда жүр?» деген сауалға жауап берер деген ойдамыз.

Лесбек МАЯМЕРОВ, ҚР мәдениет қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ